• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 09 Тамыз, 2024

Отан қорғаушылар жиыны

55 рет
көрсетілді

Тәуелсіз елдің тірегі әрі айбары – Отан қорғаушылардың кәсіби шеберлігі қашанда маңызды. Биылғы жылы әр салада еңбектеніп жүрген Отан қорғаушыларды қайта даярлаудан өткізу үшін елімізде кең көлемде әскери міндеттілердің жиындары өтіп жатыр. Қайта даярлаудан еліміз бо­йынша барлығы үш мыңнан астам әскери міндетті өтеді. Жақында ғана оның мың жарымға жуығы Абай гарнизонына қарасты «Шығыс» полигонында сап түзеді.

Әскери жиынға Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан азаматтар қатысып, жауынгерлік даярлықтарын пысықтады. Олар бір ай бойы әскери мамандықтың қыр-сырына тағы бір мәрте үңіліп, оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Ел қорғауда әуе қорғанысына қарсы әрекет ететін зениттік дивизионның алатын орны ерекше. Әскери міндеттілер жиынына қатысушылар осы зениттік диви­зионға түсіп, білімдері мен әскери ше­берліктерін шыңдайды. Теориялық білім алумен қатар тәжірибе жүзінде, яғни әскери техниканы іс-жүзінде ату жаттығуын қолға алады.

Абай гарнизонына қарасты 35411 әскери бөлімінің зениттік дивизионы қуатты қару-жарақ пен ұрыс техникасына ие әскери құрылымдардың бірі. Осы аптада әскери міндеттілердің жиынына қатысып жатқан жүзге жуық жа­уынгер осы құрылым қатарында болып, ату жаттығуларына қатысты. Әскери міндеттілер үшін ЗУ-23-2 және ЗСУ-23-4 зениттік қондырғылардан ату алғашқы тәжірибе болды. Тәжірибелік жаттығуда тактикалық іс-қимылдарға, қаруды шебер және тиімді пайдалана білуге, бұған қоса қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға баса назар аударылды.

Аягөз қаласынан шақырылған Асыл Болатханұлы әскери міндеттілер­дің жиынына алғаш рет қатысып отыр. Аталған жиынға өз еркімен келіп, жауап­кершілік жүгін терең сезінген ол осындай шаралардың берері мол екеніне тоқталды.

«Жиынның жоғары деңгейде ұйым­дастырылғаны байқалып тұр. ЗУ-23-2 зениттік құрылғысы арқылы атып көрдім. Зениттік құрылғы – әуе және жердегі нысаналардың көзін жоюға арналған қуатты қару. Әскери міндет жүктелген адамдар осындай жиынға қатыса отырып, өздерінің біліктілігін көтерері анық. Әскери полигонға бейбіт күндерде ғана жиналайық», дейді Асыл Болатханұлы.

Дивизион командирі, подполковник Тимур Тухметовтің айтуына қарағанда, жаттығу барысында әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінің зенитші-атқыштары ЗУ-23-2 қондырғыларынан шартты қарсыластың әуе нысаналарын іздеу және оны зақымдау, жою бойынша жауынгерлік атыс міндеттерін жоспарға сай орындаған. Зениттік зымыран кешендері шағын көлемді нысандарды анықтау және оларды тану бойынша алға қойылған жаттығуларды жүзеге асырған. Сонымен бірге маңызды нысандарды әуе қарсыластарының соққыларынан қорғау бойынша бірнеше жаттығу өз мәресіне жеткен.

ЗУ-23-2 зениттік қондырғысы төмен биіктікті әуе нысаналарымен – әуе шабуылының заманауи құралдарымен күрес жүргізуге, соның ішінде ұшақ­тармен, тікұшақтармен, қанатты зымырандармен және қашықтықтан басқарылатын ұшатын аппараттармен ұрыс жүргізуге қолайлы. Өздігінен жүретін зениттік қондырғы ЗСУ-23-4 – зениттік артиллерияның ұрыс машинасы жалпы көздеу механизмдері мен атыс­ты басқару аспаптары бар бір немесе бірнеше автоматты зеңбіректен тұрады. Өздігінен жүретін зениттік қондырғы көбінесе кіші биіктіктегі әуе нысаналарын жоюға арналған.

Сонымен қатар жер үстіндегі нысаналарды жою үшін де қолданылуы мүмкін. Әскери техника радиолокациялық жүйе, есептеу құралдары және сезгіштігі жо­ғары аспаптармен жабдықталған.  Бұл құрылымдар мен аспаптар 20 шақы­рымға дейінгі қашықтықтағы әуе нысаналарын табуға, зеңбіректердің автоматты көздеуін орындап, төрт шақырымға дейінгі биіктіктегі нысаналар бойынша ауа райының кез келген жағдайларында, бір орнында және жүріп келе жатып пәрменді атысты жүргізуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған әскери оқу-жаттығу барысында жиынға қатысуға ниет білдірген әскери міндеттемелері бар азаматтар осы құрылғылардың сырын ұғып, білімін жетілдіріп, шыңдалып қайтады.

 

Абай облысы