Биыл Атырауда Қазақстан Президентінің қатысуымен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өткені белгілі. Жиында Мемлекет басшысы көптеген маңызды тақырыптарды, соның ішінде суды үнемдеу мәдениетін енгізу мәселесін көтерді.
Нұржан НҰРЖІГІТОВ,
Су ресурстары және ирригация министрі
Мемлекет басшысының суды үнемдеп пайдалану мәдениетін енгізу және оған ұқыпты қарау мәселесіне ерекше назар аударуы тегін емес. Осы міндеттерді жүзеге асыруға барлық жауапты сала органдары жұмыла кірісуі керек.
Біздің министрліктің су үнемдеу бағытында қандай жұмыс атқарып жатқаны туралы айтсақ, бірінші кезекте Парламент Мәжілісіне енгізілген жаңа Су кодексінің жобасын атап өту керек. Бұл – бірқатар ауқымды жаңашылдықты қамтитын және су заңнамасын өзектендіруге арналған іргелі құжат. Жаңа кодекстің мақсаты – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғауға мүмкіндік беретін суды пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және соны ұстану. Осыған дейін су экономикалық пайдаға қол жеткізу құралы ретінде қарастырылып келген еді. Сондықтан құжаттың жаңа редакциясында өзен, көл және теңіз экожүйесін сақтауға қажетті су ағынын ескеріп, халық пен экономика салаларының қажеттілігіне сәйкес су алудың рұқсат етілген көлемі қайта есептелмек. Сондай-ақ жаңа құжатта кәсіпорындардың су үнемдеуіне, оны тазартуына, қайта пайдалануына ерекше мән беріледі. Бүгінде шағын және орта бизнес нысандары ауыз суды ұдайы пайдаланғандықтан, суды қайта пайдалану технологияларын енгізудің шұғыл қажеттілігі туындап отыр.
Су үнемдеу мәдениетіне қоғамдық жауапкершілік пен бақылау аса қажет емес. Сол себепті жаңа Су кодексінде коммерциялық емес ұйымдарға су ресурстарына бақылау жүргізуге аккредитация беру тәртібі жазылған. Бұл жерде министрліктің бассейндік инспекцияларына қадағалау функциялары беріледі, олардың штаты 1,5 есе ұлғайып, әр облыс орталығында бөлімшелері ашылады.
Елімізде су тұтыну мәдениетін енгізуге қатысты алдыңғы қатарлы елдер тәжірибесіне назар аудардық. Атап айтқанда, су ресурстарын басқару саласындағы Еуропа мен әлемдегі ең прогрессивті елдердің бірі Германияның тәжірибесін зерделедік. Бұл тек су нысандарын қорғау емес, ауыз суды үнемдеуге, суды өнеркәсіпте тиімді тұтынуға да қатысты. Германияның су заңнамасына сәйкес су табиғаттың бір бөлігі, жануарлар мен өсімдіктердің тіршілік кеңістігі ретінде қорғалады. Немістің су туралы заңының негізгі қағидасы – «арнайы рұқсат етілмеген нәрсеге тыйым салынады». Осындай әлемдік озық тәжірибелерді зерделей отырып, Су кодексінің маңызын арттыра түстік. Құжаттың жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан, бітелуден қорғауға басымдық беріледі.
Су ресурстарын үнемді пайдалануға орай нақты қадамдарды белгілеуге министрлік 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеп, құжат Үкіметпен келісілді. Жол картасы су саласын цифрландыру, шаруаларға арналған мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи үнемдеу технологияларын енгізу, неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу туралы іс-шараларды іске асырады. Сондай-ақ Жол картасында кәсіпорындарда суды қайта пайдалануды енгізу, коммуналдық сумен жабдықтауды есепке алу жүйелерімен толық қамту, ірі елді мекендерде тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану, шығынды азайту, су ресурстарын тұтыну мәдениетін енгізу жазылған. Құжат елдегі су саласының барлық бағытын қамтиды. Суды кәсіпорындар мен шаруалар ғана емес, барлық тұрғын үнемдеуге тиіс. Сондықтан Жол картасына азаматтар арасында суға ұқыпты қарау мәдениетін насихаттау бойынша да іс-шаралар енгізілді.
Ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологиясын енгізуге ынталандыру шаралары әзірленіп жатыр. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, егістіктерге су үнемдеуге қатысты жабдықтарды сатып алуға және орнатуға арналған шығындарды субсидиялау мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жоспарланды. Ал жаңа Су кодексінде су үнемдеу технологиясын енгізуге байланысты шаруаға субсидия және су беру қызметіне төмендетілген тариф түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Сондай-ақ суармалы су тарифтерін дақыл түріне және тұтынатын су көлеміне қарай есептеу ұсынылып отыр. Осы жерде «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорны суару маусымына дайындық аясында тікелей келісімшарт жасайтынын атап өткіміз келеді. Бұл ортадағы делдалдарсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сол арқылы қызмет құны да төмендейді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бағытында әрбір өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған алаңдар үлесін арттыруға қатысты нақты индикаторлар берілді. Осыған сай 2030 жылдың соңына қарай суармалы жердің 50%-дан астамын су үнемдеу технологиясымен қамту, осының нәтижесінде жылына 2,2 текше шақырымға дейін су үнемдеу жоспарланып отыр. Екіншіден, су үнемдеу технологиясында шетелдік және отандық компаниялармен тұрақты түрде келіссөз жүргізіледі. Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облысында кездесу ұйымдастырылып, фермерлерге суды үнемдеу саласында бірқатар ұсыныс айтылды.
