• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
Жоба Бүгін, 09:15

Су үнемдеудің тиімді жобасы

25 рет
көрсетілді

Назарбаев университетінде Германиядағы Дрезден технологиялық университеті мен Ганновердегі ғылыми-техникалық гидрология институты ғалымдарының қатысуымен өткен семинарда олар елорданың су ресурсын тұрақты басқару үшін іске асырған «TERESA» жобасының нәтижелерін та­ныстырды. Семинарға Дрезден технологиялық университеті «INOWAS» зерттеу тобының жетек­шісі Стефан Каталин, Ғылыми-техникалық гидрология институтының бас директоры Лотар Фукс, ­осы институттың инженері Катарина Фукс, Дрезден технологиялық университетінің PhD Нұрлан Оңдас қатысты.

Бұл «Қалалық су ресурс­та­рын басқару: қазақ­стан­дық қалалар үшін не­міс тәжірибесі» атты бірлес­кен жоба аясында Германия­ның Фе­де­ралдық білім және зерт­теулер ми­нистрлігінің (BMBF) ­2021-2024 жылдарға бөлінген грантымен жү­зеге асқан. Енді осы технология­ны ел­орда климатының нақты жағ­да­йында сынақтан өткізу жоспарла­нып отыр. Жобаның мақсаты – ур­банизация мен климат өзге­рі­сі­нің жергілікті су айналы­мы­на әсе­рін азайту үшін жерүсті су­ла­рының табиғи сақталуы мен ин­филь­трациясының моделін жасау.

«Кейінгі 20 жылда Астананың аумағы айтарлықтай үлкейді. Енді қала тұрғындарын ауызсумен қам­ту, жер үсті суларын басқару секіл­ді көптеген мәселе туындап отыр. Бір жағынан, қаланың табиғаты қатал, суық. Жауын-шашын да жиі болады. Бірақ көктемде су мол жи­­налғанымен, жазда ауызсудың тап­шылығы байқалады. Сондықтан жобаның негізгі мақсаты – суды жинау, үнемдеу, сақтау және оны түрлі мақсатта пайдаланудың шешімін табу», дейді «INOWAS» зерттеу тобының жетекшісі Стефан Каталин.

Сондай-ақ неміс ғалымдары жаң­быр суының ағынын азайтып, жерасты суларын толтыруға септігі тиетін бірқатар қызметтік шешімді ұсынып отыр. Олар сандық модельдеу құралдарын пайдалана отырып, әлемде қолданылатын кәріз (SUDS) және жерасты су өткізу жолдары (MAR) жүйелерін қалай енгізуге болатынын анықтап көрген.

«Біз қаланың су балансын білу үшін түрлі үлгіні сынақтан өт­кіздік. Бұл болжамдар – қала би­лігінің шаһарды дамыту жос­пары мен су балансын сақтау үшін біз ұсынған «көк-жасыл» инфрақұрылымды ескереді. «Көк-жасыл» инфрақұрылым – су балансын сақтауға арналған «жасыл» аймақтар мен қаланың түрлі бө­лігіндегі суды жазда қолжетімді етіп сақтауға арналған. Біз жүргізген зерттеу – жаңбыр суының тең жарымын үнемдеуге болатынын көрсетті. Біз оны ағынды су емес, ресурс дейміз. Жер бетіне жақын орналасқан жер асты суларының реакциясын зерттей отырып, оның көтерілу қаупінің жоқтығына да көз жеткіздік», деді С.Каталин.

Жобаны жүзеге асыруға Назар­баев университетінің ғалымдары – постдокторанттары мен универ­ситет жанындағы Тау-кен және Жер т­уралы ғылымдар мектебінің студенттері де атсалысқан. Сынақ­ты олар университет аумағында орналасқан тәжірибе алаңында өткізген. Мұнда түрлі жауын-шашын болжамдары бойынша жер­асты суларына сынақтар мен мониторинг жүргізілді.

Назарбаев университетіндегі Тау-кен және Жер туралы ғылым­дар мектебінің постдокторанты Маржан Байғалиеваның айтуынша, аталған жоғары оқу орны­ның студенттері осы бағыт бойын­ша кейбір зерттеулерді өздері жа­саған. Олар түрлі жауын-шашын бол­жамдарының осы аумаққа әсерін модельдеудегі гидрогеологиялық аспектілерді зерттеп көрген.

«Германиядан келген әріп­тес­тердің ұсынып отырған шешімдері еріген қар суын сақтауға көмекте­­се­ді. Бұл жасыл кеңістіктер мен аумақ­тың топографиясына негіздел­­ген суды ұстап тұру үшін арнайы материалдармен жабдықталған арық­тарды қамтиды. Қазір жобаның неміс ғалымдары дайындаған бөлігі аяқталды. Енді біз олармен бірле­сіп, бұл жобаны одан әрі жалғасты­рып, іске асырғымыз келеді», деді М.Байғалиева.

Қысқасы, тұрғыны миллионнан асқан елорда үшін бұл жобаның ма­ңызы зор. Алдағы таңда жер асты суларының өзгерістері және метео­рологиялық деректер бойынша бақылаулар мен мәліметтерді жи­нау жалғасады. Назарбаев уни­вер­ситетінің ғалымдары неміс әріп­­тестері ұсынған жүйені қала жағ­­дайында сынақтан өткізуге ел­орданың сол жағалауында бір­неше учаскені қарастырып отыр.