Бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді мақаласы жарық көрді. Президент мақаласында Орталық Азия елдерінің жаһандық дамудың жаңа кезеңіндегі әлеуметтік, саяси, рухани, экономикалық басымдықтарына тоқталып, елдер арасындағы өзара түсіністікті жоғары бағалады, деп жазады Egemen.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне тән бейбітшілікті сақтау ұмтылысы мен құрлықта өркениетаралық диалог орнатуы халықтардың ғасырлар бойғы үлесі екенін атап өтті. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің жаһандық маңызды Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының маңызды қарарларының тең авторлары атануы да, аймақтағы ілгерілеудің жарқын мысалы екенін айғақтады. Президент мақаласында Орталық Азия саяси тұтастық пен ынтымақты бекемдеу бағытында жаңа формат тауып, диалог алаңына айналғанына баса назар аударған.
«ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді. Осы форматтағы өзара ықпалдастыққа басқа да елдер, халықаралық ұйымдар қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. Осылайша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлект басшысы Орталық Азия елдерінің сан саладағы толайым табыстарын дәстүрлі құндылықтарды ұстану жолымен байланыстырған. Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерінің географиялық, экономикалық, зияткерлік мүмкіндіктері жаңа белестерді бағындыруға қауқарлы екенін ерекше атап өткен.
«Өңірдің экономикалық салмағының арта түсуі, инновациялар үшін ашық болуы және зияткерлік әлеуеті оның қазіргі заманғы әлемдік құрылымның негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуына мүмкіндік беретін алғышарттарды қалыптастырады. Біздің мемлекеттеріміздің бұған қажетті барлық ресурсы мен мүмкіндігі бар. Сыртқы әріптестерімізбен бірлесіп жүргізетін өңірлік жобалар аясындағы ортақ ұстанымдарымызды диалог алаңдарында жан-жақты ілгерілету үшін күш біріктіру мәселесі ерекше назар аударуға лайық. Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімдімін», деп жазды Президент.
Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарияланған мақаласының толық нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.