• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 03 Тамыз, 2024

Энергия тапшылығы қалай шешіледі?

229 рет
көрсетілді

Соңғы кездері энергия тапшылығы туралы мәселе жиі қозғалып жүр. Жылдан-жылға халық санының көбеюі, жаңа кәсіпорындардың ашылуы, жалпы экономиканың өсуі электр энергиясының тұтыну көлемін айтарлықтай арттырды.

Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, былтыр электр энергиясын тұтыну көлемі 115 млрд кВтсағ (2022 жылы 112,9 млрд кВтсағ) болған. Сонымен қатар биыл жыл басында энергия стансаларының жалпы қолда бар қуаты – 20,4 ГВт, жұмыс қуаты 15,4 ГВт-ты көрсеткен. 2030 жылы электр қуатына қажеттілік – 28,2 ГВт, 2050 жылға қарай 32-36 ГВт-ты құрайды деген болжам бар. Сұранысты қанағаттандыру үшін тозығы жеткен электр стан­са­ла­ры­ның жұмысын тоқтатып, қайта жаңғыртуға ток тарататын жаңа қондырғылар қажет.

 Энергия өндіру нысандарының қазіргі күйі

Бүгінде елімізде 220 электр стансасы жұмыс істейді. Оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бар. Электр өндіру жүйесіндегі негізгі қиындық энергия өндіру нысандарының істен шығуы болып отыр. Өткен ғасырдың екінші жартысында салынған жылу электр орталықтары бүгінде күрделі жөндеуді талап етеді. Ал жөндеу көрмеген нысандар ірі апаттарды тудырып жатыр. Оларды күрделі жөндеуден өткізу үшін ең алдымен ұзақ уақыт қажет, одан кейін жөндеу барысында энергия нысандарын кезекпен тоқтатып қоюға тура келеді.

Былтыр елімізде 9 энергоблок, 46 қазандық және 46 электр стансасының турбиналары күрделі жөндеуден өткен. Жалпы, өндіруші жабдық орта есеппен 65%-ға, электр желілері 83%-ға, жылу желілері 80%-ға тозған. Апаттың артуы 17%-ды құраса, оны жөндеудің ұзақтығы 44%-ға ұлғайған. Электр энергиясының импорты есебінен электр стансаларына толық көлемде жөндеу жүргізілгенімен, қауіптілік әлі де жоғары деңгейде. Бір жыл бұрын 150-500 МВт шамасында елдегі қуаты жоғары блоктар мен корпустар 234 мәрте апатты түрде өшірілген. Электр стансаларында орын алған жоспардан тыс және апаттық жөндеулер салдарынан жылу беру науқанында қуат 15,1 ГВт-қа әрең жеткен. Энергия жүйесінде 3,5 ГВт-қа дейін тапшылық байқалды.

Сонымен қатар көмірден бас тартуды білдіретін көміртек бейтараптығы мәселесі өзекті болғанымен, өндірілетін энер­гияның 60%-ы көмір арқылы жүзеге асырылып отыр. Ал жаңар­тылатын энергия көздері бел­сенді дамып жатыр делінге­ні­мен, климатқа тәуелділігі оның пайдалану көлемін шектейтінін атап өткен жөн.

Энергия тапшылығын АЭС шеше ала ма?

Тұтыну көлемінің шамадан тыс артуы электр энергиясын өндірудің жаңа негізгі көзін енгізуді керек етеді.

«Экономикамызды дамытамыз десек, өндіріске тұрақты қуат көзі қажет. Айтылып отырған жел мен күн – тұрақсыз энергия көзі. Тұрақты энергия көзі деп гидро, көмір және атом электр стансаларын айта аламыз. Қазір адамдар тұрмыстық жағдайда техникалық құралдарды жиі қолданады. Ал олардың бәріне жоғары кернеулі энергия қажет. Оны өтеу үшін тұрақты әрі кернеулігі жоғары энергия көзі керек. Бұны тек атап өткен электр стансалары бере алады. Еліміз көмір электр стансаларын дамыта алмайды. Өйткені бұларға инвестиция тарту жағы қарастырылмағын әрі үлкен салық салынады. Өзге елдер аталған жобаға инвестиция құй­майды, себебі көмір энергетикасын дамыту қымбатқа түседі. Әрі экологиялық зияны да басым. Ел экономикасын жақсартамыз десек, атом электр стансасын салу керек. Оған 3+ реакторларын қол­дану қарастырылып жатыр. Қауіп­сіз­дігі жоғары, тексерістен өткен. Бізде уран қоры жеткілікті болып тұрғанда атом энергетикасын неге қолданбасқа? Сонымен қатар атом жағармайын дайындайтын арнайы зауытымыз да бар. Атом энергетикасының үнем­ділігі сонша, уранның бір түйір­шігі шамамен 2 млн тонна көмірге сай келеді», дейді «Қызылорда электр тарату то­рап­тары компаниясы» АҚ бас­­қарма төрағасы Батыржан Қаракөзов.

Сарапшылар ядролық энергия әлемдегі ең сенімді таза энергия көзіне жататынын айтады. Бір ғана АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін көмірқышқыл қалдығының алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Бұл энергияға тапшылықты жойып қана қоймай, оны көрші елдерге экспорттауға да мүмкіндік береді.

АЭС құрылысы қашан басталады?

Энергетик Жақып Хайру­шев­тің айтуынша, соңғы жылдары елімізде жиі орын алған жылу электр стансалары мен жылу желі­ле­ріндегі инфра­құ­ры­лым­дық апаттар эконо­­ми­калық қауіп­сіздік үшін қан­шалықты қа­тер­лі екенін көрсетті.

«Кез келген мемлекет қор­шаған ортаға ең аз зиян келтіре отырып, қолжетімді бағамен жет­кі­лікті көлемде электр энергиясына, жылу мен суға ішкі сұра­нысты қанағаттандыруы тиіс. Энерге­ти­калық қауіпсіздікке әртүрлі әдіспен және ең алдымен энергия көздерін әртараптандыру шара­ларын қабылдау арқылы қол­жет­кізіледі. Жасыратыны жоқ, экономикамыздың 70%-ы дер­лік тек көмірмен жұмыс істейді, сон­дықтан энергия құрылымын әр­тараптандыру арқылы ғана біз энергия көзіне тәуелділікті азайтамыз. Бұл орайда көптеген дамыған және дамушы мемлекеттер атом энергетикасын пайдаланады», дейді сарапшы.

2035 жылы пайдалануға берілуі мүмкін делініп отырған АЭС құрылысын кім жүргізетіні белгісіз. 2025 жылға қарай техникалық-экономикалық не­гіз­­де­ме әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізіледі. 2025-2028 жылдары АЭС салу туралы Үкімет қаулы қабылдауы қажет. 2028 жылы жобалық-сметалық құ­жаттама әзірленіп, сараптама тағайын­далады. 2034 жылы құрылыс-монтаждау жұ­мыс­та­ры аяқ­талуға тиіс.

Жалпы, бұл мегажобаны іске асыруға жергілікті компаниялар да едәуір үлес қоспақ. АЭС салу кезінде өндірісті оқшаулау 20-30%-ды құрап, жоғары технологиялар іске қосылса, ұлттық экономика дамып, қосымша нарық пайда болады. Бұл жұмыс орнының артуына ықпал етеді деген сөз. Дегенмен айта кетейік, АЭС құрылысының басталуы тек жалпыхалықтық референдумда оң шешім тапқаннан кейін ғана қолға алынады.