• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 08 Тамыз, 2024

Орталық Азия тарихшыларының форумы

94 рет
көрсетілді

Астанада «Орталық Азия тарихы: халықтар мен мәдениеттер арасындағы диолог» атты Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының І форумы өтті. Ғылыми мәжіліске елімізбен қатар Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекетінің 60-қа жуық тарихшы ғалымдары қатысты. Форум жұмысы үш панельдік сессия аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ кітап және мұрағат көрмелері, оның ішінде XVI-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы айқындалған еуропалық және америкалық карталар көрмесі ұсынылды.

Еске салайық, Орталық Азия мемлекеттері тарихшыларының бірінші форумын өткізу баста­ма­сын Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 14 қыркүйекте Тәжікстан Республи­касы, Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері бас­шыларының бесінші консульта­тивтік кездесуінде сөйлеген сөзінде ұсынған болатын.

Форумның негізгі мақсаты –  Орталық Азия мемлекеттерінің ғалым-сарапшылары арасындағы диалогті күшейту арқылы тари­хи үдерістерді зерттеу мен тари­хи құбылыстарды бағалауда біре­гей кеңістік, мәдени, саяси кон­текст­те синхронды көзқарас қалып­тастырудың алғышартын жасау. «Біздің міндетіміз – ба­уырлас мемлекеттердің ғылыми-зерттеу құрылымдары арасындағы байланыстарды бекіту. Тарқатып айт­сақ, ғылыми тәжірибе және әзір­лемелермен алмасу арқылы  Орта­лық Азия елдерінің тарихы бойын­ша зерттеулерді қайта жан­дан­дыруымыз керек. Ортақ тәсіл­дерді әзірлеудің жағдайын жасау және жас тарихшыларды даяр­лаудың тетіктерін талқылау арқы­лы ғылыми интеграцияның артуына қол жеткізе аламыз», деді жиын модераторы Л.Н. Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің басқарма төрағасы-рек­тор Ерлан Сыдықов.

Айта кетейік, тарихи мазмұн­дағы тақілеттес форумдар мемле­кет­аралық татулық арқылы зерт­теудің бір мүддеге бағытталған бірың­ғай әдісін дамытуға ықпал етеді. Бұл туралы Өзбекстан Ғы­лым академиясының вице-президен­ті, Шығыстану институтының директоры Бахром Абдулхалимов былай деп пікір білдірді: «Тарихи зерттеудегі өзара серіктестік – Ор­талық Азия мемлекеттерінің тұ­рақ­ты рухани-мәдени дамуы­ның кепілі. Археолог, этнолог, та­рихшылардың коллаборация­­­сын күшейте отырып, тарихнама­лық талдаудың жаңа биігіне көтеріле аламыз. Дәл осы бедерлі белесті бағын­дыруға талпыныс жасап отыр­ған форумның алғашқы жина­лысы келешектегі үлгілі жетіс­тіктердің басы болары – анық».

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек Орталық Азия тарихшыларының басын қосып, түйткілді түйіндерді талқы­лайтын ортақ платформа – ендігі кезекте жыл сайын жүзеге асырылатынын жеткізді. «Тарихи оқи­ғаларды бұрмалау және қате тү­сін­­діруге жол бермеу үшін біз үш маңызды мақсатты белгілеп отырмыз.

Оның біріншісі, бауырлас халықтар арасындағы ортақ тарихи мәселелерді айқындау және оны шешудің бірегей жолдарын жасау. Орталық Азияның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау және одан әрі дүниежүзілік мұраның репрезентативті тізіміне енгізу мақсатында зерттеушілердің жұ­мы­сын жұмылдыру.

Екіншісі, елімізде қорғалатын ғылыми жобалардың тақырыбын айқ­ындау. Бәрімізге белгілі, қа­зір үкімет тарапынан тарихқа оның  этнография, археология сынды салаларына басым бағыт беріліп отыр. Соның аясын­да мем­лекетаралық ортақ жоба­ларға Отанымыздың зерделі зерттеу­шілері мен сарабдал сарапшыларын тартуымыз керек.

Үшіншісі, тарихшыларымыз­дың шетелдік ғалымдармен серік­тестігін нығайту. Халқымыз туралы тың ақпараттар жылнамалық дәстүр жақсы қалыптасқан Вати­кан, Қытай, Иран, Армения секілді іргелі мемлекеттер мұрағатынан табылып жатыр. Мәселен, жақында қазақ ғалымдары  дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде Ватикан кітапханасындағы түрік тарихына қатысты қолжазбаларды зерттеуге мүмкіндік алды. Онда даламызға миссионерлік мақсатта жіберілген діни қызметкерлердің халқымыз туралы көптеген тың ақпараттары бар. Бұл – орта ғасырдағы қазақ тарихына қосылған үлкен олжа. Сол секілді жоғарыда аталған басқа да мемлекет мұрағаттарында әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет ететін елімізге қатысты мұралар көп. Егер жан-жақты сарапталған, объективті шындыққа негізделген тарихи деректерді ғылыми айна­лымға енгізе алсақ, тарихтың ақтаң­дақ беттерінің ақиқаты ашылады», деді министр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтіп отырған бұл жиын Орталық Азия тарихын бірге зерттеп, зерделеудің үлкен бастауына айналады деп ойлаймын. Себебі Тәжікстаннан келген делегацияның деректеуінше, мұндай деңгейдегі талқы қырық жылдан бері өтпеген. Сондықтан бүгінгі алқада Орталық Азиядағы мемлекеттерді жеке-жеке емес, тұ­тастай қарастырып, олардың ортақ тарихын жазуды қолға алу мә­селесі  көтерілді. Ол үшін кітап­хана, архив қорларын бірге пайда­лану, ғылыми жоба­лар­ды жұмы­ла қолға алу, археология­лық қазба жұ­мыстарын күш бірік­тіріп жүргізу, сонымен қатар мемлекет­аралық конференция, тақырып­тық жиын­дар өткізудің маңызы ерек­ше. Бүгін келген ғалымдар деле­гациясының көпшілігі осы мәселе турасында ой сабақтап жатыр. Себебі ғылымның  интеграциясы – әбден толғағы жеткен мәселе. Бүгін осыған негіз қаланып отыр», деді Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі.

Әрі қарай форумның па­нель­дік сессияларында ғалымдар ежелгі дәуірден тәуелсіздікке дейін­гі Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті бойынша бірлескен зерттеулердің келешек бағыттары туралы баянда­ма жасаса, жас зерт­теушілер жаңа бағыт­тағы ізде­ністер мен мәселелер жөнінде, сонымен қатар жасанды интел­лектінің дамуы Орталық Азиядағы тарих қауымдастығына әсері турасында сұхбаттасты.

Іс-шараның қорытынды бөлі­мінде Орталық Азия мемлекет­тері тарихшылары I форумы­ның қорытынды хаттамасы шешімі қабылданды.