• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2015

Фанер

572 рет
көрсетілді

Семей ағаш өңдеу зауытының өнімдері еуропалық елдерге экспортталады Таяуда Семей қаласына ісса­пар­мен барғанымызда, шаһар бас­шысы Айбек Кәрімов қалада Ин­дустрияландыру картасына енген жобалардың нәтижелі жұ­мыс істей бастағанын жеткізді. Солардың бірі – «Семей ағаш өң­деу зауыты» ЖШС. Зауыт директоры Ғажап Қалиев бұрын «Ромат» компаниясында, Семей кірпіш зауытында еңбек етіпті. Жеке өндіріс орнын құруды көз­деген ол осыдан үш жыл бұрын жаңа кәсіп бастаған. Алдымен Кеңес өкіметі кезінде ағаш өнді­ру зауыты болған, кейіннен қаңырап бос қалған ескі ғимаратты сатып алады. Ғимаратты қалпына кел­тірген соң ондағы ағаш өңдеу зауытын қайта жаңғыртуды қолға алған кәсіпкер шетелден жоғары технологиялы қондырғылар алып келген екен. 2012 жылы құрылған Семей ағаш өңдеу зауыты бүгінде фа­нер өндіреді. 2013 жылы Қытай­дан жаңа технологиялық қондыр­ғылар сатып алынған. Зауыт ди­ректорының айтуынша, аталған қондырғының өндірістік қуаты өте жоғары. – Озық технологияға негіз­дел­ген автоматты қондырғы бір ме­зетте 25 дана фанер шыға­ра­ды. Кеңестік кезеңдегі зауыт­та 6 дана ғана шығаруға мүм­кін­дік болатын. Дәл осындай қон­дыр­ғылардың ресейлік түр­лері де бар. Бірақ олардың өнім­ділік қуаты төмен. Өйт­кені, жар­ты­лай автоматты болған­дық­тан, ресейлік құрылғы 18 фанер ұя­шығына дейін ғана шыға­ра алады. Ал біздің станокта­рымыз ең­бек өнімділігін арттыра отырып, автоматты түрде фанердің енін 1,22, ал ұзындығын 2,44 метр кө­лемінде кеседі. Сондай-ақ, фанердің қалыңдығын 6 милли­метрден 26 миллиметрге дейін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Қы­тай елінен әкелген цех қон­дыр­ғысын орнатуға бір жарым жыл уақыт жұмсалды. Оның ерек­шелігі компьютерлік бағ­дарлама арқылы құры­ла­тын­дығы екен. Оны орнатуға қытай­лық ма­мандарды шақырған жоқ­пыз. Өз білімімізге сүйеніп, бағ­дар­ла­маны қытай тілінен орыс тіліне аудару арқылы қондырғыны орнатып шықтық, – деді Ғажап Қалиев. Өндіріске қажетті шикізат Ресей Федерациясының Барнаул, Новосібір, Краснояр және Кемерев өңірлерінен бөрене күйінде жеткізіледі. Зауыт басшысының айтуынша, бүгінге дейін шикізат тапшылығы туындаған жоқ. Кәсіпорында көбінесе қайың өңделеді. Ал қайың көрші елде жеткілікті. Оның үстіне Ресейдің қайыңдары діңді, жуан болып келеді. Сонымен бірге қарағай, майқарағай, самырсын ағаштары да өңделеді. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов Ресейде 12 мемлекеттік орман шаруашылығы бар екенін айтады. Шаһар басшысы кәсіпкерлерге Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылықтарымен де бірге жұмыс істеп, санитарлық кесуге арналған ағаштарды алу керектігін жеткізді. Зауыттың ағашты кептіруге арналған жабық алаңы бар. Онда қайың ағашы суға салу технологиясы арқылы тез тарқатылып, шпон алынады. Сосын жоғары градустағы кабиналарда жылдам кептіріледі. Кептіру өндірісі сағатына 15 текше метр ағаш шикізатын кептіре алады. Цехқа жеткізілген соң, станокқа қойылған қайыңды 1,2 мм жұқалығында айналдырып, кесіп шығады. Кесілген өнімді тығыздау қондырғысына әкеліп, пішінін келтірген соң желім мен қабатты араластырып, қатты салмақпен қысады. Осылайша, фанер дайын болады. Зауытта фанерден бөлек ламинатталған тақтайлар шығарылады. Бұл құрылыста құйылатын іргетастың қалыбын дайындауға қолданылады екен. Инновациялық шешім ретінде фанер өнімдерін дайындаудың қалдықсыз өндірісі енгізілгенін айтуға болады. Яғни ағаш жаңқалары мен қиындыларынан ОСБ тақтайлары (қатты тығыздалған плита) жасалады. Аталған өнім үйлерді қаптауға және жылылауға кеңінен қолданылады. Қазіргі кезде ағашты тығыздап, жабыстыруға қажетті желім зауыттың өзінде жасалады екен. Осыған дейін желімді Ресейдің Том қаласынан алып келген кәсіпорын қызметкерлері оның жабысқақтығы солғындау, кебу уақыты көп болғандығын айтты. Сондықтан, формальдегид, натрий хлориді, сілте қышқылы сынды химиялық заттардан өздері желім шығара бастаған. Оның сапасы мен беріктігі де көңілге қонымды. Айына 5 мың текше метр фанер өндіретін зауытта осыған дейін 26 адам жұмыспен қамтылса, биыл жаңа цехтың монтаждау жұмыстары аяқталып, толығымен іске қосылғанда 200 адамға жұмыс табылады деп күтілуде. Жұмысшылардың еңбекақылары 60-70 мың теңгені құрайды. Кәсіпорын жетекшісі алдағы уақытта еңбекақы көлемін көтеруді жоспарлап отырғанын жеткізді. Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Марат Нөгеровтің айтуынша, ағаш өңдеу зауытының өндірістік толық қуатына көшуіне жеті ай уақыт қажет. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 61 млн. теңгені құрады. Оның ішінде 260 млн. теңге көлемінде кәсіпкердің жеке қаражаты жұмсалса, қалған қаражат екінші деңгейлі банктердің несиелік қаржысы есебінен алынды. Зауыт биыл үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қосылды. Жалпы, өткен жылдың 10 айында зауытта 700 млн. теңгенің өнімі өндірілген. – Семей ағаш өңдеу зауытының өнімін өткізуде ешқандай мәселе туындаған жоқ. Осы зауытпен әріптес болып отырған компанияның кеңсесі Алматыда орналасқан. Ол компанияның Қазақстан бойынша 15 филиалы және Ауғанстан, Иран елдерінде шетелдік әріптестері бар екен. Жалпы, елімізде ағаш өңдеу саласында бәсекелес аса көп емес. Ал көрші Ресейге келсек, жуырда Краснояр фанер зауыты жабылды. Сондықтан біздің өнімдерімізге сұраныс үлкен болады. Бизнес саласындағы келісімдер бойынша таяуда құрылыс және жиһаз өндірісіне арналған өнімдерді Португалия, Испания, Бельгия сынды еуропалық елдерге шығармақ, – деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы М.Нөгеров. Ғ.Қалиев алдағы уақытта зауыттың өндірістік алаңын кеңейту көзделіп отырғанын, теміржолдың жанынан өнімдерді сақтайтын қойма ғимаратының құрылысы жүргізілетінін жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.