Атырау қаласында да жолаушылар тасымалдайтын автобустар жұмысына көңілі толмайтындар бар. Сирек болса да тұрғындар сондай шағымын тілші қосынына хабарлап тұрады. Мұндай шағымдар қалалық әкімдікке де жеткен болуы керек, енді жолаушы тасымалдайтын автобустар қозғалысы GPS-пен бақылауға алынғалы отыр. Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың жергілікті жолаушы тасымалдаушылармен өткізген кеңесінде нақ осы мәселе мақұлданды.
Бұған дейін, яғни өткен жылдың күзінде қалалық әкімдіктің қызметкерлері Астанадағы қоғамдық көлікте GPS жүйесін енгізу тәжірибесіне зерттеу жүргізіпті. Ал Атыраудағы алғашқы тәжірибе №4 маршрутта қатынайтын автобустарға енгізілген. Осы бағыттағы 12 автобусқа GPS жүйесі қондырылып, қоғамдық көліктің аялдамаларға келуі уақыты, ұзақ тұруы мен салонға адамның шектен тыс көп мінуі, жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін сақтауы бақылауға алынған.
– Бұл жүйе қоғамдық көліктерде жолаушы тасымалын жақсартуға септігін тигізеді. GPS жүйесін қаладағы 200-ден астам автобусқа орнатар болсақ, олардың күнделікті қозғалысын, құқық бұзушылықтарды экраннан көріп отыруға болады, – деген Атырау қаласының әкімі Н.Ожаев тиісті мамандарға GPS жүйесін енгізудің тиімді жолдарын қарастыруды ұсынды.
Мұндай жүйе болашақта Атырау қаласындағы такси қызметіне де қолданылуы мүмкін.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.