• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2015

Өнімі өтімді «ҚазАзот»

486 рет
көрсетілді

Индустрияландыру іс үстінде

«Кісідегінің кілті аспанда» дейді қазақ. Өзгеден ат-түйедей етіп сұрап, алыстан арқалағанша қажетті дүниеңнің өзіңнен табылып тұрғанына не жетсін?! Еліміздегі химия өнеркәсібінің іргелі кәсіпорындарының бірі – өз өнімдерімен ерекшеленетін Ақтаудағы «ҚазАзот» зауыты. Негізі сонау 1964-1970 жылдары қаланған кәсіпорын талай өзгеге қосылу, қайта бөліну нәтижесінде тәуелсіздік алған соң жаңаша құрылды, жаңа тарихын бастады. Бүгінде еліміздің индустриялық дамуы барысында өзіндік қадамын қалыптастырып, өтімді өнімдерімен танылған іргелі мекеме. Синтетикалық сұйық және газ түріндегі мүсәтір мен  мүсәтір селитрасын, сондай-ақ, әлсіз азот қышқылын өндіретін бірден-бір зауыт. Сұйық мүсәтір «Қазатомөнеркәсіп»  кәсіпорны бөлімшелеріне, Тараз қаласындағы «Қазфосфат» ЖШС-ға технологиялық қажеттіліктер үшін жеткізілсе, мүсәтір селитрасы екі түрлі мақсатта қолда­нылады. Бірі ауыл шаруашылығы саласында минералды тыңайтқыштар ретінде пайдаланылса, екіншісі тау-кен өндірісі саласында қопару жұмыстары үшін  қоспаларды дайындауға жаратылады. Индустрияландыру бағытындағы мемлекеттік бағдарлама аясында жаң­­­ғырту мен қайта құрылымдаудан өткен өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтар орнату нәтижесінде жаңа технологиямен жұмыс жасай бастады. Ал ол өз кезегінде еңбек өнімділігіне жол ашты, сондай-ақ, жұмысшылар саны 30 адамға артты. Қазіргі таңда  «ҚазАзот» ЖШС-інде фосфорлы минералды тыңайтқыштар өндірісінде бұрыннан қолданылған құрал-жабдықтардың негізінде кәсіпорынның мамандарымен жасалған түйіршіктеу барабандарында сирек кездесетін мүсәтір сілтісін түйіршіктеу технологиясы пайдаланылады. Төл өнімдерімен әлемдік нарықта лайықты бәсекелес бола алатын  зауыт өнімдерін Румыния, Латвия, Венгрия, Молдавия, Литва, Эстония, Болгария, Польша, Украина, Ресей, Түрікмен­стан, Әзербайжан мен Қырғызстан нарықтарына шығарып келеді, деректерге сүйенсек, соңғы үш айда 50 тоннадан астам өнім шет мемлекеттерге шығарылған. Қайта жаңғырту мен құрылымдаудан өткен зауыттың еңбек өнімділігі 50 пайызға артып, яғни 250 мың тонна мүсәтір, 450 мың тонна азотты тыңайтқыш өндірілген.  Құны 5 610 млн. теңге құрайтын жоба толық қуатына енгенде мүсәтір өндіру көлемін жылына 200 мың тоннаға, әлсіз азот қышқылын жылына 270 мың тоннаға, мүсәтір селитрасын осы мерзімде 330 мың тоннаға жеткізу межеленіп отыр.  Кәсіпорын әзірге жобалық қуатына толыққанды шыға алған жоқ, себебі, әлі де  бірқатар жабдықтарды жаңартуды қажет ететіндігімен байланысты. Құрлықта «Жезқазған – Бейнеу» және «Өзен – Түрікменстанмен мемле­кеттік шекара» жаңа теміржол желісінің ашылуы, теңізде тасымал қарқынын арттыруға арналған шаралар өңірдегі әр салалы кәсіпорындардың да өрісін кеңейте түседі. «ҚазАзот» ЖШС де бұл мүмкіндіктен тысқары қалып жат­қан жоқ, экспортқа шығаратын өнім көлемін арттыруының бір себебі де осы. Алдағы уақытта Түрікменстанмен арада Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Парсы шығанағына жету жолдары қарастырылып, келіссөздер жүріп жатыр. ...Күнделікті өмір ырғағымен жұмыс уақыты басталған соң, «ҚазАзотты» бетке алған мыңға тарта жұмысшы зауыт аума­ғына еніп, өз жұмыс орындарына, арна­йы цехтарға тарай бастады. Көп ұза­май құрал-жабдықтарын іске қосып, кезек­ті өнім дайындаудың қамына кірісті. Алда үлкен жоспар-жобалар, міндеттер тұр. Сырт­қы нарықта бәсекеге берік болу, өнім сапасы мен еңбек өнімділігін арт­ты­ру, қажетті орындарды өніммен қамта­масыз ету  – кәсіпорындағы мақсат осы. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы. Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН.