Биыл жазға таман азаматтардың тұрғын үй салу және сатып алу үшін ресімдеген банктік қарызының көлемі 5,7 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5%-ға артық. Бес жыл ішінде көрсеткіш 3,7 есе, онжылдықта 5,5 есе өсті. Елімізде 21 банктің 11-і ипотека береді: 10 коммерциялық банк және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік «Отбасы банкі».
Банктердің құрылыс салушылармен және мемлекеттік бағдарламалармен серіктестік бағдарламаларынан тыс коммерциялық ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 17,2%-дан басталады («Freedom Bank»). Мөлшерлемелер «Центр Кредит Банкінде» – 18,7%, «Altyn Bank»-те – 19,4%, «Қазақстандағы Қытай Банкінде» 26%-дан басталады. Жалпы, барлық банктің мөлшерлемесі кірістерді растау факторына, қарыз алушының олардың клиенті екендігіне, оның ішінде жалақы жобалары бойынша, өнім бойынша комиссиялардың болуына немесе болмауына байланысты.
Сектордағы ипотекалық қарыздың максималды мерзімі (КЗИ Банкі) 5 жылдан («Freedom Bank», «Halyk Bank», «Altyn Bank», «ForteBank», «Шинхан Банк», «Нұрбанк») 20 жылға дейін созылады. Бастапқы жарнаның ең танымал нұсқасы 20%-дан бастап өзгереді. Мұндай шарттарды секторда 4 банк ұсынады.
«Жалпы, мөлшерлемелер өте жоғары. Неғұрлым қызықты нұсқаларды әзірлеушілермен бірлескен серіктестік бағдарламалар сегментінде ғана табуға болады. Мұнда ЖТСМ 6,2% («Bank RBK» өнімдері) және 7,2%-ды («Freedom Bank») құрауы мүмкін. Бірақ бұл сегментте мөлшерлемелер жиі жоғары екені байқалады: «Bank RBK»-да ЖТСМ – 24,8%-дан, «Freedom Bank»-те – 17,2%-дан, «Центр КредитБанкінде» – 19,7%-дан, «Halyk Bank»-те 19,2%-дан басталып тұр», дейді «Finprom» сарапшылары.
Биыл екі жаңа мемлекеттік бағдарлама – «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары басталды. Екеуінің де басты артықшылығы – ұзақ мерзімінде (19 жылға дейін), сондай-ақ минималды ЖТСМ қарастырылған. Сонымен қатар бұл бағдарламаларға халықтың әлеуметтік осал тобы қатыса алады. Сондықтан мұндай бағдарламалар әлеуметтік сала үшін үлкен маңызға ие.
«Мәселен, «Отау» бағдарламасы бойынша ЖТСМ 9,2%-дан басталады, ал жинақталғаннан кейін қарыз сомасының 50%-ы қарыз алушының санатына, жинақтау мерзіміне және басқаларына байланысты небәрі 3,6%-6,9%-ға дейін төмендейді. «Наурыз» бағдарламасы бойынша жағдай одан да тиімдірек: мұнда ЖТСМ халықтың әлеуметтік осал тобы үшін 7,3%-дан басталады, содан кейін 3,6%-ға дейін төмендейді. «Наурыз» бағдарламасының «Отау» бағдарламасынан тағы бір айырмашылығы – қатысушыларға қойылатын талаптарда. Мәселен, 1 млн теңге көлеміндегі ең төменгі жинақ талабы екі мемлекеттік бағдарлама үшін де сәйкес келеді, алайда «Отауға» қатысу үшін банкте кемінде 18 ай жинақтау қажет болса, «Наурыз» бағдарламасы бойынша мұндай шектеулер жоқ», делінеді хабарламада.
Қос жоба бойынша да өтінім қабылдау аяқталып қойды. Алайда «Отбасы банкі» биыл күзде қосымша мүмкіндік жариялауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ екі бағдарлама келер жылы да жалғасын табады.