• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 17 Тамыз, 2024

Шекара шебі – қырағы қолда

154 рет
көрсетілді

Кез келген елдің әскери айбыны шекарасынан-ақ сезіліп тұруы керек. Шекарадағы қырағылық – қоңсы жатқан елге қабақ шыту емес, мемлекеттік тұтастықтың, ұлттық қауіпсіздіктің қамы. Сондықтан шекара шебінің берік болуы – аса маңызды әрі жауапты міндет. Ал бұл міндетті абыроймен, сақтықпен, асқан жауапкершілікпен атқару – шекарашылардың мойнындағы үлкен парыз.Осыдан 32 жыл бұрын, 18 тамыз күні Прези­дент Жарлығымен Шекара әскерлері құрыл­ды. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комите­ті төрағасының орынбасары – Шекара қызме­тінің директоры, генерал-майор Ерлан АЛДАЖҰМАНОВПЕН сұхбаттасып, шекарамызды қорғау міндетінің қазіргі жай-күйі жайында әңгімелестік.

– Ерлан Ерғалиұлы, алдымен елі­міздің мемлекеттік шекарасындағы қазіргі жағдайды және ведомствоның жетістіктері жайында айтып өтсеңіз.

– Мемлекеттік шекарада және ше­каралық аумақтарда жағдай тұрақты әрі толық бақылауымызда. Бөлімшелер еліміздің шекарасын күзету және қорғау бағытында өздеріне жүктелген барлық міндетті бұлжытпай орындап отыр.

Қызметіміздің есепті кезеңдегі қоры­тындысына тоқталып өтсем, жыл басынан бері мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтудің 240 дерегі тіркеліп, оның ішінде 94 адам сотталды. Белгіленген режімдерді және көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 23 мың адам жауапқа тартылып, оларға жалпы сомасы 542 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Заңсыз көші-қонның 10 арнасының жолы кесілді. Мыңнан аса қару-жарақ пен оқ-дәрілердің, есірткі заттарының және өзге де тыйым салынған заттарды алып өтудің жолы кесілді. Одан бөлек, шекарадан жалпы сомасы 9,1 млрд теңгені құ­рай­тын заңсыз валютаны, 18,1 млрд теңгені құ­райтын тауарларды алып өтпекші бол­ған­дардың арам ойы іске аспай, қолға түсті. Сондай-ақ осы жылдың мамыр айында Түркістан облысындағы департаменттің әскери қызметшілері мемлекеттік шекара арқылы жалпы салмағы 775 кило тартатын героин есірткі затының рекордтық партиясын жасырын алып өтпекші болған қас­көйлерді құрықтады. Мемлекетке келті­рілген залал 3 млрд теңге көлемін құрады.

– Әлемде болып жатқан геосаяси ахуалдың күрделене түсуі уақыт өткен сайын шекарашыларға қойылар қызметтік-жауынгерлік талаптарды барынша жетілдіруді қажет етіп келеді. Осы жайында не айтасыз?

– Біз қарбаласы көп, қиын шақта өмір сүріп жатырмыз. Бұл өз кезегінде шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті әрекеттерді талап ететіні анық. Сондықтан заманауи өзгерістер біздің жауынгерлік-қызметтік мінде­ті­міз­ге әрдайым түзетулер енгізіп отырады.

Қойылған тапсырмаларды тиімді орындау үшін шекарашылардың жұмысына қажетті жағдайлар жасау аса маңызды рөл атқарады. Сондықтан да ел Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында шекараны жаңа үлгіде жабдықтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Шекара қызметін дамытудың негізгі бағыты ретінде техникалық бақылаудың инновациялық шешімдерін қолдаймыз. Яғни шекараны күзетуде техникалық құралдардың қолдануын қамтамасыз ететін «ақылды шекара» тұжырымдамасы да қырағы күзетке кіріскен.

Біз бүгінде мобильді және опти­калық-электрондық бақылау жүйе­лерін, ұшқышсыз әуе аппараттарын, прожекторлық және радиолокациялық стансаларды, сигнал беру және электр­сигнал беру кешендерін, сондай-ақ аза­мат­тардың, көлік құралдарымен жүк­тердің шекара арқылы қозға­лы­сын бақылауға арналған автомат­тан­дырылған жүйелерін қолданысқа енгізіп жатырмыз.

Жоғарыда айтылған шаралар Мем­лекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «2024-2028 жылдары шекара­лық қамтамасыз етудің» кешен­ді жос­парына енгізілген.

Жалпы алғанда, осы құжат аясында біз үш негізгі міндеттерді шешуді жоспарлап отырмыз. Яғни бұл – «ақылды шекара» тұжырымдамасы аясында мемлекеттік шекараны қашықтан бақылау жүйесін салу, мобильді жүйе­нің материалдық-техникалық жаб­дықталуы, сондай-ақ саладағы инфра­құрылым құрылысын жүргізу және жаңарту.

