Астанада салынып жатқан мектептердің саны рекордтық көрсеткішке жетті. Қазіргі уақытта 100 мыңға жуық оқушыға арналған 30-дан аса мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Елордада тұрғындардың, оның ішінде мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы оқу жылында ашылатын мектептер туралы жазды. Ол бас қаламызда бұрын-соңды болмаған көлемде мектептер салынып жатқанын жеткізді. Мәселен, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Samruk-Kazyna Construction салатын (2024-2025 жылдары) 90 мың оқушыға арналған екі ауысымды 24 жайлы мектеп бар.
– Қаланы аралау барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен бірге оқу жылының басында ашылатын жайлы мектептерге бардық. Бұл сегіз мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Сарыарқа ауданында Ұлытау мен Наурыз көшелерінің қиылысында, Бейбарыс Сұлтан көшесінде, Нұра ауданында Төле би көшесі мен 24-көшенің қиылысында, Есіл ауданында Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысында, Нұра ауданында Төле би көшесі, 31 мекенжайында, Мәңгілік ел даңғылы мен E-497 көшесінің қиылысында, Орынбор көшесі мен №37 көшенің қиылысында, Алматы ауданында А.Байтұрсынұлы көшесінде, – дейді Ж. Қасымбек.
Сондай-ақ оқу жылының басында жоғарыда аталған оқу орындарынан басқа тағы үш мемлекеттік және бір жекеменшік мектеп ашу жоспарланып отыр. Сол сияқты жыл соңына дейін 7 жайлы мектеп, 5 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп ашу жоспарда бар. Осылайша, жаңа оқу жылы барысында 23 мектептің құрылысы аяқталады.