• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 06 Тамыз, 2024

Қылмыс түбі – қорлық

165 рет
көрсетілді

Параны берген де, алған да – қылмыскер. Осы қарапайым қағи­даны түсінгісі келмейтіндер қатары арамызда әлі де көп. Бұған еліміздің әр аймағында пара алу-беру кезінде құрық­талып жатқан замандастарымыз жақсы дәлел.

Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің мә­лі­метінше, жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы» ШЖҚ РМК филиалының бас директоры К.Төрегелдиев пен жеке компанияның басшысы Д.Озықбаевқа қатысты үкім шығарды. Біріншісі алаяқтық, пара беруге итермелеу және немқұрайдылық танытқаны, екіншісі пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылған.

К.Төрегелдиев аталған орта­лықта жүргізіліп жатқан ауди­торлық тексеруде оң шешім шы­ғару үшін лауазымды тұл­ғаларға пара беру деген сыл­таумен Д.Озық­баевтың 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды. Сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне «орындалды» деп қол қойып, мемлекетке 2,2 млн теңге көлемінде залал келтірген.

Сот үкімімен К.Төрегел­диевке 3 жыл мерзімге бас бос­тандығынан айыру түріндегі жаза, Д.Озықбаевқа 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл та­ғайындалды. Сонымен қатар бұл адамдар мемлекеттік қызмет­те жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлі­метінше, осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да орын ал­ған. Медеу ауданының №2 соты «Алматы тазалық» ШЖҚ МКК директоры А.Тоқтасынов пен «Қала көркейту» ЖШС жеке ком­паниясының директоры С.Байжановты жемқорлық жасады деп соттады.

А.Тоқтасыновтың нақты айы­бына тоқталсақ, ол Алматы қа­ласының көшелері мен тротуар­ларын күтіп ұстау бойынша қосалқы мердігерлік қызметтер шарттарын жасасқаны және орындалған жұмыстар акті­леріне қол қойғаны үшін кәсіп­керден 2,7 млн теңге сома­сында пара алған. Сот үкімі­мен оған 81 млн теңге сомасында айыппұл, ал С.Бай­жа­новқа 3 жыл 6 ай мер­зімге бас бос­тандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Түркістан облысында Жер ресурстарын басқару депар­таментінің басшысы мен оның сыбайласы сотталды. Қалалық сот аталған департамент басшысы А.Мырзаевқа, оның сыбайласы А.Балтабаевқа және осы департаменттің бөлім басшысы Б.Жетпісовке үкім шығарды. Мырзаев пен Балтабаев алаяқтық пен пара беруге итермелегені, ал Жетпісов пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып отыр.

Нақтырақ айтсақ, А.Мырзаев пен оның сыбайласы А.Балтабаев жер учаскесін ресімдеу үшін кәсіп­кердің 18 млн теңге көле­міндегі ақшалай қаражатын иемденгені анықталған. Сонымен қатар А.Мырзаев лауазымды тұл­ға­ларға жалпы қамқорлығы үшін пара беру сылтауымен бұ­рын келісілген Б.Жетпісовтің 5 млн теңгесінің 70 мың теңге көлеміндегі ақшалай қаражатын алаяқтық жолымен иемденген.

Сот үкімімен А.Мырзаевқа – 8 жыл, А.Балтабаевқа – 7 жыл, Б.Жетпісовке 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды. Үкімді жария ету Түркістан қаласының Жер ресурстарын басқару жөніндегі облыстық департаменті мен жер қатынас­тары бөлімі ұжымының қаты­суымен өтті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Конститу­цияның 77-бабы 3-тар­ма­ғы­ның 1-тармақшасына және Қыл­мыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қыл­мыстық құқық бұзушылық жасау бойынша соттың үкімі заңды күшіне енгенге дейін адам кінәсіз деп есептеледі.

Бұл келтірілген мысалдарда сыбайлас жемқорлық қыл­мыстарын жасап, ұсталған адамдар туралы айтылып отыр. Ал ұсталмай жүргені қаншама? Мәселен, таяу күндері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бо­йын­ша департаменті Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген ауыр қылмыс жасаған ел тұрғынының іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат таратқан еді.

Агенттіктің мәліметінше, ол – Қарағанды облысының тумасы, Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің бұрынғы жедел уәкілі, 24 жастағы Бақыт Әділ Есенжолұлы. Бұлтартпау шарасы – «Қамауда ұстау». Іздеу салынған адам анықталған жағдайда немесе оның болуы ықтимал орны тура­­лы қандай да бір ақпарат болса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментіне хабарлауды өтінген. «Іздеуде жүрген адамды ұстауға ықпал ететін ақпарат бергені үшін сыйақы және анонимділік тұр­ғысынан кепілдік беріледі» делін­ген ақпаратта.