• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Тамыз, 2024

Бизнес бастамалармен танысты

81 рет
көрсетілді

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Жамбыл облысына сапары аясында Мойынқұм, Шу және Меркі аудандарында болып, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысын тексерді.

Тараздан 300 шақырымдай жер­дегі Мойынқұм негізінен шөлейтті аймақ саналады. Алайда мұнда да мал шаруашылығын өрістетуге мүм­кіндік бар. Мәселен, Бірлік ауылында «Байбарақ-Агро» кооперативі құрыл­ған. Оған әзірге 30-дан астам адам біріккен. «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы аясында 35,8 млн теңгеге 20-ға жуық ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, ауылға қызмет көрсе­тіп жатыр. 400 гектар шабындық жерден ірі қара, ұсақ малға қажетті азық д­айындалады. Аудан түйе шаруа­шылығын жүргізуге қолайлы. Бірақ шаруалар әзірге ет пен шұбат өндірумен шектеліп келеді.

Ауыл шаруашылығы кооперати­вінің қызметімен танысқан вице-премьер Тамара Дүйсенова ауыл тұрғындарына тауарлы несие беру тетігін қарастыру туралы атап өтті.

«Тек шағын несие арқылы көп түйе алу мүмкін емес. Сондықтан агро­өнеркәсіп кешенінде тауарлы несие тетігін пайдалану маңызды. Елімізде аталған тәжірибенің сәтті жүзеге асып жатқан мысалы жетерлік. Жамбыл өңірінде сақтандыру тетігін енгізу ұсынылып отыр. Бұл тетік барлық тарап үшін тиімді деп санаймын», деді вице-премьер.

Түйе шаруашылығын жүргізуге қолұшын созуға дайын басқа өңір­лерден келген кәсіпкерлер бар. Мә­се­лен, Алматы облысында 5 мың түйе асырап, оның өнімдерін те­рең өң­деумен айналысатын «Дәулет-Бекет» серіктестігі жұмыс істейді.

«Түйе шаруашылығының дамуы­на барынша күш салу қажет. Егер жергілікті тұрғындар ниет білдірсе, 100 түйе беріп, оны баптауға қажетті кеңес беруге әзірміз. Мұнда түйе сү­тін өңдеуге қажетті шағын зауыт салу­ға да жәрдемдесе аламыз», дейді серіктестік иесі Сыдық Дәулетов.

Шу ауданында вице-премьер ауыл­дық бизнесті дамытудың өндіріс­тік бағытымен танысты. Бірлікүстем ауылының тұрғыны Нұрзат Қошқар­баев бірнеше жылдан бері кірпіш шығару ісімен айналысып, күніне мыңға жуық данасын өндіріп келген. Мемлекеттік бағдарлама аясында 8,6 млн теңге көлемінде несие алып, өндіріс қуатын екі есе арттырып отыр.

«Қазір күніне 2 000 дана шығаруға қауқарлымыз. Бұған дейін 2 адам жұмыс істеп келген еді, бүгінде 8 қыз­меткер бар. Өнімге сұраныс жоғары. Шудан бөлек, Мойынқұм, Меркі, Қордай аудандарынан тапсырыстар көптеп келеді», дейді кәсіпкер.

Ал Қорағаты ауылының тұрғыны Нұрғали Жексенбиев жұбайымен бірге тігін цехын ашқан. Керекті құ­рыл­ғылар сатып алып, жергілікті балабақшаларға қажетті төсек жабындары, жастық қаптарын тігіп, сатып отыр. Кәсібін кеңейтуді мақсат етеді. Алайда тігінші табуда қиындықтар туындап отыр. Жергілікті әкімдік бұл мәселені мансап орталығы арқылы мамандар оқыту жағынан қолдау көрсетіп жатыр.

Вице-премьер жобаларды оң бағалап, туындаған мәселеде мем­лекеттік бағдарламаның тетіктерін тиімді пайдаланып, ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін қалай жақсартуға болатынын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда «Күміс жас» бағдар­ла­масы жүзеге асып жатыр. Одан бөлек, мемлекет тарапынан субсидияланатын әлеуметті жұмыс орындары тетігі бар. Жастар практикасы жобасын да қарастыру қажет. Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға бағытталған бірқатар қолдау шарасы бар. Олар туралы кеңінен насихаттау қажет», деп атап өтті Т.Дүйсенова.

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жергілікті тұр­ғындарға ауыл шаруашылығын жүр­гізу дағдылары үйретіледі. Бұл бағыт негізінен «Қарызсыз қоғам» жобасы қатысушыларына бағытталған. Мәселен, «Amanat» партиясының бас­тамасымен Меркі ауданында «Агросауат» атты агробіліктілік орта­лығы ашылды. Нысанда егін, құс және мал шаруашылығын жүргізуге қатысты теориялық және тәжірибелік курстарды ақысыз негізде оқыту ұйымдастырылған.

Партия хатшысы Эльдар Жұма­ғазиев мұндай орталықтардың ауыл тұрғындарының табысын артты­ру үшін маңыздылығын атап өтті. Өз ке­зегінде Тамара Дүйсенова бас­та­ма­ны жоғары бағалап, оны одан әрі қарай кеңінен тарату мүмкінді­гін қарастыру қажеттігін атап өтті.