• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2024

Бұқаралық спортқа бетбұрыс

118 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңызды екенін баса айтты. Өйткені дені сау ұрпақ өсірудің тиімді жолы – бұқаралық спортты ілгерілету.

Осы орайда Атырау облысында бірнеше спорт алаңын пайдалануға беру көзделіп отыр. Атырау қа­лалық құрылыс бөлімі жобалау-сметалық құжаттама секторының меңгерушісі Арман Абдоловтың айтуынша, Дамбы, Талқайраң, Алмалы елді мекендерінде спорт және ойын алаңдары пайдалану­ға берілген. Енді Геолог, Балау­са, Елшібек, Сарықамыс, Байтақ, Өркен, Жерұйық, Бірлік, Сарыөзек, Көкарна шағын аудандарында спорт және ойын алаңдарын салу жоспарланыпты. Бұл нысандардың құрылысы жақында басталады.

«Қазір аталған нысандардың жобалау-сметалық құжаттамасы жасалды. Конкурс өткізіліп, құ­рылысты жүргізетін бес мердігер ­мекеме анықталды. Аталған ша­ғын аудандарда футбол, баскетбол, воркаут алаңдары салына­ды. Вандализмнің алдын алу үшін құрылысқа жоғары сапалы ма­териалдар пайдаланылады. Жос­парға сәйкес бұл алаңдар қа­занда қолданысқа беріледі», деді А.Абдолов.

Өңірдің бірнеше ауданында осындай нысандардың құрылысы қолға алынған. Мәселен, Индер аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясовтың дерегіне сүйенсек, жаңадан 6 спорт алаңының құрылысы басталды. Оны жыл соңына дейін пайдалануға беру ­жоспарланып отыр.

«Индербор кентіндегі Көктем және М.Әуезов атындағы орта мектептің ауласында спорт алаң­дары салынып жатыр. Жоба бойынша онда шағын футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, воркаут пен жаттығу алаңы қарастырылды. Алаңдарға жарық жүйесі жүргізіліп, арнайы бейнебақылау камералары орнатылады. Мұндай алаңдардың құрылысы Елтай, Көктоғай, Аққала, Құрылыс ауылдарында салынып жатыр», дейді Д.Илиясов.

Ал Қызылқоға ауданының әкі­мі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, кейінгі жылдары бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйе­лі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биыл бұл ауданда 11 спорт алаңы пайдалануға беріледі. Мәселен, Қарабау, Көздіғара, Ойыл, Жам­был, Тасшағыл, Тайсойған ауылдарында салынып жатқан спорт алаңдарының құрылысы жыл со­ңына дейін аяқталады. Ал Мия­лы аулында – 3, Сағыз ауылында­ 2 жаңа спорт алаңының құрылы­сы басталады.

«Ауданда кейінгі жылдары бұқаралық спортты дамыту ба­ғытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жаңа спорт алаңдары көптеп салуды қолға алдық. Спорт алаңдарының жобасында футбол, жаттығу алаңдары, балалар ойын алаңы, демалыс орындарын салу қаралған», дейді Қ.Әзмұханов.

Мақат аудандық құрылыс бөлі­мінің басшысы Әбілқайыр Қады­ровтың пікірінше, жас буын­ның ден­­саулығын жақсартуға сеп­тігі тие­тін алаңдарды көбейту жос­парланыпты. Биыл Бәйгетөбе және №402 теміржол бекетінде ойын алаңдары ашылыпты. Енді тағы ­­да ­8 ойын алаңы пайдалануға бері­­леді.

Оның мәліметінше, қазір Дос­сор кентінде балаларға арналған ойын және әмбебап спорттық ойын­дар алаңдары салынып жатыр. Сондай-ақ Бәйгетөбе аулында ­4 ойын алаңы, Мақат кентінде ойын және спорт алаңының құры­лысы қолға алынып отыр. Бұл алаңдар жоспарға сәйкес тамыз айы­ның аяғында қолданысқа беріледі. Ал Мақат кентінде үш ойын және спорт алаңын салу үшін мердігер меке­мелер анықталған. Қазір келісімшарт жасалып жатыр. Сондай-ақ тағы екі алаң салу мақсатында конкурс жарияланды.

«Спорт алаңдарының жобасы әртүрлі нұсқада жасалды. Негі­зінен балаларға арналған ойын, спортпен шұғылдануға арналған құрылғылармен жабдықталған алаңдар болады. Футбол алаңдары мен демалыс орындары бар. Кейбір үлкен алаңдарда келушілерге арнал­ған автотұрақ қарастырылды», деп хабарлады Ә.Қадыров.

Исатай ауданындағы Х.Ерға­лиев аулында 50 орындық спорт кешені салынып жатыр. Қамыс­қала ауылдық округінің әкімі Рафи­ғат Тажиденованың дерегіне қа­ра­ғанда, кешеннің аумағы 800 метр­ден аса­ды. 4 мыңнан аса тұр­ғын тіркелген ауыл балалары аталған нысанда спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Өйткені нысанда балалар қызығатын шағын футбол, волейбол, бокс, күрес және жаттығу залы болады. Сондай-ақ кешен ауласында баскетбол алаңы қарастырылып отыр.

«Жобаның құны – 395 млн 500 ­мың теңге. Ауыл тұрғындары, әсі­ре­се балалар мен жастар осындай дене­шынықтыру-сауықты­ру ке­шенін көптен күтіп жүр. Бұл кешен ауыл тұрғындары­ның сұра­нысымен салынып жатыр. Ен­ді тұрғындардың саламатты өмір­ салтын ұстануына зор мүм­кін­­дік жасалғалы отыр», деді Р.Тажиденова.

Дегенмен кешен құрылысында аздаған кешеуілдеу бар. Өйткені көктемде табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың жариялануына байланысты жұмыс тоқтап қалған. Қазір құрылыс жұмысы қайта қар­қын алды. Мердігерлікке таңдалған ­HCK MBM Construction ЖШС атал­­ған нысанның құрылы­сын қыр­кү­йек айында аяқтауды жоспар­лап отыр.

 

Атырау облысы