Елімізде ауасы ластанған бірнеше өңір бар. Соның бірі – Атырау облысы. Табиғат жанашырлары да, сала мамандары да мұны мұнай-газ өндіріп жатқан кәсіпорындардың қоршаған ортаға жанашырлық танытпауымен байланыстырады.
Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев мәліметінше, Атырауда ауаны ластайтын қалдықтар 4 компанияға тиесілі болып отыр. Қазір облыста тынысыңды кеңітер жұпар ауаны ластайтын шығарындылардың жалпы көлемі 108 мың тоннаны құрайды. Бұл мұнайлы өңір экологиясының қолайсыз болуының бірден-бір себебіне айналған.
«Қалдықтардың 85 пайызы кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Негізгі үлесті мұнай-газ секторындағы «Теңізшевройл», «NCOC», Атырау мұнай өңдеу зауыты секілді компаниялар мен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ құрап отыр. Қазір аталған кәсіпорындар шығаратын зиянды қалдықтарды бақылау мақсатында мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесін енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы кезге дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Атырау жылу-электр орталығы аталған жүйені енгізді. Ал «NCOC N.V.» филиалы, «Теңізшевройл» және «KPI» ЖШС осындай жүйені енгізуді қолға алды. Бұл компаниялардың дерегі министрлікке беріледі», дейді М.Ошурбаев.
Министр орынбасарының айтуына қарағанда, Атырау қаласында жиі байқалатын күкіртті сутектің негізгі көзі анықталған. Бұл – кәріздік тазарту қондырғылары. Сондай-ақ «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңы болып отыр.
«Атырау облысындағы атмосфералық ауаның жай-күйін жақсарту мақсатында Жол картасы бекітілді. Оған 45 іс-шара енгізілді. Бұл – өңірдегі экологиялық проблемаларды кешенді шешуге бағытталған іс-шара. Аталған жол картасы аясында «Тухлая балка» мен «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Атырау қаласының сол жағалауында кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы аяқталды. Қаланың аумағында атмосфералық ауаға тарайтын шығарындылардың барлық көзіне түгендеу жұмысы жүргізілді», деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, аймақтағы қоршаған ортаның тазалығына кері әсерін тигізетін тағы бір елеулі мәселе бар. Бұл – рұқсат етілмеген қоқыс орындары.
«Былтыр рұқсатсыз қоқыс төгілген 100 орын анықталды. Сондай орындардың 95 пайызы жойылды. Полигондарды жоюды нашар жүргізген әр деңгейдегі 30 әкім әкімшілік жауапқа тартылды. Әкімдерге жалпы сомасы 882,4 мың теңге айыппұл салынды», деді М.Ошурбаев.
Атырауда табиғатты бүлдіретін түрлі саладағы серіктестіктер де бар. Мәселен, жергілікті тұрғынның бірі 22 мамырда облыстық экология департаментіне шағым түсіріпті. Оның шағымында 6 және 19 мамырда жағымсыз иістің шыққаны айтылған.
«Біздің департаментке жүгінген жергілікті азамат А.Қ. Атырау қаласындағы «Самал» шағын ауданы мен Сарыөзек аулында жағымсыз иістің байқалғанына шағымданды. Жағымсыз иіс Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының маңында орналасқан «Атаким» ЖШС-ның медициналық қалдықтарды жою пешінен шыққаны анықталды. Осыған орай департамент мамандары аталған серіктестіктің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру кезінде экологиялық заңдылықты бұзушылықтар анықталды. Соған байланысты серіктестікке әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 923 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Экологтер Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық ауданаралық сотына «Атаким» ЖШС-ның қызметін тоқтата тұру туралы талап-арыз жолдады.
Ал Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, табиғатты қорғау саласының басым бағыты – қауіпті қалдықтар айналымына тұрақты қадағалау жүргізу. Мәселен, «Каспий нефть» АҚ-ның 2021-2022 жылдары бұрғылау және кен орнын пайдалану кезінде 4 500 тоннадан аса қауіпті қалдықтарға жинақталу лимитін алмағаны анықталды. Осыған байланысты прокурордың ұсынысы Атырау облыстық сотының сот алқасында қаралды. Сот алқасының 2 шілдедегі қаулысымен «Каспий нефть» АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компанияға 13 млрд 684 млн 868 730 теңге айыппұл салынды.
Осы орайда прокуратура қызметкерлері қағидатты ұстанымынан айныған жоқ. Соның нәтижесінде әкімшілік айыппұл бюджетке өндірілді. Айыппұл қаржысы толығымен Ұлттық қордың есепшотына аударылды.
Атырау облысы