• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Олимпиада 06 Тамыз, 2024

Нариманның күмісі

123 рет
көрсетілді

Сенбінің кешінде Париж Олимпиадасын тамашалаған сан миллион жанкүйерді Нариман Құрбанов қуантты. Спорттық гимнастиканың ат жаттығуы бойынша сынға түскен саңлақ күміс медальды олжалады. Бұл – спорттың осы түрі бойынша отандастарымыздың тәуелсіздік алған кезеңнен бергі Олимпия ойындарының алғашқы жүлдесі.

Жылнама қайта жаңғырды

Спорттық гимнастика 1896 жылы Афинада алғаш рет ұйым­дас­тырылған Олимпия ойында­рының бағдарламасына енген. Ерлер мен әйелдерді қоса есептеген­де, бұл жерде 14 жүлде жиын­тығы сарапқа салынады. ХХ ғасырдың екінші жартысында шымкенттік Юрий Цапенко мен Нелли Кимнің халықаралық жарыстарда атой салғанын көзі­қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Цапенко 1994 жылы Токио Олимпиадасында 1 күміс пен 1 қоланы қоржынға салды. Кимнің көрсеткіші тіптен керемет болды. Нелли 1976 жылы Монреаль, 1980 жылы Мәскеудегі додаларда 5 алтын мен 1 күміс медальды олжалады. 1988 жылы Сеулде қос жерлесіміз атой салды. Ақтөбелік Валерий Люкин 2 алтын мен 2 күмісті иеленсе, алматылық Владимир Новиков командалық сайыста жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Бірақ жерлестеріміздің бұл табысының барлығы да келмеске кеткен КСРО-ның еншісіне жазылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстаннан жақсы гимнасшылар шықты. Бұрын бір тудың астында болған Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Латвия құрамалары әлем чемпионаттарында медальды «күреп» алып жат­­қанда, біздің жігіттер арасынан тек Сергей Федорченконың ғана бағы жанды. 1997 жылы Лозан­нада қолды тіреп жасалатын жат­тығуда ол бас жүлдені ол­жа­­­лады. Жалғыз қомақты табысы­мыз – осы. Өзге жерлестеріміз тәуір өнер көрсеткенімен, олжаға ке­не­ле алмады. Ал Олимпиададан қор­­жы­­нымыз үнемі бос қайтып жүрді.

Францияның бас шаһарында сол олқылықтың орны толды. Финал­дық сайыста 15,433 ұпай жиған 26 жастағы Нариман Құрбанов күміс медальды енші­леді. Ол тек әлем мен Еуропа­ның екі дүркін чемпио­ны Рис Маккленаганды алға жіберді. Жерлесіміз Ирлан­дияның дүл­дүлінен небәрі 0,100 ұпай қа­лып қойды. Әлем чемпио­ны, Панамерика ойындарының жеңім­пазы, америкалық Стивен Недорошик (15,300 ұпай) қола медальды қанағат тұтты. Ал Олим­­­­­­пиа­даның 3 дүркін чемпио­ны, сол жарыстың 3 дүркін қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпио­ны және сол жарыс­тың 5 дүркін күміс жүлдегері, ұлыбританиялық Макс Уитлок төртінші орыннан аса алмаса, Рио Олимпиадасында – 2 ­(1 алтын, 1 күміс), әлем чемпио­натында – 5 (1+2+1), Еуропа ойындарында – 6 (3+3+0) және құрлық біріншілігінде 14 (7+3+4) рет жеңіс тұғырына көтерілген Украинаның мақтанышы Олег Верняев бесінші сатыға табан тіреді. Міне, осы мәліметтердің өзінен-ақ әкесі Хусанжан Шәріп­ұлының шәкірті Нариман Құрбановқа ғаламдық додада жеңіс тұғырына көтерілу үшін қандай сынақтан өтуге тура келгенін шамалай беруге болады.

Жеңіс тұғырынан түскен бетте Нариман: «Олимпиадалық цикл барысында өткен бәсекелер барысында мен бағдарлама соңында жиі құлайтынмын. Бұл менің техникалық немесе тактикалық кемшілігім емес еді. Көбіне-көп психологиялық тұрғыдан ұтылатынмын. Сол ол­қылықтың орнын толтыру үшін еш аянбай жаттықтым. Көп еңбектендім. Олимпия ойындарында өзімнің мол тәжірибеме арқа сүйей отырып, бар білгенім­ді ­толығымен автоматты түрде орындап шық­тым. Ерен еңбек еш кеткен жоқ. Парижде күміс ме­дальды иелен­дім. Қазір қуаны­шым­да шек жоқ», деп ағынан жарылды.