• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ғылым 16 Тамыз, 2024

Профессор-оқытушы құрамның еңбекақысы өсті

296 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Алматыда жас ғалымдар және студенттермен кездесуінде жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдардың еңбекақысын көтеруді тапсырып, студенттермен бірге отандық білім беру жүйесінде педагог те басты тұлғаға айналуы тиіс екенін айтқан еді.

Алдымен Президент тапсырмасын орындау мақсатында елі­­міздің Жоғары білім мен ғы­лым­ды дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжы­рым­­дамасына жоғары білім беру сапасын және ғылыми зерт­теу­лердің нәтижелілігін арт­тыруға бағытталған өзгеріс ен­гізілді. Мәселен, жоғары оқу орындарындағы профессор-оқытушы құрамының жалақы мөлшері 160,7 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін, ұлттық жоғары оқу орындарында 228,8 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін өсті. Ал былтырғы бірінші қаңтардан бастап ғылыми ұйым­дар қызметкерінің лауазым­дық жалақысы 18 пайызға артса, биылғы қаңтардан олардың еңбекақысы тағы да 18 пайызға, келесі жылғы қаңтардан 17 пайызға көбейеді.

Бұдан бөлек, «Қазақстан Республика­сы­ның кейбір заң­намалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көзделген нормалар шеңберінде ғылыми атақтардың болуы үшін ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Бұл заңға Мемлекет басшысы биылғы 6 мамырда қол қойды.

Заңға енгізілген түзетулердің бірінші желісі педагогтер мен ғылыми қызмет­­кер­лер­дің ма­териалдық жағдайын жақ­сар­туға арналған. Атап айт­қанда, белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері көбейді.

Мәселен, философия докторы (PhD), бейіні бо­йынша доктор дәрежесі үшін 17 АЕК; философия докторы дәрежесі (PhD) және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы, бейіні бойынша доктор дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 25 АЕК; ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі үшін 17 АЕК, ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін 34 АЕК; ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 25 АЕК, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы үшін 42 АЕК; философия докторы (PhD) дәрежесі және профессор ғылыми атағы, бейіні бо­йынша доктор дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК; ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша ақы белгіленеді.

Ғылыми дәрежесі мен атағы үшін осындай ай сайынғы қосымша ақы негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу жүр­гізетін ғылыми қыз­мет­керлерге де белгіленді.

Сондай-ақ 40 жасқа толмаған талантты жас ғалымдарға жо­ғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйы­­мының эндаумент-қорының ин­вестициялық кіріс қаража­ты­нан стипендия алу құқығы берілді.