Елімізде шағын бизнес өкілдерін қолдау мақсатында үлкен жобалардың жүзеге асып жатқаны белгілі. Кәсіпке икемі бар жастардың әртүрлі саланы игеріп, алға ұмтылғаны көңілге сенім ұялатады.
Семей қаласында кейінгі жылдары «Camca.kz» компаниясының өнімдеріне сұраныс артып тұр. 30 адам қызмет ететін кәсіпорын ұлттық тағамдарды ұсынумен бірге араб, өзбек, ұйғыр халқының самсаларын да сатады. Жас кәсіпкер Айжан Ботбаеваның бұл бизнесі пандемия кезінде басталған. Сол кезде жүктілігі мен бала күтіміне байланысты демалыста болған Айжан өз қолынан шыққан тағамдарды жақын-жуық, көрші-қолаңға ұсынады.
Дайындаған өнімдері біртіндеп дүкен сөрелерінен орын тапты. Кәсіппен кәсіби түрде айналысуға күйеуі қолдау білдірген.
«Мен бұған дейін Өскемен қаласындағы Табиғи ресурстар басқармасында жұмыс істедім. Карантин кезінде әзірлеген тағамдарымнан дәм татып көрген көршіміз зор алғысын білдірді. Қуанышымды жасыра алмай жолдасыммен бөліскен сәтте, ол да мақтау лебізін жеткізді. Сөйтіп, күн санап кәсіп ашу идеясына бір табан жақындай түстік», дейді Айжан Ботбаева.
Дәулет екеуі енді үйлерінен тыс жерде кәсіп жүргізуге кіріседі. Әр сағат сайын сатып алушылардың саны өсіп, олардың жоғары талабы мен талғамынан шығу үшін өндіріс сапасын әрдайым назарда ұстайды. Тағамдар дайындалатын цехта сапаның авторлық стандарттары сақталған. Сапасын үнемі жетілдіріп отырумен қатар объективті жағдайларға байланысты өзгертетінін де тілге тиек етті. Тағам әзірленетін рецептураны өзгертумен бірге эстетиканың да маңызды екені рас.
«Күйеуім бизнесті қалай дұрыс жүргізу керегін үнемі үйренеді. Прогрессивті элементтерді енгізуге құштар. Мысалы, цехта бәрі жапондық «Кайдзен» философиясына сәйкес ұйымдастырылған. Бұл – бизнес-үдерістерді жақсартуға, тиімділікті арттыруға және операцияларды орындауға кететін уақытты қысқартуға бағытталған басқару әдісі. Қарапайым тілмен айтқанда, бәрі қатаң түрде бақылауға алынған», дейді Айжан Асқарқызы.
Қазір «Camca.kz» компаниясы өз клиенттерінің өтінішіне орай ассортиментті кеңейтіп үлгерген. Мұнда енді өңделген тағамдар мен дайын тағам түрлері ұсынылады. Дәмі тілі үйіретін ет қосылған және тәтті пирог, салат, ыстық әрі буфет тағамдары сатып алушылар көңілінен шығып жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап балаларға арналған ас мәзірі өз мақсатына жетті деуге болады. Брокколи мен тауық етінен жасалған котлеттер қазірдің өзінде тиімді бағада халық пайдасына жарап жатыр.
Кәсіпкерге алдағы уақытта өз ісін емін-еркін дөңгелету мен дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы 5 млн теңге көлемінде грант бөлініп отыр. Бизнесті қолдау мақсатындағы қаржыны игеруден бөлек, жаңа жұмыс орындарын ашып, сатылым аясын үлкейту бағдары көзделіп отырғанын айтады кәсіпкер.
Абай облысы