АҚТАУ. 12 маусым. Ақтауда бірнеше серіктестіктен ірі көлемде ақша жымқырған бухгалтер сотталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
54 жастағы бухгалтер әйел 7 жылдан бері өзі қызмет жасайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ақша жымқырумен айналысып келген. Тергеу нәтижесі ол қолды еткен ақшаның көлемі 8 млн. теңгеден астам екендігін анықтады. Алғашында Ақтау қаласындағы бір ЖШС-мен арадағы келісім талаптарын бұза отырып, 2010-2012 жылдары өз қызметтік өкілеттілігін пайдаланған ол ЖШС есебінен екінші деңгейлі банктегі жеке несиесін өтеген. Одан әрі ЖШС есебінен 4 млн. теңгені басқа есепке заңсыз аударған әйел 150 мың теңгені ЖШС-да жұмыс жасамайтын туысының картасына аударады. Осылайша, бухгалтер аталған ЖШС-ға 5 млн. теңгеден астам материалдық шығын әкеледі. Одан әрі ол өзге ЖШС-дағы бас бухгалтерлік қызметін пайдаланып, оған да 3 млн.-нан астам шығын келтірген.
Ақтау қалалық соты ақша жымқырған әйелдің жеке мүлкін тәркілеп, бухгалтерлік және кассирлік қызметпен 5 жылға дейін айналыспауға шешім шығарып, өзін 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, ол ЖШС-ларға өзі келтірген шығындарын өтейтін болады.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: kokshetau.asia