• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тағзым 05 Тамыз, 2024

Ұстаздардың ұстазы еді...

60 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы жоғары мектебінің білікті ұйым­дастырушысы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, еңбек ардагері, қоғам қайраткері Күләш Құнантайқызы 94 жасқа қараған шағында бақиға озды.

Ел ұстаздары бұл кісіні педагогика саласының ше­бері және әйгілі Қыздар педагогика институтын ұзақ жыл басқарған ректор, танымал академик ретінде жақсы біледі.

Күләш Құнантайқызы ең­бек­тегі жолын Алма­ты облы­сындағы ауыл мек­те­бінен, ал ғылымдағы соқ­пағын Абай атын­дағы Қа­зақ педагогика институты­ның (ҚазПИ) про­фессо­ры Р.Г.Лембергтің аспиранты деңгейінен бастап, қиын жыл­дары комсомол­дың мек­теп бөлімін бас­қа­рып, жоғары және орта бі­лім ми­нистрінің орынбасары, шет тілдер институтының про­ректоры, ҚызПИ ректоры қыз­меттері сатысынан өтті. Ол қай жұ­мыста болса да қаны­на сің­­ген адалдықтан айныған емес. Тура­шылдық қасиет оның өмір­лік кредосына айналды. Өзі­не де, өзгеге де қатаң талап қоя білді.

1968 жылы 6 тамызда 37 жас­тағы Күләш Құнантайқызы Қа­зақ мемлекеттік қыздар педагоги­ка институтына ректор болып та­ғайындалды. Бұл – ел басшы­лы­­­ғының үлкен сенімі еді. Білім қай­раткері осы оқу орнын 16 жыл басқарып, аталған институттың өркендеуіне өлшеусіз үлес қос­ты. Ол ректор болған тұста 9 нысан­ның (4 қабатты оқу корпусы, 3 жа­тақхана, оқытушылар тұрғын үйі, жаңа типті кітапхана, асхана ғимараттары, Қаскелеңдегі агробиоучаске, Қапшағайдағы демалыс үйі) бой көтеруіне ұйыт­­­қы болды. Мәдени салаға келсек, атақ­­ты «Айгүл» ансамблін құрып, кітапхана және музыкалық білім саласында тың жобаларды жүзеге асырды.

Ғалымның ұрпақ жадында қа­лар игі істері жеткілікті. Әсіресе, бас­шы ретінде де, ұстаз ретінде де қазақ қыздарының тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, болашақ аналардың жүрегіне білім мен мейірім нәрін құя білді. Ғалым ретіндегі ғылыми тақырыбы да әйелдер тақырыбымен астасып жатыр. Күләш Құнантайқызының 1981 жылы қорғаған докторлық диссертациясының «Қазақстан­дағы әйелдерге білім беру ісі: қа­лыптасуы мен дамуы» деп аталуы да кездейсоқ емес. Ол қа­­шанда қазақ әйелінің еңбегін, адал­дығын, рухын асқақтатып жүрді. Ол осы­лайша ғылыми ізденіс жолын­да ақыл-парасатын жұмсады, тер төгіп тынымсыз еңбек етті. Адал еңбегінің нәти­жесін көрді, шә­кірттер тәр­бие­леді, өзінің ғылыми мектебін қа­лыптастырды.

«Тұңғыш» сөзі Күләш Құнан­тайқызының есімімен байланыста айтылады. Ол қазақ қыздарының ішінде бірінші болып педагогика саласында ғылым докторы атанды. Кезіндегі КСРО Педагогика ғы­лымы академиясына қазақ қыз­­дарының арасынан бірінші кор­респондент-мүшесі болып сай­ланды. Қазақ қыздарының іші­нен тұңғыш Ресей Білім ака­демиясының мүшесі, Грузия Білім академиясының мүшесі болған да – Күләш Құнантайқызы. Еліміз тәуелсіздік алған соң Жоғары аттестаттау комиссиясының педагогика, психология ғылымы сараптама бөлімшесінің алғашқы төрағасы да – осы ғалым.

Халқымыз ғалымның хаты да, аты да елмен бірге жасайтынына куәлік береді. Біз осы даналықты Қазақстан педагогика саласының теориясы мен практикасына, ірі жобаларына үлес қосқан профес­сор, академик марқұм Күләш Құнантаеваға қатысты да айтамыз. Ұстаздардың ұстазының өмірі әлі талай ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.

 

Перизат Сейітқазы,

педагогика ғылымдарының докторы, профессор