Әдетте жетімдіктің тақсіреті туралы сөз бола қалса, соғыс жылдары туып, әкесіз қалған, төрт-бес баласын қайтсем аман өсірем деп колхоздың бір тиын ақша бермейтін ауыр жұмысынан ауру тауып, сол аурудан көз жұмған аналарынан жетім қалған балалар жетімдік туралы сөз бола қалса, әрқайсысы әртүрлі мұңын шағып, зарлап қоя береді.
Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаянын оқып шықсам, біздің көрген жетімдік тақсірет оның жетімдік тақсіретінің қасында жіп есе алмайтындай болып көрінеді екен. Ол сегіз жасқа толғанда анасы қайтыс болып, артында емізулі бала қалыпты, өзі де ана қамқорлығына зәру жас бала емізулі нәрестемен жалғыз қалды. Оның сол кездегі бастан кешірген тақсіреті мен өмір азабын, тәптіштеп айтпаса да түсінікті. «Біз жетімдерміз, жетім боп жүріп жетілгенбіз» деп Мұқағали ақын айтқандай, «Бекең де адам айтса нанғысыз талай қиындықты бастан кешіріпті. Бекең өмірбаяндық жазбаларында өзінің қалай тірі қалғанын таңдана жазыпты. Мен өліп қалуым керек еді, бірақ, осы күнге жеткеніме таңғаламын» деп есейген шағында «Балалық шаққа саяхатында» толғана жазыпты.
Бірен-сараны болмаса, прозашылардың көпшілігі алғашқы шығармашылық жолын өлеңнен бастаған. Бекең де сол дәстүрден таймапты. Тұңғыш «Бұлақ» өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көріпті. Өлең өрісінде тағы біршама шығармалар жазып, өзінің негізгі кредосы мәртебелі проза ордасының табалдырығын аттады.
Бердібек Соқпақбаевты жалпы халыққа жазушы ретінде кеңінен танытқан жанр – поэзия емес, проза болды. Өлең өрісінен шығып, прозаға бет бұрды да, бұл салада өндіре еңбек ете бастады. Оның қаламынан әңгіме, повесть, романдар бірінен соң бірі жазылып Бердібек Соқпақбаевтың бұрынғы ақын атын ұмыттыра бастады. Әсіресе «Менің атым Қожа» хикаяты барша оқырман қауымды дүр сілкіндірген шығарма болды. Дүниеге келген күннен бастап «Менің атым – Қожа» оқырманның қолынан түспейтін бестселлерге айналды. Бұл шығарманы оқымаған қазақ жоқ шығар. Қазақ қана емес, ол туынды әлем оқырмандарына да әйгілі болды. 1962 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаев «Менің атым – Қожа» повесі бойынша көркемфильм түсіріп, ол да халықтың ең көп тамашалаған экрандық туындысына айналды. Ол фильм де түп анасы повесть сияқты әлемді шарлап кетті. Франциядағы «Канн» фестиваліне қатысып, «балалар өмірі туралы түсірілген ең сәтті туынды» деп бағаланып, сарапшылардың тарапынан жоғары бағаланды. Бұл шығарма жарық көрмей Бекеңнің тартпасында ұзақ уақыт жатып қалғанын бүгінгі қауым біле бермейді. Оған қойылған негізгі кінә – «шығарма балалар психологиясына кері әсер етеді. Мұнда тентектікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке баулу бар. Ондай жүгенсіздікке жол бермеу керек» деген тұжырым айтылып, цензура шығарманың жарық көруіне жол бермеді. Қанша жыл күлге көміп қойса да, алтынның аты алтын. Ұзақ жыл бұғалықпен арпалысып, ақыры оны үзіп шығып, «кең дүниеге тұлпардай шаңдатып шыға келді». Біздің елде сәтті шығарманың осылай бұғалыққа ілігетін әдеті бар. