• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2024

Геологиялық барлаудың жаңа тәсілі

106 рет
көрсетілді

Елімізде экологияға залалы аз тиетін геологиялық барлаудың жаңа тәсіл­­дері зерттеліп жатыр. Жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын зерт­теу жұмыстарын «Самұрық-Қазына» қорына қарасты «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы қаржыландырады.

«Қаражанбасмұнай» АҚ қоршаған ортаны қорғау және жануарлар мен өсімдіктер әлемін аялауға бағытталған тың ғылыми зерттеу жүргізуді жос­парлап отыр. Компания жобаны қар­жы­ландыру үшін «Самғау» ҒТБО, сондай-ақ Қазақ мұнай және газ институты және «Азимут Энерджи Сервисез» АҚ-мен келісімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ғалымдар жарылыс әдісінің көмегінсіз көмірсутектерді іздестірудің жаңа әдістерін зерттейтін болады. Геологиялық барлаудың бұл әдісі қоршаған ортаға залал тигізбеуге көмектеседі. Арнайы жасалатын жарылыстардан бас тарту бұрын адамдардың немесе инфрақұрылымның болуына байланысты ғалымдар қолжеткізе алмаған аумақтарды барлауға мүмкіндік береді. Себебі мұнай кен орындарының басым бөлігі Каспий теңізіне жақын маңайда орналасқан. Сондықтан жаңа қазбаларды іздестіру үшін жерді жару тиімсіз, өйткені пайда болатын тер­белістер мен шу жергілікті флора мен фаунаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан арнайы құрылғының эко­логияға әсе­ріне талдау жүргізіледі. Жоба 16 айға есептелген.

«Жоба экологияға зиян келтірмес­тен­ барлау жұмыстарын жүргізуге мүм­кіндік береді деп болжаймыз. Бұрын-соңды зерттеу жүргізілмеген Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қорық­тарда іздестіру жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктері туып отыр. Бұған қоса зерттеу мерзімін және қаржылық шығынды арттырмау шарт. Сондай-ақ ком­­­пания жарылыс жұмыстарына тыйым салынған қолданыстағы кен орындарындағы көмір­сутектің қалған қорларын біле алады», дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ бас ­директоры Марат Елеусінов.

Бүгінде әлемдегі ең тиімді гео­логиялық барлау әдістерінің бірі – электромагниттік толқындарды қол­дану. Бұл жағалаудағы және өтпелі аймақтар, шөлдер мен сортаң топырақ сияқты күрделі және экологиялық сезімтал аймақтарда жарылғыш заттарды қолданбай тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай толқын­дар дәстүрлі әдістерге қарағанда бір­қатар артықшылыққа ие. Біріншіден, олар қоршаған ортаға әсерді азайтады. Бұл инфрақұрылымы дамыған аймақтарда және тұрғын үй аудандарына жақын жерлерде өте маңызды, себебі жарылыстың әсері халыққа қауіп төндіріп, қирауға алып келуі мүмкін. Екіншіден, бұл әдіс таяз суда барлауға мүмкіндік береді.

Жалпы, компания жоба қорша­ған табиғатқа зиян келтірместен жер қыр­тысының құрылымы мен көмір­сутектің қалдық қорлары туралы нақты мәліметтер алуға мүмкіндік бере­тініне сенімді. Жарылысты болдырмау әдістеріне көшу арқылы табиғи ресурс­тарды тұрақты және экологиялық қауіп­сіз игеруге мүмкіндіктер тумақ.

Осы орайда Қазақстан мұнайының 125 жылдығы қарсаңында «Қаражанбас» кен орнында алғашқы мұнай бұрқа­ғының ашылғанына 50 жыл толғанын атап өткіміз келеді. Бұл жұмыстардың нәти­жесі аталған кен орнының келешегі үшін өте маңызды.