Қазіргі кезде күллі әлем жұртшылығы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада алауы тұтанатын V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын тағатсыздана күтіп отыр. Бірнеше спорт түрін қамтитын дүбірлі додаданың аса тартысты өтетініне қылаудай да күмән жоқ. Себебі ұйымдастырушылар тарапынан дайындық барысы қарқынды және қатысушы командалардың барлығы да көшпелілердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көрсететін жауапты жарысқа қызу даярланып жатыр.
Жақында қазақ күресінен өтетін жарыста Қазақстанның ұлттық командасы қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды. Ерлер арасында Бекжан Төлепов (55 кг, Жетісу облысы), Мейіржан Берекетов (60 кг, СҚО), Дидар Тұқышев (66 кг, Абай облысы), Жұмажан Қожамбеков (74 кг, Шымкент қаласы), Ерсін Сейітқазынов (82 кг, Абай облысы), Ерасыл Жанатаев (90 кг, Алматы қаласы), Ерсұлтан Мұзаппаров (100 кг, Шымкент қаласы) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг, Маңғыстау облысы) сияқты саңлақтар сайысқа түседі. Осы жігіттердің барлығы – түрлі турнирлерге қатысып, жеңіс тұғырына көтерілгендер. Солардың арасынан Ерсұлтан Мұзаппаров пен Нұрдәулет Жарылғаповты бөле-жара атап өтуге болады. Олар – республикалық және халықаралық жарыстарда дараланған әккі спортшылар. Ерсұлтан мен Нұрдәулет еліміздің беткеұстар балуандары ретінде «Қазақстан барысы» деп аталатын мәртебелі турнирде күш сынасып, әр жылдары өздерінің айшықты өнерімен сан мың көрерменді қуантты. «Қара бура» атанған Н. Жарылғапов 2021 жылы аталған жарыстың қола жүлдегері атанып, әлем чемпионатында топ жарды. Дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүрген Е.Мұзаппаров күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовтың мемориалында бас жүлдені олжалады. Олардың басқа да толып жатқан атақтары бар.
Әйелдер бәсекесінде Айжан Жылқыбаева (48 кг, Түркістан облысы), Назерке Азаматова (52 кг, Ақтөбе облысы), Рауза Нұрмахаметова (56 кг, Жамбыл облысы), Бақыт Құсақбаева (60 кг, Ақтөбе облысы), Зарина Сарипова (65 кг, Абай облысы), Роза Нысантайқызы (70 кг, Абай облысы), Зәмзәгүл Файзолланова (77 кг, Шымкент қаласы) және Әлбина Бахиева (+77 кг, Шымкент қаласы) бақ сынайды. Өздеріңіз байқағандай, бұл бұрымдыларымыздың дені – дзюдо мен самбоның қас шебері. Араларында аралас жекпе-жектен дүбірлі додаларға қатысып жүрген Зәмзәгүл есімді қазақтың қайсар қызы да бар. Қазіргі кезде осы аруларымыздың барлығы да қазақ күресіне мықтап ден қойған сыңайлы.
Қазақ елінің балуандары V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына тыңғылықты даярланып жатыр. Жыл басынан бері екі рет Алматыда, одан бөлек Грузия мен Қырғызстанда оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Күні кеше ғана олар Ақмола облысының Шучье қаласында дайындық жұмыстарын пысықтап қайтты. Осы жиын барысында іріктеу сайыстары өтіп, аталған жарыста ел намысын қорғайтын балуандар анықталды. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынын 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастыру көзделіп отыр.
Қазақ күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғани Келдіқұлов: «Біздің спортшылар Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында физикалық тұрғыдан да, тәжірибе жағынан да толықтай дайын. Бұған дейін олар орта тау бөктерінде жалпы дене дайындықтарын қалпына келтіріп, шетелдік балуандармен тәжірибе алмасты. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынында салмақ қуу және қалыпқа келу жұмыстарына басымдық беріледі. Осындай ірі жарыс жерлестерімізге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сол себепті де сенім артқан спортшылар алдағы маңызды жарыста ел намысын абыроймен қорғап, жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салатынына сенімдімін», деп өз ойымен бөлісті.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына 89 мемлекеттен келген 2 мыңнан аса спортшы қатысады. Астанадағы жарыстың бағдарламасына 21 спорт түрі кірсе, соның 12-сі – төл өнеріміз.