• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Тамыз, 2024

Ташкенттің елордаға тартуы

42 рет
көрсетілді

Елорда жұртының өзбек өнері мен мәдениетіне қанығып жат­қанына бірнеше күн болды. Ұлттық музейдегі сурет көр­ме­сінен басталған мәдени іс-ша­ра­­лар тізбегі өзбек киносының күн­деріне жалғасып, Орталық сая­бақта өткен Ташкенттің Астана қаласындағы мәдениет күн­деріне ұласты. Айта кетейік, атал­ған іс-шара Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Президенті Шав­кат Мирзиёевтің елімізге мем­ле­кеттік сапарына орайлас­тырылған.

Күні кеше амфитеатр сахнасында Ташкенттің танымал өнерпаздарының қатысуымен жанды дауыстағы концерттік бағдарламалар, ұлттық сәндік-қолданбалы өнер көрмелері, спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды. Өзбек халқының сан қырлы салт-дәстүрі мен астанасының туристік әлеуеті таныстырылды.

«Өзбекстан мен Қазақстанның тығыз әріптестігі, достығы аясында Астанада қала тұрғындары мен қонақтарына арнал­ған іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл – досты­ғымыз бен әріптестігіміздің жарқын мысалы. Біз елдеріміздің мәдениеті мен дәстүрінің байлығын көрсете отырып, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға ұмтыламыз», деді Ташкент әкімінің баспасөз хатшысы Гульноза Қасымова.

Сондай-ақ ол Ташкенттің Астана қала­сындағы мәдениет күндері аясын­да бір­неше бизнес-форум ұйым­дас­тырылатынын атап өтті. Келушілер самса, палау мен өзбектің дәстүрлі тағамы – халемнен дәм тата алады.

«Екі ел президенттерінің бастамасымен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас одан әрі нығая түсті. Қазіргі іс-шара – соның бір көрінісі», дейді Ташкент қалалық туризм басқармасының бас маманы Шохрух Носиров.

Астананың амфитеатрында Өзбек­станның белгілі әртістері, атап айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстанның халық әртісі Фаррух Закиров, опера әншісі, Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов, «Бахор» ұлттық би ансамблі, басқа да эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары дәстүрлі өзбек тағамдарының дәмін татты. Ташкенттің ең танымал тағамы – той палауына қызығушылық танытқандар көп болды. Одан бөлек, астаналықтар нарын, кәуап, самса секілді көршінің ұлттық тағамдарының жасалу әдісін сұрап, ауыз тиді.