Әрбір сәби бақытты өмір сүруге құқылы. Тағдырдың тауқыметін кешсе де, жақсылықтан күдер үзбеуі керек. Осы ретте Жетісу өңірінде балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. Бұл мекемелерде бір мезгілде 500-дей бала ем ала алады. Оларға білікті мамандар қызмет көрсетеді. Заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтанған нысандар талай балаға кешенді қолдау көрсетіп, денсаулығын оңалтуға сеп болып отыр.
Ерекше күтімді қажет ететін балаларға сауықтыру орталықтары ауадай қажет. Мәселен, мұнда психоневрологиялық патологиясы, тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. АВА терапиясы, емдік массаж, денешынықтыру, су рәсімдері және тиімді оңалтуға қажетті басқа да әдістер қолданылады. Осындай нысанның бірі Үшарал қаласында орналасқан «Жансая» күндізгі орталық 50 орынға арналған.
Орталық ашылғанға дейін Алакөл ауданында мүгедектігі бар балаларға арналған мұндай оңалту нысаны болған жоқ. Ата-аналар өз қаражатына балаларын Алматы, Астана қалаларына оңалтуға апарып жүрген. «Жансая» орталығы ашылғаннан кейін қазір мәселе жергілікті жерде шешімін тауып, орталық балаларға тегін қызмет көрсетіп жатыр.
Әлеуметтік нысанға келуші ата-аналардың бірі, Үшарал қаласының тұрғыны Айгүл Каримова қызы Әминаның осы оңалту орталығынан ем шараларын алып жүргеніне екі жылға жуықтағанын айтады.
«Балам орталыққа алғаш келген кезде жүрмейтін, қазір жүреді. Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Олардың қызметтеріне ризамын, алғысым шексіз. Бұл жерде қызым емдік денешынықтыру, еңбек, музыка сабақтарына қатысады, массаж алады, баламен логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Мұндай кешенді ем шаралары баламның денсаулығына оң әсерін тигізіп отыр», дейді А.Каримова.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, мұнда «Имитрон» серуендеу тренажері, нейро-ортопедиялық оңалтуға арналған комбинезон, қадамдық тренажер, тірек рамасы, физиотерапиялық құралдар сияқты оңалту жабдықтарымен қамтылған. 50 орынға арналған «Жансая» орталығы 2022 жылдың тамыз айында ашылған. Орталықта 57 адам жұмыс істейді.
Қазір орталықта 35 бала оңалтудан өтіп жатыр. Ал облыстағы жалпы саны 6 оңалту орталығында 380 бала арнайы әлеуметтік қызмет алады.
Айта кетейік, жалпы 6 балаларды оңалту орталығының бесеуі Жетісу облысы құрылғаннан кейін ашылды.
Жетісу облысы