Халық саны 20 миллионнан асқан Қазақстанда әрбір оныншы адам артық салмақтың зардабына шырмалған. Балалар арасындағы семіздік кеселі бойынша АҚШ-тың деңгейіне жеттік. «Бірінші байлық – денсаулық» дейтін елдің саулығына қаншалықты сыралғы қарайтыны соқырға таяқ ұстатқандай белгілі болып отыр.
Денсаулық сақтау, Туризм және спорт министрліктері, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында саламатты болашақ жайында ұлттық форум өтті.
Қазақ тағамтану академиясының жүргізген зерттеуі бойынша, артық салмақ арқалап жүргендердің басым көпшілігі – ересектер, тіпті 50%-ға жуығын осы мәселе мазалайды. Ал балалардың 15%-ның салмағы жас ерекшелігіне, даму деңгейіне сай емес, артық салмақты арқалап келеді. Мамандар мұның басты себебі физикалық қозғалыстың кемшін соғып, артық қимылдың аздығынан дегенді алға тартады. Дәрігерлердің пайымдауынша, адамның сергек жүруінің 52%-ы белсенді өмір салтына, 42%-ы медициналық көмекке байлаулы.
Ұлттық форумның тақырыбына осы мәселе арқау болды. Ұлт денсаулығына төнген қауіптің бұлтын сейілтіп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үндейтін басқосуда бірқатар өзекті мәселе қамтылды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлт денсаулығы қашанда басты назарда тұратынына тоқталды.
«Кез келген мемлекет үшін ең үлкен байлық – ұлтының саулығы. Кейінгі 10 жылда елімізде бала туу көрсеткіші жақсарып, жыл сайын 400 мыңға жуық сәби өмір есігін ашады. Нәтижесінде, халық санының өсуі 34%-ға жетті. Кейінгі бес жылда 60 жастан асқан азаматтардың саны 28%-ға артты. Десе де әлем елдері зардабын тартып отырған жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулардан туындайтын өлім-жітім көрсеткіші әлі де жоғары», деді министр.
Сала басшысы жастардың репродуктивті және психикалық денсаулығын қорғау маңызды екенін атап өтіп, орталықтардың жұмысын қайта жандандыру керектігін жеткізді. Биыл күзде Адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу жұмысы жүзеге асады. Дұрыс тамақтану жүйесі де – ұлт саулығының кепілі. Халықтың тұзды тұтыну көрсеткіші нормадан тым көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақ тағамтану академиясының тұжырымы бойынша халықтың тәулігіне тұтынатын тұзының мөлшері – 17,8 грамм. Талап бойынша бір тәулікте 5 грамнан аспауы керек. Тұзды шамадан тыс қолдану да созылмалы аурулардың жабысуына түрткі болады. Бұл ретте А.Әлназарова Денсаулық сақтау министрлігі тұзды тұтынуды азайту бағытында Жол картасын әзірлеп жатқанын атап өтті.
Ұлт саулығын нығайту жолындағы келелі мәселе Парламент мінберінде де сан мәрте талқыланды. Нәтижесі де жоқ емес. Жұқпалы аурулар санатына жатпайтын сырқаттардың алдын алу жайы заңнамалық деңгейде қаралып, темекі өнімдеріне акциз ставкасын көтеру арқылы да шылым шегуді азайту бағытында жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Маусым айынан бастап вейпке, хош иістендіргіш пен сұйықтықтарын қолдануға толық тыйым салынды. 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындарды вендинг аппарат арқылы да сатуға рұқсат етпейді. Мұның барлығы – саламатты өмір салтын ұстануға бағыттайтын бастама.
Бала болашағымыз дейміз, бірақ 6-9 жас аралығындағы балалардың 21%-ы артық салмақ арқалап жүрсе, 14 жасқа дейінгі жеткіншектердің арасында ас қорыту жүйесінің ауруы – екінші орында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балаларды артық салмақтан арылтуда жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тұтыну үшін жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету маңызды екенін ескертеді.
Форумда Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев сауықтыру туризмі ел экономикасына табыс әкеліп қана қоймай, халықтың денсаулығын нығайтуға орасан септігін тигізетінін атап өтті. Әлемдік сауықтыру институтының сараптауы бойынша туризмнің осы саласы әлемде, оның ішінде Қазақстанда да едәуір қанатын жайып дамып келеді. Вице-министр 2020 жылғы пандемия кезіндегі ахуалдан кейін сауықтыру туризміне деген сұраныс күрт артқанын атап өтті. Ковид кезіндегі шектеулерге байланысты 2020 жылы сауықтыру туризмінен түскен табыс төмендесе, одан кейінгі жылдары еселеп артқанын жеткізді.
«University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя жүрек-қантамыр аурулары туралы халықты құлақтандырып, ақпаратпен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып, жіті тексеруден өтуге үндеді. Білікті маман АҚШ-та жүрек сырқатына шалдыққандардың саны артқанын, халықтың жүрек-қантамыр ауруларының алдын алып емделуге келгенде тым салғырттығы осыған әкелгенін жеткізді. Ұлттық форум аясында спорттық инфрақұрылымды жандандыру, саламатты ұрпақ қалыптастырудың стратегиясын құрудың өзектілігі талқыланды. Қашанда саламатты өмір салты мемлекеттің экономикасына әсерін тигізеді.
Екі күнге ұласқан форум барысында алғаш рет Capital Health марапаты да тапсырылды.