Бұдан бөлек, шекарашылардың қызметтік жауынгерлік іс-әрекетін жақ­сартуға бағытталған іс-шаралар жал­ғасын тауып келеді. Ол үшін шека­ралық басқармаларда ұдайы кешенді оқу-жаттығу жиындары өткізі­ліп тұрады.

Тек биылдың өзінде шекарашылар «Шекара-2024», «Тосқауыл-2024», «Бекіре-2024», «Ақбөкен», «Ақпан-2024», «Наурыз-2024» және тағы басқа да шекара операцияларына қатысты. Сонымен қатар отандық шекарашылар жыл са­йын еліміздің Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына, арнаулы операциялар күштерінің оқу-жаттығуына қалмай қатысып келеді.

– Былтыр Үкімет өткізу бекет­те­рін­де инфрақұрылымды дамы­тудың жол картасын бекіткен. Осы бағыт­та қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Иә, бүгінгі күні жол картасы аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе ауқымды жұмыстар жүргізіліп отыр. 2025 жылға дейін қазақ-ресей шекарасындағы 30 автомобильдік өткізу бекетін дамыту және шекара күзетіне арнайы жаңа техникалар сатып алу жос­пары қарастырылып отыр. Аталған іс-шаралар оң әсерін беріп, мемлекеттік шекарадан көлік құралдарын өткізу жұмысының сапасын арттырады. Біздің және шетел азаматтарына шекарадан өту үдерісін барынша тездетіп, қолайлы жағдайлар қалыптастыруға ықпал ететініне сенімдімін.

– Қазіргі таңда Шекара қызметінде әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі қалай ұйым­дас­тырылып жатыр, осы жөнінде кеңінен айтып өтсеңіз?

– Біздегі әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі азаматтық ұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Әскери қызметшілер тегін әскери формалармен, медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілерге және олардың отбасы мүшелеріне ай сайын тұрғын үй төлемдері төленеді, осы арқылы олар өздерінің жекеменшік баспанасын сатып ала алады. Қазіргі нарықтық өлшем­мен қарағанда еңбекақымыз да жет­кілікті және бәсекеге қабілетті.

Біздің қызметте жас сарбаздарға да қолайлы жағдайлар қарастырылған. Атап айтатын болсақ, мерзімді қызметін адал атқарып, жауынгерлік-қызметтік іс-әрекетте жоғары жетістіктерге жеткен сарбазға мемлекет тарапынан ЖОО-да тегін оқуға грант беріледі. Сонымен бірге сарбаздың өзі таңдаған оқу орнындағы әскери кафедраға емтихансыз түсуіне мүмкіндік беріледі.

– Ерлан Ерғалиұлы, Шекара қызметін­де­гілердің басым бөлігі – ерлер қауымы. Мұндай ортада, яғни табиғатынан ер азаматтар ара­сында қақтығыстар, жаға жыртысу жағ­дай­лары болып тұратыны белгілі. Мұндай мәселелерді қалай реттеп, шешіп жатырсыздар?

– Иа, расымен де қызметте ондай жағымсыз жағдайлар болып тұрады. Әрине, біз ішкі моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға, дамытуға барынша тырысамыз. Шекара қызметінде тәрбие жұмыстарымен айналысатын арнайы бөлімше жұмыс істейді. Ұжымдағы тыныштықты, түсі­ністікті қамтамасыз ететін қалыпты жағ­дайды орнату бағы­тында халық­аралық тәжірибелерді және сынақтан өткен өзіміздің әдістерді қолда­на­мыз.

Мысалы, мерзімді қызметте үлкен және кіші шақырылым өкілдері әртүрлі бөлімшеде қызмет етеді. Яғни олар бірін-бірі сирек кездестіріп, анда-санда ғана жолдары түйіседі. Сонымен қатар қазіргі уақытта сарбаздардың туған өлкесінде немесе соған жақын аумақтарда қызмет ету мәселесіне аса мән беріп келеміз. Одан бөлек, сарбаздардың ата-аналарымен де бел­сенді жұмыс жүргізіліп отыр. Ата-аналар, туған-туыстары үшін ашық есік күндері ұйымдастырылып, сарбаз­дар­дың отбасымен бейнебайланыс арқылы да хабарласуына мүмкіндік берілген.

Тәрбие және әскери-патриоттық жұмыстар жоспары аясында ардагерлермен кездесіп, жеке құрамның қатысуымен жиналыстар өткізіліп, офицерлер құрамы жас сарбаздармен жеке сұхбат жүргізіп тұрады. Сарбаздардың әскери және құқықтық тәрбиесін жақсартумен айналысатын қызметкерлердің де штаты көбейтілді.

Шекарашылар өзіне жүктелген қыз­метінің, шенінің үлкен-кішісіне қарамай, туған жеріміздің сынық сүйем жерін қырағылықпен күзетіп, көздің қарашығындай қорғап отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»