Былтыр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміз жасанды интеллектіні дамытуға баса назар аударуға тиіс екенін айта келіп: «Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деген еді.
Міне, осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі бірқатар жобаны қолға алды. Соның бір дәлелі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында цифрлық университеттердің моделі әзірленіп, ол қанатқақты режімінде іске қосылды. Сондай-ақ цифрлық экономикаға бейімделген мамандардың әлеуетін дамыту үшін «Google», «Nvidia», «Coursera», «01 Edu System» және «Huawei» сияқты трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнады. Мәселен, биыл 15 отандық жоғары оқу орны жасанды зерде бойынша «Google» курсын енгізді. 12 000 студент «Generative AI» жобасына қатысады. Сонымен қатар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Google for Education» қанатқақты жобасына қатысуды көздеп отыр. Ал «NVIDIA-мен» ынтымақтастыққа келсек, «DLI» жобасына 12 университет қатысса, 12 адам «NVIDIA сертификатын алды. Бір оқытушы «DLI» сертификатына ие болды.
Ынтымақтастықты дамыту және оқытудың инновациялық технологиясын қолдану мақсатында «Coursera», «Huawei Technologies Kazakhstan» «LLP», «Binance Kazakhstan» сияқты атағы жер жарған компаниялармен келіссөз жүргізіліп, меморандумға қол қойылды. 35 жоғары оқу орны базасында «Huawei ICT Academy» құрылды, енді онда «Huawei» сертификатталған курсы өтеді. «Binance Kazakhstan» қолдауымен 22 жоғары оқу орнының ақпараттық-коммуниуациялық технологиялар факультетінің 350-ге жуық оқытушысы блокчейн-технология бойынша білімін жетілдірді. «Coursera»-ның 102-ге жуық курсы қазақ және орыс тілдеріне аударылды.
Биыл 93 жоғары оқу орнының студентіне 40 мың лицензия бөлінді. Қысқасы, отандық студенттерге әлемнің жетекші университеттері мен профессорларының 20 мыңнан астам онлайн курсы мен AI бойынша 4 200 курсы қолжетімді болып отыр. IТ бағытында студенттерді «OpenSearch» жобасына тарту және салалық деңгейдегі тәжірибе жинау үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Amazon» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.
Қазір аталған министрлік «01 EduSystem» компаниясымен инновациялық бағдарламалау мектептерін ашу аясында өзара ынтымақтастық бойынша жұмыс жүргізу үстінде. Бұл жоба еліміздің 20 өңірлік жоғары оқу орнында іске асырылса, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде қанатқақты жоба ретінде жүргізіледі. Сондай-ақ оқытудың жаңа түрі – онлайн оқу енгізілді. Айтқандай, жоғары оқу орындарындағы цифрлық экожүйе де күшейтілді. Барлық университет «LMS» («Platonus», «Univer», «Moodle» және т.б.) платформасына қосылды.
Қорыта келгенде, бүгінде еліміздегі 17 жоғары оқу орнында 15 білім беру бағдарламасы бойынша 2000-нан аса студент жасанды интеллект саласында оқиды. Енді осы салаға білікті мамандар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы жыл сайын 100 стипендия бөлу жоспарланып отыр.