Мемлекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбектерін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гуманистік идеялары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүниетанымы мен терең көзқарасын айшықтайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаидың тарихта талантты мемлекет қайраткері, ғылым мен өнердің қолдаушысы ретінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беделін білім мен мәдениетті насихаттауға жұмсап, көптеген медреселер мен кітапханалардың салынуына ұйытқы болғанын айтты.
Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына алғыс айтып, ұлы ойшылдың шығармашылығы ортақ қазына деп бағалады.
«Өзбек пен қазақ туысқан халық. Екі елдің тарихы, мәдениеті, салты мен дәстүрі бір. Біз мұны қастер тұтамыз. Қазақтың көрнекті ақыны, марқұм Несіпбек Айтұлы 2020 жылы Әлішер Науаидың ең басты еңбегі «Хамсаны» қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарғанын ерекше ықыласпен айтқым келеді. Ал бұл шығарманың алғысөзін Қазақстан Президентінің өзі жазғаны бізге зор қуаныш сыйлайды», деді Өзбек елінің басшысы.