• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Оқиға 16 Тамыз, 2024

Қайрат Сатыбалды түрмеден ерте шығуы мүмкін

108 рет
көрсетілді

Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады, деп хабарлайды Egemen.kz 

Еске сала кетейік, сот үкімімен Қ.Сатыбалды ҚР ҚК-нің 28-бабы 3-бөлігімен, 189-баптың 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылғанның мүлкін жымқыру), 28-баптың 3-бөлігі, 195-баптың 2-тармағы (ұрлық жасау мақсатынсыз залал келтіру) бойынша мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.   Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен.   Процеске қатысушылар сотталғанның өтінішхатын қолдап, оны қанағаттандыруды сұраған. Негіз ретінде өзінің оң мінездемесін, үкім бойынша залалдың орнын толтырғанын, сондай-ақ жалпы сомасы 700 млрд теңгеден астам мүлікті және өзге де қаражатты өз еркімен мемлекетке қайтарғанын атап өткен.   Сонымен қатар түзеу мекемесінің өкілі сотталушының өтінішхатын қолдаған. Сондай-ақ Прокурор Сатыбалдының өтінішхатын қанағаттандыруды сұрап, оның жазаны ауыстыру үшін барлық шарттарды орындағанын, сондай-ақ мемлекетке өз еркімен өзге де мүлікті қайтарылғанымен негіздеген.   ҚК-нің 73-бабы ауырлығы орташа қылмыстар немесе ауыр қылмыстар үшін сотталған адамды жазаның өтелмеген бөлігінің қалған бөлігін мынадай жағдайларда неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру мүмкіндігін көздейді: - жаза мерзімінің кемінде 1/3 бөлігін өтегеннен кейін; - келтірілген залал толық өтелген жағдайда; - не жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзушылықтардың болмауы.   Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды орташа ауыр қылмыс және ауыр қылмыс жасаған. Ол жазаның 1/3 бөлігінен астамын өтеген. Түзеу мекемесінің әкімшілігі сотталғанды оң сипаттап, тәрбие іс-шараларына белсенді қатысқаны үшін көтермелегенін көрсеткен. Сонымен қатар қылмыспен келтірілген залал толығымен өтелген. Сот үкімімен өндіріп алынған сомалар (іс жүргізу шығындары, мәжбүрлі төлем) төленген.   Сот жоғарыда айтылғандардың негізінде сотталушының өтінішхатын қанағаттандырды және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырған.   Сот шешімімен Қайрат Сатыбалдыға пробациялық бақылау белгіленген. Тұрақты жұмысы болмаған жағдайда сотталған жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылады.   Сот қаулысымен оған мынадай міндеттер жүктелген: Соттың қаулысы тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне заңды күшіне енген күннен бастап 10 күн ішінде есепке қою үшін келу, сотталған адамның (пробация қызметінің) мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органды хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау, басқа да міндеттерді орындау сотталғанды түзеуге және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал етеді.   Міндеттерін орындамаған жағдайда бас бостандығын шектеу, бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебінен бас бостандығынан айырумен ауыстырылатыны түсіндірілген.   Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ және шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін.