Қызылорда облысында елімізде атом электр стансасын салу мәселесі жария талқыланды. Үкіметтік емес ұйымдардың өңірлік Альянсы мен облыстық Қоғамдық кеңес ұйымдастырған шараға мемлекеттік мекеме, қоғамдық кеңес өкілдері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, экологтер, саяси партия мен БАҚ өкілдері және өңір тұрғындары қатысты.
Жиын басында Энергетика министрлігі, «Ұлттық ядролық орталық», «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС және «Ядролық физика институты» өкілдері сөз сөйледі. Олар АЭС салудың артықшылығы, жұмыс қағидаты және атом стансаларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы кеңінен айтты. Мамандар атом энергетикасын дамытудағы техникалық аспектілер, әлеует және АЭС салу кезіндегі елдің даму перспективасы туралы егжей-тегжей хабардар етті. Талқылау кезінде жиын қатысушылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сұрақтың басым бөлігі – АЭС қауіпсіздігі мен оны пайдалануға, жобаны қаржыландыруға, кадрлар даярлауға, сондай-ақ қазіргі жағдайға және отандық энергетикалық кешеннің даму болжамына қатысты болды.
«Елімізде АЭС салу мәселесі көптен көтеріліп келеді. Мен Президенттің осы мәселе бойынша референдум өткізу туралы бастамасын толық қолдаймын. Өйткені мұндай маңызды міндетті шешуде халық пікірі қажет. Өзім көптеген елде болдым, қазір республикамызда атом электр стансасын салу қажет екеніне көзім жетті. Біріншіден, электр қуатының тапшылығы артып келеді. Біз уран өндіруден әлемде бірінші орындамыз. Ал бұл саланы одан әрі дамытуда қиындық болмау керек. Екіншіден, жаңа энергетикалық жоба ғылыми-техникалық прогреске серпін береді. Үшіншіден, көптеген жетекші елде АЭС бар. Еліміз де әлемдік державаларға ілесе отырып, заман талабына сай болуы керек. Тағы бір мәселе – АЭС-ты кім және қайда салады? Бұған әлемдік тәжірибені қолдану маңызды. Халқымыз референдумда осындай маңызды әрі қажетті АЭС құрылысын қолдайды деп ойлаймын», дейді сенаторлар кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлы.
Бұл пікірді И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің директоры Бақытжан Әбдікәрімов те қолдайды.
«Бүгінгі отырыста ең маңызды үш тақырып – АЭС салу қажеттілігі, оның қауіпсіздігі және халыққа АЭС қандай пайда әкелетіні талқыланды. Әрине, Чернобыль апаты жұртшылық санасынан өше қойған жоқ. Бірақ осыған қарамастан бүгінде Украинада 5 АЭС жұмыс істейді. Фукусимадағы апаттан кейін де адамдар атом энергиясынан бас тартқан жоқ. Қазір бұл елде 21 реактор жұмыс істейді. Жалпы, әлемнің 18 елі 57 ГВт электр энергиясын өндіреді. Қазір энергияға үлкен қажеттілік туып отыр. Ал АЭС – жаңа әрі зор қуат көзі. Жер байлығын, қазынасын халық игілігіне жұмсауымыз керек. Сондықтан біз өз елімізде атом электр стансасын салуға тиіспіз», дейді ол.
Басқа қатысушылар да АЭС құрылысының өзектілігі, оның әлеуметтік-экономикалық даму, оның ішінде энергетикалық кешенді ұлғайту, адамдардың өмір сүру сапасын арттыруда маңыздылығын атап өтті. Қызылордалықтардың пікірінше, ауқымды жоба туралы жұртшылықты әлі де кеңінен хабардар ету қажет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаны одан әрі ілгерілетуде барлық айтылған пікірлер мен ұсыныстар ескеріледі. Еске салайық, биыл маусым айында Мемлекет басшысы референдумның күзде өтетінін мәлімдеген еді. Президент атап өткендей, елде шын мәнінде, атом энергетикасын дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар. Оны дұрыс, тиімді пайдаланған жөн. Ал бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді халық қабылдайтын болады.