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» да осындай тасқамауда ұзақ уақыт жатқан жоқ па еді? Көзі тірісінде ұлы жазушы өз шығармасының жарыққа шыққанын көре алмай кетті. Алпысыншы жылдары ғана Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен тұңғыш рет «Новый мир» журналында жарияланып, Әуезовтің ең күрделі шығармасы қазақ оқырмандарының қолына осылай тиген еді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы» да мұндай бұғаудан аман қалған жоқ. Шын суреткердің шынайы бағасы ең әуелі өз елінде емес, жат елде танылады екен. Айтматовтың «Жәмиласы» да әуелі қырғыз тілінде емес, орыс тілінде, сонан соң қазақ тілінде жарық көрген соң барып қырғыз ағайындар амалсыз мойындады. Бір жағынан Айтматовтың әдебиеттегі жолы да сәтті болған шығар. Оның «Жәмиласын» әуелі Әуезов танып, Париждегі бір халықаралық жиында ол шығарманы ұлы Мұхаң француздың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Луй Арагонға ұсынып, повесть оған ерекше ұнап, өз журналында алғысөзімен жариялады. Мақаланың мазмұны да ерекше. Өлген досына «махаббат туралы мынандай айрықша шығарманы оқи алмай кеткенің өкінішті» деген мағынада жазылған хат әлемге тарап, Айтматов есімі бірден шетелдерде әйгілі боп шыға келді. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасы да әуелі өзімізде емес, сырт елде танылды. «Арқаға ердің батқанын иесі емес, ат білер, азаматтың қадірін ағайын емес, жат білер» деген қазақ мақалы мейлінше шыншыл-ақ. Ғылым мен әдебиетте мұндай фактілер жиі кездеседі. Б.Соқпақбаевтың шығармасы да әуелі шетелдерде жарық көрген соң барып өз еліне үлкен марапатпен қайтып келді. Сонан соң барып елі де, мемлекеті де оның шығармашылығына шын ықыласпен назар аудара бастады. Үлкен суреткерлерге тән бұл қасиет Соқпақбаевқа соқпай өткен жоқ. «Менің атым – Қожа» повесі туралы бір күлкілі әңгіме естіп қалып едім. Баяғыда, кеңес өкіметі кемелденіп тұрған кезде, әдебиеттен ауылы алыстау бір аудан басшысы өз баяндамасында идеология мәселесіне тоқтала келіп: «Біздің коммунистік идеологияға жат қожалар мен молдаларды өткір сынға алған «Менің атым – Қожа» шығармасы елімізде әлі де жойыла қоймаған діни-схоластикалық көзқарастарды қатты сынға алды» деп Соқпақбаевтың шығармасына атеистік тұрғыдан жақсы баға берген көрінеді. Елуінші-алпысыншы жылдардың өзінде ел арасында әдебиет жайлы түсініктер жұтаң, осы тақілеттес шалағай басшылар ауық-ауық кездесіп тұратын. Жұмекен Нәжімеденов бір оқиғаны күліп айтып жүретін. Өзінің жаңа шыққан өлеңдер жинағын аудандағы бір кеңшар директорына сыйға тартқан екен. Енді жаңа шыққан кітабын тағы апарып: «Сенің брошюраларыңды сақтап жүрміз. Сандықта жатыр», депті де әйеліне: «Әй, мына Жұмекеннің кітабына нофталин сеуіп тұруды ұмытқан жоқсың ба?», деп жерлесінің кітабына деген сүйіспеншілігін осылай білдірген екен. Бекең ондай «құрметтен» құр алақан емес көрінеді. «Менің атым – Қожаны» оқып шыққан бір әйел: «Шешек-ау, тура өз өміріңді жазып шығыпсың ғой. Атымызды атамағаның болмаса, бәріміз кітабыңда өріп жүрміз» деп қарқылдай күлген екен.
