• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 08 Тамыз, 2024

Халықаралық марафон-бәйге өтеді

78 рет
көрсетілді

Астана қаласында 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпелі­лер ойындарына орай «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өтеді. 10-нан аса елден келетін атбегілер жер апшысын қуырып, тұя­ғымен топырақты турайтын тұлпарларын 500 шақырымға айдамақ.

Этноспорт додасының кө­рігін қыздыратын халықаралық марафон-бәйгеде Иран, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, Оңтүстік Африка Республикасы, Ресейден келе­тін шабандоздар даланы дүбірге бөлейді.

Қырғызстанның атбегілері «Ұлы дала жорығы» халықаралық аламанға қосатын аттарын да ерекше әзірліктен өткізіп, баптап жатыр. Тіпті онкүндік ат спорты марафонын да ұйымдастырып, күншілік жерге айдағанда «ертеден салсаң, кешке озатын» қылқұйрықтарын іріктеп алған. Қырғызстан Ат спорты федерациясының вице-президенті Манас Сұлтанов «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне шақырту алғанда ерекше қуанғанын, қырғыз атбегілерінің баптап отырған жүйріктерін сынайтын аламан екенін жеткізді.

«Қазақстанда Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында өтетін халықаралық додаға қосатын тұлпарларымызды іріктеу әділетті өтті. 300 шақырымдық қашықтыққа «Кочмондор журушу» іріктеу марафоны ұйымдастырылды. Бұрын-соңды мұндай халықаралық сайыс болған емес. Демек шын жүйрікке тұсау болмай, тек тұлпарлар сүрінбей көмбеден көрінсін демекпін. Бабы мен бағы қатар жанған атбегі мен шабандоздың жұлдызы жарқырайтыны анық. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін», деді М.Сұлтанов. Марафон-бәйге 5 мың жылдан аса уақыт бұрын адам баласы жылқы малын алғаш рет қолға үйреткен Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде 3 қыркүйекте бастау алады.

«Ұлы дала жорығына» Кабардин-Балқар Республикасының атбегілері де жүйрігін баптап, әзірлікті күшейтіп жатыр. «АМД Кавказ» ат спорты клубының негізін қалаушы Ахъед Махов бұл жылқы жануарының төзімділігін сынайтын дода екенін айтты.

«Біз сырын қойнауына жасырған, шежіреге толы қазақ даласында өтетін тартысқа қатысуды зор мәртебе тұтамыз. Тұлпарларымызды баптауды қолға алып жатырмыз», деді А.Махов.

Ұлттық спорт қауымдастығына қарайтын «Joryq» рес­публикалық федерациясы ұйымдастыратын халықаралық марафон-бәйгенің жеңімпаздары 8 кыркүйекте Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанатына қатысады.