• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Тамыз, 2024

Антифрод орталығының игілігі

112 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз, азаматтардың алаяққа алданған не болмаса алдана жаздаған оқиға­ларынан аяқ алып жүргісіз. Алдап-арбаудың түрі көп қазір. Әлеуметтік инженерияны тәуір меңгерген хакерлер телефон соғуды сиретіп, енді WhatsApp желісін пайдалануға көшкен. Әуелде орысша жазып, «тауы шағылып» жатушы еді, қазір қазақша сөйлеуді де меңгеріп алыпты.

Таң азанмен белгілі журналист Қайнар Олжай ағамыздың жазғанын оқып, таңырқап отырмыз. Ол кісіге танымал суретші Жанұзақ Мүсәпір WhatsApp арқылы хабарлама жолдап, қарыз сұрайды.

«Ойымызда дәнеме жоқ, жолдастың ватсабына «Кімге аудару керек, Жақа?» деп жаз­дық. Бір минут өтпей жауап келді. Кәртішке нөмірді көр­сетіпті. Оны смартфоннан қа­ғазға мұқияттап жазып алдық. Өйткені сансыз ой құйылып тұратын мына басқа цифр тұрмайтын жыны бар. 4400 4302 2130 3933. Қағазға жазып алып, үстінен бір тексердік. Содан кейін Каспи қосымшасын ашып, ақша аудару үшін осы кәр­тішке нөмірін тердік. «Төлеген Д» деп тұр екен. Анық­­тап алу үшін Жақаңа хабар жолдадық. «Иә» деп жауап бер­ді ол кісі», дейді.

Сөйтеді де, ағамыз Жақаң­ның көрсеткен кісісіне әлгі 250 000 теңгені аударады. Бірақ қызық болғанда, банк бұл аударымды өткізбейді. Карта нөмірін тағы бір мәрте тексеріп, екінші рет аударуға талпынады. Бұл жолы да жүзеге аспай қалады. Кейін барып телефон шалып мән-жайды білген кезде, «Қайнеке, бұлар алаяқ­тар. Менің атымды пайдаланып жа­тыр, аудара көрмеңіз» дейді сурет­ші ағамыз шыр-пыр болып.

Қарапайым халық үшін 250 мың теңге аз сома емес. Қаншама жанның бір айлық еңбекақысы. Ол тұрмақ абайсызда 5 мың теңгеңізді жоғалтып алсаңыз да, жарты күн жаның сыздап жүреді...

Айтайық дегеніміз, алаяқтар­ға қойылатын тосқауылдың соң­ғы кезде нығайып жатқаны. Әйтпесе, Қайнар ағамыздың әдепкі аударымы-ақ кедергісіз бәзбіреудің шотына топ ете қалғалы тұр еді. Мұны Ұлттық банк бірнеше күн бұрын ғана іске қосқан «Алаяқтыққа тән транзакциялар бойынша дерек алмасу орталығының» – Антифрод орталығының игі­лігі десе бол­ған­дай.) Жоба құ­­қық қорғау органдарымен және қаржы нарығына қатысу­шы­лармен бірлесіп іске асырылып отыр.

Ұлттық банк таратқан мәлі­метке сүйенсек, Антифрод ор­талығы алаяқтық белгісі бар операцияларға қарсы әрекет ету үшін құрылған.

«Қаржы ұйымдарына алаяқ­­­тыққа тән операциялар­ды­ анық­тауға және бұғаттауға, алаяқтық белгісі бар операция­лар­ға жедел әрекет етуге, оның қа­­тысушылары арасында нақ­ты­ уақыт режімінде ақпарат ал­масуға да мүмкіндік береді. Анти­фрод орталығының жұ­мысы алаяқ­тық операциялар бойын­ша бірыңғай деректер базасын жүргізуді де көздейді. Плат­форма іске қосылған сәттен бас­тап қаржы ұйымдары мен құ­қық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша 400-ге жуық фактіні анықтады және алаяқтық әрекеттермен байланысты 30 миллион теңгеге жуық қаражатты бұғаттады», делінген хабарламада.

Алдағы уақытта күдікті тран­­закцияларды анықтау тиім­ділігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану да жоспарда бар екен. Бұл жерде ескере кететін бір жайт бар – әлдебір пысықай-алаяқтар (алаяқтар жуас болушы ма еді өзі) «Біз Антифрод орталығынан хабарласып тұр­мыз, сіздің шотыңызда күмән­ді аударым жүріп жатыр» деп хабарласып, қалтаңызды қағып-сілкіп кетуі де бек мүмкін ғой. Сондықтан біле жүргеніңіз абзал – Антифрод орталығының қызметкерлері мен өкілдері ақпарат жинау немесе қандай да бір операция жүргізу мақса­тында ешуақытта жеке тұлғаға қоңырау шалмайды.

Орталық қызметкерлері тек қаржы, төлем ұйымдарымен, құқық қорғау органдарымен және ұялы байланыс операторларымен жұмыс істейді. Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға және Антифрод орталығы атынан деп қоңырау шалуы мүмкін алаяқтардың әрекетін елемеуге шақырады.