Баянауылдағы Шалқар көлінде 150 дала құсы белгісіз жағдайда қырылып қалған. Өлген құстардың барлығы – саралақаз (қызыл үйрек). Ветеринарлар құстардың қырылуына әлдебір улы өсімдіктер себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Баянауылдың Күркелі ауылдық округі аумағындағы Шалқар көлінде үйрек тұқымдас құс – саралақаздың жаппай қырылуы тіркелді. Жергілікті азаматтар түсірген бейнежазбадан байқағанымыздай, қауырсын қанаттылар көлді айнала жаппай жусап жатыр.
Шалқар көлі облыс орталығынан 300 шақырымдай жерде орналасқан. Аталған мәселе бойынша өңірлік ветеринарлық басқармасының мамандары оқиға орнына жедел барып, көл маңайында өліп жатқан құстардың ұшаларын жинап, өртеген.
– Өлген құстардың барлығы – үйрек тұқымдастарға жататын саралақаз. Әрі 90 пайызы былтырғы балапандар екені анықталып отыр. Құстардан материал алынып, Астанадағы ұлттық зертханаға жібердік, нәтижесі апта соңына дейін белгілі болып қалуы керек. Онда құс індетінің 7-8 түрі және улану бойынша тексеріледі. Көл маңайынан біздің қызметкерлеріміз жалпы саны 150-дей құстың өлексесін тапты. Өзге құстар мен жан-жануарға зияны тимеуі үшін барлығын жинап, өртеп жібердік. Қазір Жұмат Шанин ауылы мен өзге де жақын елді мекендер айналасындағы көлдерге мониторинг жүргізіп жатырмыз. Бірақ өзге көлдерде мұндай жағдай тіркелген жоқ, – дейді Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылтас Тілеубаев.
Басқарма өкілінің болжамынша, құстар әлдебір улы шөпті жеп, содан қырылуы мүмкін. Себебі көл суынан улану мүмкін емес. Онда саралақаздан өзге басқа да түрлі құстар мекендейді. Ал олардың барлығы дін аман.
– Ал құс індеті тарады десек, онда көлдегі барлық құс шалдығар еді. Сондықтан құстардың шөптен улануы әбден мүмкін. Биыл барлық жерде сияқты Баянауыл өңірінде де ылғал мол болып, аумақта өсетін шөптің барлық түрі шығып кеткен. Олардың арасында түрлі улы өсімдіктер кездеседі. Кейде оны жеген үйдегі жас төлдер, қозы-лақ, бұзаудың өліп қалатын жағдайлары тіркеледі, – дейді А.Тілеубаев.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Шалқар кезінде екі көлден тұрған. Бірінің суы – ащы, екіншісінікі тұщы болған екен. Кейінгі жылдары су айдындары кемерінен асып, бір-бірімен қосылып кеткен. Қазірдің өзінде көлдің бір бөлігінде су ащы, екінші жағында тұщы екені байқалады. Мамандар құстың өліміне бұл ешқандай себеп емес дейді. Себебі кез келген құс судың ащы-тұщылығын тани алады.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Жұмат Шанин ауылы