• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2024

Цифрлық хабарға кезең-кезеңмен көшеміз

65 рет
көрсетілді

Цифрлық әлем толассыз өзгеріп жатыр. Заманауи технологияның құбылуы телевизия саласын да айналып өтпеді. Елімізде аналогтен цифрлық телевизиялық хабар таратуға көшу 2018 жылы бас­талып, халықтың 93 пайызын қамтыған еді. Енді елде аналогті хабар тарату 2025 жылы біржола тоқтайды деп көзделіп отыр. Алдымыздағы 1 қыркүйектен бастап еліміз цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға (ЦЭТВ) кезең-кезеңімен көшу жалғасады. Бұл жолы тізімге ішінара Шығыс Қазақстан, Абай, Атырау облыстарының елді мекендері кіреді. Құтты қадам телевизия бағдарламаларын көруді осы өңір тұрғындарына бұрынғыдан да қолжетімді әрі сапалы етуге бағытталған.

Аналогті хабар таратудың артықшылығы

Жаңа буын цифрлық телевизия­сы сигналдың жоғары жылдамды­ғын қамтамасыз етіп, көрерменге көптеген жаңа мүмкіндік ашады. Енді пайдаланушылар көп арнаны жақсы сапада көреді. Оның ішінде жақсартылған сурет пен дыбыс сапасы, мультимедиялық қосымшалар, радио, электрондық хабарлар бағдарламасы, субтитр тілін таңдау бар. Мұның аналогті телевизиядан айырмашылығы көп. Мысалы, цифрлық сигнал кедергіге төзімді әрі ең шалғай елді мекендерде де көрерменге шуыл мен бұрмалаусыз беріледі. Бұл – осы өңірлердің тұрғындары іркілістер және сурет пен дыбыс сапасының төмендігін ұмытады деген сөз.

ЦЭТВ-ға көшу – елімізде телевизияны дамытудың жаңа бағытын ашады. Цифрландыру шағын елді мекендерде көп телеарна қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аналогті фор­маттағы 2-3 арнаның орнына 15 арнаға дейін қабылдайды. Облыс орталықтарында көрермендерге ­30 арна қолжетімді болады. Бұл ретте оларды жіберу үшін қажет­ті электр энергиясын тұтыну айтар­лық­тай азаяды.

Бұл қадам барлық азаматтың өмір сүру сапасы мен ақпараттық қол­жетімділігін арттыруға бағыт­талған. Осы жоспар іске асса, елді цифрландырудың жалпы стра­тегиясының бір бөлігі орын­дал­мақ. Аналогті телеви­зия­дан ажыратылып, цифрлық эфирлік телевизияға ауысатын елді мекендердің толық тізімін «Қаз­телерадио» акционерлік қоғамының сайтынан оқи аласыз.

Аналогті хабар таратудың артықшылығы көп. Телевизия ақпарат берудің маңызды құралы мен әр азаматтың конституциялық құқығы болғандықтан, сапасы маңызды. Дамыған елдерде телевизияны цифрландыру қоғам мен заманауи технологиялардың даму динамикасын көрсететін техникалық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси мәселеге айналған. Біз де сол көштен қалмауымыз керек.

 

Технология дамуындағы маңызды кезең

Аналогті хабар тарату кезінде кескін мен дыбысты жіберу үшін аналогті электр сигналы қол­­данылады және бір жиілікке бір арна бекітіледі. Цифрлық хабар таратуды, керісінше, сигнал беру жылдамдығы жоғары, жаңа буын телевизиясымен танылады. Оның көптеген артықшылығы бар. Әуелі арналар саны көбейе түседі. Шағын елді мекендерде арналар саны 3-тен 15-ке дейін, ал облыс орталықтарында 30-ға дейін артады. Екіншіден, сурет пен дыбыстың сапасы жақсарады. Қосымша қызмет­­тері де көп. Түймені бір басып экранға шығарылатын электрондық хабарлар бағдарламасы (EPG) бар. Субтитрлар тілін таңдаудан бөлек, мультимедиялық қосымшалар мен радио іске қосылады.

Отандастарымыз отандық теле­арналарды цифрлық сапада және абоненттік төлемсіз көре алады. Телеарналарды көру екі тілде – қазақ және орыс тілінде қарастырылған. 2025 жылға қарай Қазақстан халқы­ның кемінде 98 пайызын цифрлық эфирлік телевизиямен қамтуды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл қадам телесигналдың сапасын жақсартып қана қоймай, халықты ақпараттық және мәдени байыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. ЦЭТВ-ға­­ көшу – трансляция сапасын жақ­сарту ғана емес, сонымен қатар елдің технологиялық дамуындағы маңызды кезең.