• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ұлттық спорт 13 Тамыз, 2024

Керуен тартар көшелі дода

108 рет
көрсетілді

Сүйінші! Далалық құндылықты қастерлеген этноспорт додасы елорда төрінде, қалалық өркениеттің өрісінде керуен тартпақ. 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары жалауын желбіретеді. 89 елден келетін 2 мыңнан аса саңлақ 21 спорт түрі бойын­ша додаға қосылады. Одан сырт мәдени мұра, ұлттық құндылықты дәріптейтін іс-шаралар өткізіліп, төл өнердің өрісін кеңейту бағытында ғылыми конференция, талқылау жиыны ұйымдастырылады.

Мәдениет пен ғылымның мәйегі

Ұлттық спорт түрлерінен додаға ғана емес, мәдени ғылы­ми бағытта өрбитін көшпе­лілер ойындарының ел руханиятына қосар үлесі орасан. Мәдени бағдарлама аясында Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының салтанатты ашылу рәсімінен бір күн бұрын, яғни 7 қыркүйекте «Көшпелілер ғаламы» деп аталатын этноауылдың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылмақ.

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында өтеді. Осы күні «Астана – көшпелілер астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылым көпшіліктің назарына ұсынылмақ. Мәдени іс-шараға Дүниежүзілік көшпе­лілер ойындарын тамашалауға келген шетелдік қонақтар мен ха­лықаралық спорт ұйымда­рының басшылары қатысады. Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени іс-шаралар өткізіледі. Соның ішінде еліміздің үздік қолөнершілерінің ең ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлер өз қолөнерінің қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтары болады. Елге аты мәшһүр белгілі айтыскерлер қатысатын дәстүрлі ақындар айтысы Этноауылдағы мәдени бағдарламаның мерейін асырмақ. «Көшпелілер ғаламы» фестивалі мәдениет әлеміндегі заманауи үрдістерді көрсетеді.

Іс-шаралар бағдарламасында этно­ауылдың ең жеткіншек қонақтары – бала­ларға да ерекше көңіл бөлінеді, олар көпте­ген ойын-сауық және таным­дық ойын алаңы мен этностық стиль­дегі аттракциондарды тама­­шалайды.

Сондай-ақ Этноауылда сән көрсеті­лімі өтетін арнайы подиум құрылады. Этностық сән фестивалі аясында ұлттық киімдердің түрлі үлгілері, оның ішінде осы трендтің көшбасшысы – Global Nomads үлгілері қала тұрғындары мен қонақтардың назарына ұсынылады.

Этноауылда жыртқыш құстарды салудан жарыстар мен ұлттық күрес түрлері­нен көрнекі қойылымдар өткізіледі. Ұлт­тық тағамдар фестивалі қазақ халқы­ның қонақжайлылығы мен ақкөңілді­гін көрсетеді дейді ұйымдастырушы­лар. Мұнда шеберлік сабақтары өткізі­ліп, әрбір келуші тамақ пен сусын дайын­дау үдерісіне өзі де қатыса алады.

Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының үшінші тармағы – ғылыми ба­ғыт­та өрбімек. V Дүниежүзілік көш­пелілер ойындары аясында 9-11 қыркү­йек аралығында Ұлттық мұражайда этноспортты дамытудың түрлі аспектісі зерттелетін «Көшпелі халық: тарих, таным, тағылым» халық­аралық ғылыми-тәжірибелік конференция өт­кізіледі. Ғылыми басқосуда тарих және мәдениет бағыты бойынша түркі әле­мінің көшпелі дәстүрлері мен рухани байлығы, көшпелі мәдениет пен ұлттық спорт дәстүрлерінің еларалық ынтымақтастықты дамыту­дағы рөлі айқындалады. Спорт ғылымы негізінде елімізде және Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына қатысушы мемлекеттерде ұлттық спорт түрлерін дамытудың қазіргі жағдайы: ұлттық спорт түрлерінің қалыптасу тарихы мен идеологиясы­ның мәселелері, сала­ның қазіргі даму өрісіне баға берілмек. Сонымен қатар Орталық Азиядағы көшпелілерінің та­мақтануы: қазіргі көшпелілердің ас-ауқаты; тамақтану мен адам микробио­масы арасындағы байланыс; сүт қышқыл­ды бактериялар және оларды қолданудағы жаңалық айқындалмақ.

 

Билет құны қанша?

Этноспорт аламанының ашылу рә­сі­мінің һәм ұлттық спорт түрлері бойын­ша өтетін сайыстарды тамашалаушы жанкүйерлер үшін билет сатылымға түсті. Стадионды дүбірге бөлейтін ашылу рәсімінің салтанатын көремін дейтін жандар билетті 15 000 теңгеден 50 000 теңге аралығында сатып алады. Спорт бағдарламасына 21 спорт түрі кіреді. Спорт жарыстарына орташа билет құны – 3 600 теңге аралығында. Қазақ күресі, алыш және көрәш Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді және билеттер бағасы 2 500 теңге мен 7 500 теңге аралығында болады. «Алау» мұзайдынында асық ату, ордо, мас-рестлинг, күрәш, арқан тарту және ашыртмалы аба гүреші бойынша жарыс­тар өтеді. Билет құны – 1 000-3 000 теңге аралығында.

Көкпар, көк бөрі және бәйге бойынша тартысты жарыстар «Қазанат» иппод­ро­мында өтеді. Көкпар мен көкбөрі бо­йын­ша іріктеу кезеңдеріне билеттер ­құны 2 000-15 000 теңге аралығында болса, финалдық кезеңінің билеттері де сол баға мөлшерінде сатылады.

Бәйге жарыстарына билет құны 3 000-15 000 теңге болмақ. Этноауылда жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, құсбегілік, сондай-ақ алыптар сайысы – «Powerful Nomad» жарыстарын көруге болады. Атал­ған спорт түрлері бойынша билеттер 1 000 теңгеден басталып, 2 000 тең­ге ара­лығында сатылады. Көрермен көз­айы­­мына айналған дәстүрлі садақ ату спор­т­ы бойынша бәсекелер «Арғымақ» ат-спорт­тық сауықтыру кешенінде өтеді. Би­леттер құны 600 теңгеден басталып, 3 000 теңгеге дейін болады. Дәстүрлі зияткер­лік ойын­дар саналған тоғызқұмалақ, мангала және овари жарыстары көрермендерсіз өтеді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. 50% жеңілдік мектеп оқушылары (6 жас­тан 18 жасқа дейін) мен зейнеткерлер үшін қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балалар (орынсыз) мен I және II топтағы мүгедектер билеттерді тегін ала алады. Жеңілдік билеттерін растайтын құжатты көрсеткеннен кейін оффлайн кассалардан сатып алуға болады. Бес күнге ұласатын ұлттық спорт додасында 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.