Бердібек өмірдің шындығын жазды. Сендіре жазды. Күлдіре жазды. Күрсінте жазды. Шығармаларының шыншылдығы сол, сонау Нарынқол аулының адамдары біздің Арыстың адамдарынан айнымайды. Шынайы шығарма әмбеге ортақ деген осы.
Бекең өмірде өте қарапайым болды. Өз шығармалары төңірегінде бірауыз сөз айтпайтын. Тіпті ештеңе жазбағандай, ештеңе бітірмеген адамдай өз бетінше үнсіз жүретін. Тіпті, анда-санда бір кездесе қалғанда да жаңа шығармалары туралы бірауыз сөз айтпайтын.
1991 жылы тұңғыш немерем Мерейдің тұсаукесер рәсімін өткізу үшін «Алматы» қонақүйінің «Иссык» мейрамханасының басшылығымен келісу үшін сол ғимаратта жүріп, Бекеңді сол жерде жолықтырдым. Мені көрді де сөзге тартты. Жүзінде аласапыран, сол кездегі өмірге өкпесі бар ма, салқын сөйлесті.
– Мына өмір не боп кетті? Бәрінің астан-кестені шықты. Ешнәрсенің қадірі қалмады. Әдебиет деген де мына өмірге қажет болмай қалды. Бәрін Мәскеу бүлдіріп жатыр. «Бұрынғы шығармалардың идеясы ескірді, «қайта құру» рухани сәйкес жаңа шығармалар жазу керек» деген талаптар қойылып жатыр. «Модернизм» дей ме, «постмодернизм» дей ме, бізге сол рухтағы шығармалар қажет. Бұрынғы әдебиеттің халыққа керегі жоқ» деп айғайшылар жаппай ұран көтеріп жатыр. Мен оған дайын емеспін. Жазарымды жаздым. Ол шығармаларды енді ешкім оқымайтын болса, жазушы ретінде менің де ұмытылғаным ғой, – деп түңіле сөйледі.
– Ондай сөзді қойыңыз, Беке. Бәрі оқылмаса да сіз оқыласыз...
– Әй, көңілімді көтеру үшін жұбату айтып тұрғаның ғой. Міне, сендер, Төлен екеуің бәрін сызып тастап басқа шығармалар жазуға мүмкіндіктерің бар. Менде жоқ.
– Аласапыран кезең де өтеді. Бәрі орнына келеді, – деп өктемсіп сөз айтқаныма ол көңіл аудара қоймады.
– Бәрі бітті ғой. Балабақшалар жабылып, кітапханалар мал қораға айналып, ел лай су ішіп, көп адам жұмыссыз. Жұмысы жоқ еркектер қазан-ошақтың басында қалды. Әйелдері қап арқалап базарда жүр. Оларға әдебиет керек пе?
– Керек, Беке. Айттым ғой, жұрт басқаны оқымаса да сізді оқиды деп. Қазірдің өзінде сізді оқып жатыр. Қазақ әдебиетсіз өмір сүре алмайды. Олар әдебиетпен егіз жаралған. Тіпті бұдан да қиын кезде олардың қолынан кітап түспеген.
– Шын айтасың ба? Жұрт әлі кітаптан қол үзген жоқ па?
– Жоқ. Менен гөрі жоқшылық пен жетімдікті көп көрген адамсыз ғой. Есіңізге түсіріңізші, қайта сондай кезде жұрт кітапты көп оқып, содан жұбаныш таппаушы ма еді?
– Иә, солай да болған еді-ау!..
– Бала кезім 6-7 жастамын ғой деймін. 48-49 жылдар ғой. Ауылда Шүкір деген кісі болды. Өзі соғысқа барып, бір қолынан жараланып, мүгедек боп қайтқан. Сол кісі жырқұмар еді. Ол кезде кітаптар көп шықпайтын. Қайдан екені белгісіз, көне жырларды тауып алып, біздің үйге келіп, ондық шамның жарығымен «Алпамыс батыр», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Кесік бас» сияқты жырларды дауыстап оқитын. Аш жүрсек те жырды елітіп тыңдаушы едік. Сол жырлардағы ерлік пен махаббатқа еліктеп біз де сондай болсақ деп қиял құшағында ұйықтап кетуші едік. Құдайға шүкір, қазір бәрі бар. Аш жүрген ешкім жоқ. Ал сіздің кітабыңыз бүгінде қолдан түспейтін, ең көп оқылатын кітап.
