Халықаралық жастар күні аясында Есіл өзенінің жағасында «Жастармен бірге» Open air музыкалық фестивалі өтті. Мәдени кеште «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі қорытындыланып, белгілі әншілер өнер көрсетті. Іс-шара барысында сөз алған Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев осы онкүндіктің және қорытынды кештің маңызына тоқталды.
«Жастар күнін мерекелеу құрметіне орай «Жастармен бірге» ұлттық онкүндігі бекітілді, ол 3-12 тамыз аралығында жалғасты. Онкүндік аясында экологиялық мәдениетті дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, еңбекқорлықты ілгерілету, басқа да бағыттар бойынша бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Бүгін жаңа студенттік үйдің ашылуы болды, «Бос орындар» жәрмеңкесі өтті. Біз Халықаралық жастар күнін ашық аспан астындағы концертпен аяқтағымыз келеді. Жастарға мерекелік көңіл күй сыйлай алдық деп сенеміз», деді С.Ибраев.
Онкүндік аясында Абай шығармаларын оқу бойынша байқау өткен болатын. Оның ережесіне сай, үміткерлер Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, әлеуметтік желіге жүктеу керек еді. Аталған музыкалық кеште осы байқауда оза шапқан әріптесіміз – «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Бекзат Құлшар марапатталды.
Кеш қонақтарына әншілер Дастан Оразбеков, Ізбасар Кеңесов, Жеңіс Ғарифолла, Нурик Бармақов өнер көрсетіп, зор қошеметке ие болды. Сондай-ақ викториналық сұрақтар қойылып, 50-ге жуық адамға power bank, құлаққап, музыкалық динамик сияқты бірқатар сыйлық берілді.
Халықаралық жастар күніне орай өткізілген музыкалық кеште Есіл өзені жағасындағы Атырау көпірі жанында Darkhan Juzz-ге арналған арт-нысан ашылды. Оған жоба бастамашысы, продюсер Азат Әбікен және әншінің жанкүйерлері қатысты. Орындықтың дизайнын танымал көше суретшілері Ғалымжан Балсары мен Батыржан Сәдуақасов әзірлеген. Орындықта музыканттың өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат алуға болатын QR коды бар тақта қойылған.