Елде су тапшылығының алдын алу барысында жерасты суын игеру маңызды рөл атқарады. Алайда жерасты суының қорын игеру оларды бақылаусыз пайдалану дегенді білдірмейді. Гидрогеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру және жерасты су ресурсына мемлекеттік бақылау мен мониторинг жүргізуге байланысты Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды.
Жерасты суларын мақсатты пайдалануды министрліктің бассейндік инспекциялары да қамтамасыз етеді. Мысалы, былтыр Жамбыл облысының өзінде шағын бизнес нысандарының жерасты суларын заңсыз пайдаланудың 14 жағдайы анықталды. Қоғамдық моншалар, көлік жуу орындары және өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орындары сынды барлық құқық бұзушыларға айыппұл салынып, толығымен өндірілді.
Қазақстан бойынша 55 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 103 бұзушылық анықталды. Олар – су шаруашылығы құрылысы мен құрылғысын пайдалану тәртібін бұзу, су ұңғымаларын заңсыз бұрғылау және жерасты суының су жинағыштарын салу, суды бастапқы есепке алу, оны пайдалану қағидаларын бұзу, есепке алу деректерін бұрмалау, су нысандарын заңсыз басып алу, белгіленген лимиттерден артық су алу, т.б бұзушылықтар әшкере болған.
Тұтыну және суға ұқыпты қарау мәдениеті – күнделікті өмірдегі суды үнемдеу ғана емес, маңызды нысандарды – көлдер, өзендер, теңіздерді қорғау. Мысалы, жыл сайын Каспий теңізіндегі су деңгейін сақтау мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан Каспий теңізінің ғылыми зерттеу институты құрылып жатыр. Жыл басында Үкімет министрлік әзірлеген институт құру туралы қаулыны бекітті. Институт Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, итбалықтар популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейтін болады. Тағы бір бағыт – Каспий бойынша шекаралас басқа да мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етпек.
Институт Каспий теңізінің экожүйесі туралы шынайы, тәуелсіз ақпарат береді. Ал одан алынған деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болады. Ғылыми ұйым құру арқылы Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға да мүмкіндік туады.
Биылдан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорын басқарады. Еліміз алдағы үш жылда ұйымға төрағалық етеді, ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды.
Суға деген үнем трансшекаралық суды ұқыпты пайдалануға да қатысты. Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенция аясында трансшекаралық өзендердің суын пайдалану мәселесін шешуге ниетті. Биыл 25 наурызда Мемлекет басшысы аталған конвенцияны ратификациялау туралы заңға қол қойды. Конвенция – трансшекаралық өзендердің, көлдердің, олармен байланысты жерасты суының әділ бөлінуін қамтитын, сондай-ақ оларды пайдалануды реттейтін халықаралық құжат. Қазіргі уақытта конвенцияға қатысушы 37 мемлекет бар.
Конвенцияға сәйкес мемлекет өз аумағында халықаралық су ағынын пайдалану кезінде басқа мемлекеттерге зиян келтірмеуге қатысты қажетті іс-шаралар қабылдайды. Сондай-ақ су ағыны, су сапасы және тиісті болжамдар туралы қолжетімді деректермен тұрақты түрде бөлісіп отырады. Мұндайда мемлекеттер бір-біріне кеңес береді, жоспарланған іс-шаралардың халықаралық су ағынына әсері туралы келіссөздер жүргізеді.
Көрші елдермен ақпарат алмасу мақсатында Қазақстан мен өзге мемлекеттер пайдаланатын трансшекаралық су көлемі өлшейтін арнайы қондырғылар орнату жоспарланды. Бұл мәселе бойынша Өзбекстанмен ортақ келісім бар. Басқа мемлекеттермен де осы бағытта келіссөз жүргізілмек.
Жоғарыда айтылған барлық мәселе еліміздегі су саласының барлық бағытын қамтуға арналған. Мұндай ауқымды жұмыс суды үнемдеу мәдениетін кеңінен енгізу және оған ұқыпты қарау үшін қажет. Әрі мұны іске асыру – азаматтардың су ресурсының құндылығы туралы білімін арттыруға, оны үнемдеу – әрбір азаматтың қолынан келетін борыш екенін сезіндіруге мүмкіндік береді.