• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Тамыз, 2024

Еліміз сыйақы беруден де тоғызыншы орында

104 рет
көрсетілді

Парижде алауы тұтанған Олимпия ойындарында орасан зор табысқа қол жеткізген спорт­шыға ең көп сыйақы тағайындаған мемлекет­терді білесіз бе? Бұл көшті Гонконг бастап тұр. Олар алтын тұғырға көтерілген саңлаққа – 768 500, күміспен күптелгендерге – 384 000, қолаға қол созғандарға 192 000 доллар табыс етеді. Екінші орында – Сингапур. Оңтүстік-Шығыс Азияда орналас­қан ел Үкіметінің белгіленген тарифі мынадай: алтын – 737 000, күміс – 369 000, қола – 184 000 дол­лар. Үздік үштікті Тайпей түйіндеп тұр. Аралдақтар­дың төлейтіні: алтын – 720 000, күміс – 251 000, қола – 178 000 доллар.

Сыйақыны молынан беретіндер тізімінде Қазақстан тоғызыншы орында тұр. Қазақ елінде чемпионға – 250 000, күміс пен қола жүлдегер­лер­ге тиісінше 150 000 және 75 000 доллар төлеу қарастырылған. Сондай-ақ ең көп сыйақы бере­тіндердің ТОП-ондығында Түркия (А – 380 000, К – 230 000, Қ – 115 000), Грузия (А – 370 000, К – 185 500, 92 700), Таиланд (А – 365 150, К – 219 090, Қ – 146 060), Индонезия (А – 346 000, К – 138 500, Қ – 69 250), Израиль (А – 276 100, К – 207 100, 138 000), Малайзия (А – 236 000, К – 71 000, Қ – 24 000) сынды мемлекеттер бар. Еуропаның дамыған мемлекеттері төрт­жыл­дықтың басты додасында дараланған спорт­шы­ларының табысына аса бір емірене қоймайды. Мәселен, осы Олимпия ойындарын ұйымдасты­рып отырған Францияда бас жүлде 80 000 еуроға бағаланады. Германияда чемпионның есепшотына 20 000 ғана аударылады. Ал Ұлыбритания, Норвегия, Швеция секілді бірқатар елде сыйақы жағы мүлде қарастырылмаған. Жоғарыда аталған алпауыттарға қарағанда қарт құрлықтағы Италия (алтын үшін берілетін сыйақы 212 000 доллар), Украина (125 000), Испания (110 000), Мажарстан (166 000), Чехия (111 000) үкіметі басқарып отырған азаматтардың қолдары ашық екен. Өзге құрлықтарға келер болсақ, Үндістанның үкіметі алтын алған дүлдүлге 83 000 еуро төлесе, аталған елдің Ұлттық Олимпиада комитеті қосым­ша 110 000 береді. Оңтүстік Кореядан шыққан чемпион­дарға 42 000 еуролық сыйақыдан бөлек, тағы бірқатар жеңілдік қарастырылған. Олар ай сайын 673 еуро көлемінде ғұмырлық сыйақы алып тұрады немесе бірден 47 000-ды өз есепшотына аударады. Таңдау спортшының өзінде. Әлемдік саясатта үстемдік жүргізіп отырған АҚШ Олимпиада чемпионына 37 500 доллар төлеумен шектеледі. Жүлдегерлер 22 500 және 15 000 алады. Алпауыт АҚШ-тың дәл іргесінде орналасқан Канаданың беретіні одан да аз. Олар бас жүлдені бар-жоғы 16 000-ға бағалап отыр. Экономикасы қарыштап дамып кеткен Жапония да спортшыларын қарық қылмайды. Күншығыс елінен шыққан Олимпия ойындарының жеңімпазына 45 000 доллар төленеді. Кезінде КСРО құрамында болған мемлекеттер арасында ең көп сыйақы беретін Грузия мен Қазақстан екенін жоғарыда айттық. Сол секілді әзербайжандар да мәрт екен. Олар чемпионның қолына 235 000 доллар ұстатады. Ал көршілеріміз жайында айтар болсақ, алтын тұғырға көтерілген саңлақтың есепшотына Өзбекстанда – 200 000, Қырғызстан Республикасында – 119 000,Тәжік­станда 14 000 доллар аударылады.