Бекең бетіме ұзақ қарап тұрды да, «шын айтып тұрсың ба?» деді өз күдігінен әлі айықпаған күйде.
– Құдайы шыным. Кімнен сұрасаңыз да менің сөзімді бәрі қостайды.
Бекең сәл ойланып тұрды да: «Әй, қайдам», деп ой құшағынан арылмаған күйі қоштаспай үнсіз жүріп кетті. Көкейінде топырлаған ойларын айтпай, өзімен бірге ала кетті.
Бекеңнің ажалына да осы үнсіздік жетті ме екен деп ойлаймын қазір. Қоғам өміріндегі жеке тұлғаға қатысты үлкен қайшылық оны психологиялық дертке ұшырататыны анық. Қожаның өмірі. Бекеңнің өмірі. Қожа болса өтірікке, жағымпаздыққа, жасандылыққа жаны қас. Ол мейлінше шындық әлемінде өмір сүреді. Бейімделгіш, жылтыр, жағымпаздыққа жақын Жантасты Қожаның жан-тәнімен жек көретіні сондықтан. Қожа табиғаты еркіндікті, шыншылдықты сүйеді. Бекеңнің табиғаты – Қожаның табиғаты. Ол да шынайы өмір сүруге талпынады. Бірақ оған кеңестік қатып қалған қағида жол бермейді. Сондықтан да ол кеңестік жүйемен шығармасы арқылы күрес әдісін таңдап алған.
Бердібек Соқпақбаев өз тіршілігінде өзгелер сияқты қоғам өмірі, билік идеологиясы жайлы мақала жазбапты. Соған қарамастан, оның соңына тәртіп сақшылары тыңшылар салып қойған көрінеді. Өз бетінше мақала жазбаған, қоғам өмірі туралы бірауыз келіспеушілік мақала жазбаған адамның соңына не себепті аңдушылар қойған? Талантты адам қоғам үшін, билік жүйесі үшін әрқашан қауіпті. Барлық кезеңде билік осындай бағыт ұстанған. Әлем әдебиетін былай қойғанда, іргеміздегі орыс әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің көпшілігінің ажалы мен азабы сол аңдушылар «еңбегінің» нәтижесі емес пе еді? Тіпті пролетариаттың ұлы жазушысы Максим Горькийдің өзі Сталин жайында бірауыз теріс пікірі үшін бас-аяғы бір сағаттың ішінде өлім құшқан жоқ па еді? Пушкиннің де тағдыры белгілі. Бар-жоғы 26 жастағы Пушкинді қабылдаған І Александр: «Мен бүгін Ресейдің ең ақылды адамымен сөйлестім», деп жазбаша пікір қалдырған сол патша ақыры түбінде дуэльді өзі ұйымдастырып, оны уланған оқпен атқызып өлім құштырды емес пе? Әрине, Бекеңнің өз басы ондай трагедияға ұшыраған жоқ, алайда оның соңына тыңшылар салып қойғаны бүгін белгілі болып отыр. Барлық патшада қауіп бар. «Страх – стража царей» деген ұғым ежелден қалыптасқан. Оларға төңірегінің бәрі жау боп көрінеді. Әсіресе талантты адамдар, өйткені олар еркін ойлайды. Жүйеге бағынбайды. «Егер сіз 1825 жылы Ресейде болған болсаңыз, Сенат алаңына шығар ма едіңіз, әлде үйде болар ма едіңіз?», деген патшаның сұрағына Пушкин ойланбастан: «Әрине, Сенат алаңында болар едім», деп тайсалмай жауап бергені үшін Александр оны бостандыққа шығарады.
