Колледждерде тегін білім алуға мүмкіндік молайды. Оқу-ағарту министрлігінің жақында жариялаған жаңалығына сүйенсек, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында білім алуға 145 мың грант бөлінді.
Жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп. Осылайша, студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90%-ды құрады.
Министрліктің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік тапсырыстың 65%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия секілді техникалық мамандықтарға бағытталған. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ға, ал мемлекеттік тапсырыс көлемі 100%-ға дейін өседі. Сонымен қатар колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері негізінде жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасып жатыр. Осы аталған жүйемен жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Мұндай бағыт кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес даярлауға мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауына қарағанда, техникалық және кәсіптік білім саласында маман даярлаудың маңызды бөлігі – бизнеспен ынтымақтастық құру. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және қамқорлық көрсетуге қатысып отыр. Қабылданған сол шаралардың барлығы жас мамандарды кәсіби даярлауға және еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.