• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Тамыз, 2024

Мақсат – Ақтауды айшықтай түсу

83 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарауды және жағажай туризмін дамытуды тапсырған еді. Оның үстіне былтыр Әзербайжанның Шуша қаласында өткен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттер отырысында мәдениет министрлері шешімімен Ақтау қаласы 2025 жылғы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Бұл мәртебе теңіз жағасындағы жалғыз қала үшін даму мен көркеюді жаңғыртуды қажет етеді.

Қазіргі таңда Ақтау қаласын жан-жақты дамыту мәселесі талқыланып, ұсы­ныстар тыңдалып, мамандар тарапынан сарапқа салынып жатыр. Жергі­лікті атқарушы билік тұрғындар мен турис­терге қолайлы жағдай жасау үшін ­облыс орталығын соңғы үрдістерге сай көр­­кей­ту бағытын басты назарға алған.

Маңғыстау облысында өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай отандық және шетелдік жобалау компаниялары өкілдерімен бірге Президент тапсырмасына орай Ақтаудың урбанистика­лық даму жоспарын талқылады. Басқосу­да Түркия, Беларусь, Қазақстанның ­бел­гілі сәулетшілері Ақтау қаласын­дағы теңіз жағалауын абаттандыру, қай­та қалпына келтіру, дамыту бағытын­дағы ерекше жобаларын ұсынды. Жобалау компанияларының өкілдері «Самал» шағын ауданынан бастап «Солдат жағалауына» дейінгі аралыққа заманауи үлгіде саябақ, спорт алаңдарын, біркелкі стильде павильондар, құрғақ субұрқақ, ашық қоғамдық бассейн мен пирс салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар олар туристердің мекеніне айналған Ақтауды ұлттық нақышта айшықтап, қазақы құндылықты таныту мақсатында «Әуенді домбыра» атты үшсатылы монумент пен «Парус» кіреберіс стелласын орнатуды ұсынды.

«Ақтау еліміздегі даму мен мәде­ниет­тің, сондай-ақ ұлттың тарихи байлығының теңіз жағасындағы шынайы көрінісі болуы керек. Бұл жұмыста ой мен қиялды, білім мен шеберлікті тоғыстыра отырып, Ақтаудың ажарын арттырамыз. Тың идеялар мен ұсыныстар әлі де са­рап­қа салынып, ең үздік деген жобалар іріктеледі», деген облыс әкімі Н.Қилыбай қала құрылысына жауапты тұлғалар мен сәулетшілерге ұсынылған жобаларды жинақтап, Ақтауды көркейтудің тұжырымдамасын жасауды тапсырды.

Туристер көп келетін маңғаз Маңғыстаудағы бірегей қала, теңіз жаға­лауындағы жалғыз қала – Ақтаудың ажары мемлекеттің мерейі, мәдениет пен тазалықтың, сондай-ақ ұлттық діліміздің көрінісі болуы қажет-ақ.

 

Маңғыстау облысы