Бірақ патша бәрібір оның осы сөзін кешірмеді, тіпті екінші бір дарын иесі М.Лермонтовты да бірауыз өлеңі үшін кешіре алмады.
«Прощай, немытая Россия,
Страна рабов, страна господ.
И вы, мундиры голубые,
И ты, им преданный народ» деген өлеңі де оның өліміне себеп болды.
Әрине, Бердібек Соқпақбаевтың өмірінде мұндай ашық қарсылық болған жоқ. Ол үнсіз күресті. Барлық ойы о дүниеге өзімен бірге кетті. Қазақта қатып қалған қағида бар: «Адам о дүниеге ештеңе алып кетпейді», деген. Бұл тек материалдық тұрғыда айтылған сөз. Шын мәнінде адам о дүниеге өзімен бірге көп нәрсе ала кетеді. Әсіресе ойлы, талантты адамдар үшін ол – болашақта жазылуға тиіс жаңа шығармалар. Пушкин мен Лермонтов дуэльде жастай өлмей, 60-70 жыл жасаған болса, талай-талай талантты шығармалар дүниеге келмес пе еді? Кеңестік репрессияға ұшырамаса, біздің де ақын-жазушыларымыз талай-талай тамсандырар шығармаларды дүниеге әкелетіндері анық еді ғой. Олар да көп дүниелерді өздерімен бірге ала кетті.
Өзінің айтуынша, Бердібек Соқпақбаев – жазғанынан жазатыны көп жазушының бірі. Тоталитарлық жүйе оның жазбақ шығармаларын ішінде тұншықтырды.
Қорыта айтқанда, туғанына биыл 100 жыл толған Бердібек Соқпақбаев шығармалары қазақ әдебиетінің, қала берді әлем әдебиетінің қазынасын молайта түсті. Өзге жұрттың әдебиетшілері мен оқырман қауым Соқпақбаевтың Қожасын Марк Твеннің Том Сойерімен салыстыра сөз ететіні қазақ әдебиеті үшін зор мақтаныш. Өз шығармалары мен әдебиеттің болашағы үшін үнемі күдіктеніп, енді бірде сергек ойлап сеніммен қарайтын заңғар жазушы Бердібек Соқпақбаев шығармалары бүгінде ең көп оқылатын, қазақтың рухани байлығын молайта түскен өлмес шығармалар екені анық.
Осыншама әйгілі шығармалар жазған Бердібек Соқпақбаев мемлекет тарапынан лайықты бағаланбапты. «Өзгеге өгіз олжа тигенде, әкеме тана тиер ме еді?» деп ерлігі елеусіз қалған әкесі туралы баласының күйінгеніндей, Бекеңе де бұйырғаны тек «Мақтау грамотасы» екен. Өз қатарлары қаптатып «Халық жазушысы» деген атақ алып жатқанда, Бекеңе бар тигені – әлгі грамота. «Ретсіз бөлген дүниенің айтшы құдай төресін» деген «Мың бір түндегі» араб бәйіті осындайда амалсыз еске түседі екен. Бітірген дүниелерін өзгелер секілді міндет етпейтін Бекең «мені лайықты бағаламадың» деп өкіметіне ренжіген жоқ. Баяғысынша еш нәрсеге алаңдамай, жаңа шығармаларын үнсіз жаза берді. Жан ауруы ма, тән ауруы ма, қандай кеселдің кесірінен о дүниеге аттанғаны белгісіз, жұмбақ өліммен қайтыс болған Бердібек Соқпақбаев бір өкініш, бір үміт құрсауында үндемеген күйі ана дүниеге аттанды да кете барды. Өзімен бірге жазылатын талай шығармаларды алып кетті. Енді ол қайтып келмейді.
«Өлгендер қайтып келмейді».
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты