• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Тамыз, 2024

Ең төменгі жалақы өсе ме?

134 рет
көрсетілді

Қазіргі күні еліміздегі ең төменгі жалақы (ЕТЖ) нақты медиандық жалақы және кәсіпорындардың төлем қабілеттілігін көрсететін еңбек өнімділігі бойынша статистикалық деректер негізінде есептеліп жүр. Дегенмен жуырда «Ашық НҚА» порталында еңбекті төлеу саясатына елеулі өзгеріс әкелетін заң жобасы жария талқылауға шықты. Осылайша, ел Үкіметі Халықаралық еңбек ұйымының Дамушы елдер ерекше ескеретін ең төменгі жалақыны белгілеу туралы 131-конвенциясын ратификациялауға ниетті.

Халықаралық еңбек ұйы­­мына (ХЕҰ) қо­сыл­­ған мемле­кеттер адамның негізгі құ­қық­тарына қатысты қағи­дат­тарды, оның ішінде 1970 жылы қабылданған ең төменгі жалақы туралы конвенцияны сақтауға тиіс. Яғни бұл конвен­ция экономикалық қыз­меттің барлық саласын және жұмысшылардың бүкіл сана­тын қамтитын ең төменгі еңбек­ақы сомасын айқындайды. Қазір құжатты 54 ел ратифи­ка­­ция­лаған. Ал бұрынғы ке­ңес­­тік республикалардың ішінде бұл тізімде тек Армения мен Әзербайжан бар. Еңбек министрлігі заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-эко­­номикалық салдарға әкел­мейтініне, керісінше, аза­маттардың әл-ауқатының жақ­сар­уына ықпал етіп, ең төмен жалақының әділ деңгейін орнатуға мүмкіндік беретініне сенімді. Бұл бағытта құжат халықаралық стандарттарды одан әрі енгізуді қамтамасыз етіп, еліміздің шын мәнінде осы сала­дағы әлемдік нормаларды ұстанатынын ресми түрде растайды.

131-конвенцияға сәйкес, оны қабылдайтын ел ЕТЖ айқын­дау кезінде қызметкерлер мен олардың отбасыларының қажеттіліктерін, жалақының жалпы деңгейін, елдегі өмір сүру құнын және басқа да маңызды факторларды ескеруге міндетті. ЕТЖ заң күшіне ие және төмендетуге жатпайды. Бұл ережені қолданбау жа­уапты тұлғаларға санкциялар салуға әкеп соғады. Баптың 1-тармағының ережелері сақ­талған жағдайда ұжымдық ке­ліс­сөздер жүргізу еркіндігі толық құрметтеледі. Кон­вен­цияның негізгі ереже­лерінің бірі – ЕТЖ белгілеу үдерісіне барлық мүдделі тарапты тарту. Олардың қатарына жұмыс берушілердің, қызметкерлердің өкілдері, сондай-ақ еңбек экономикасы саласында танылған құзыреті бар тәуелсіз сарапшылар кіреді. Бұл тәсіл мәселені неғұрлым тең және әділ шешуді қамтамасыз етеді.

ЕТЖ анықтау тәсілдері ел эконо­микасының, еңбек нары­ғының ерекшеліктеріне және басқа факторларға байланысты. Қазіргі кезде әлемдік тәжірибе ЕТЖ-нің дұрыстығын бағалау үшін әртүрлі көрсеткіштерді пайдаланады. Ең көп тараған Кейц индексін (ЕТЖ-нің елдегі орташа жалақыға пайыздық қатынасы) Халықаралық еңбек ұйымы ел үкіметтеріне 50 па­йыз деңгейінде ұстауды ұсынады. Со­нымен қатар көптеген әлеу­мет­тік бағдарланған елдер бұл көрсеткішті ұлғайтып та жатыр. Мысалы, кейбір Еуроодақ елдерінде Кейтц индексі 60-70 пайызға дейін жетсе, Латын Америкасында 88 пайыздан асады. Бізде 85 мың теңгені құрайтын ЕТЖ-ға Кейц индексін қолдансақ, ол шамамен 30 пайызды көрсетеді екен. Халықаралық құжатты қабылдаумен ЕТЖ сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейі негізінде емес, жүйелік стандарттарды басшылыққа ала отырып айқындалады. Демек, еліміз 131-конвенцияға қосы­лып, Кейц индексі орташа жалақының кемінде 50 па­йызын құрайтын болса, онда орташа жалақы шын мәнінде қанша болуы керектігін есептеу оңай. Осы жылдың басында жалақының медиандық мәні 259 463 теңгені құрады. Яғни конвенция қабылданса, респуб­ликамызда ең төменгі жалақы айтарлықтай өсіп, 130 мың теңге мәніне теңеседі.

ЕТЖ көрсеткішінің өсуі халық табысының артуына айтар­лықтай серпін береді. Сарап­шылардың баға­лауынша, бұл өсім жалда­ма­лы жұмыс істей­тін кем дегенде 2 миллион адамның және бюджеттік ұйым­дар­дың жұмыс­шы­ла­ры­ның кірісіне оң әсер етеді.