АҚТАУ. 12 маусым. Маңғыстауда оқушыларды тасымалдайтын автобус жүргізушілері шу шығарды. Бұл туралы nur.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Маңғыстау облысында бірнеше айдан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген оқушылар тасымалдайтын автобустардың жүргізушілері шу шығарды. Оқушылар тасымалын жүзеге асыратын 57 жүргізуші қала сыртындағы ауылдардың 6 мың оқушысын мектепке таситын көлік компаниясына жалданып жұмыс істейді. Кейбіріне жалақы 7 айдан бері төленбеген.
Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін мекеме басшысы жүргізушілерге қаражат төлеуден қашпайтындығын, бірақ жергілікті атқарушы органдар ақшаны аудармағандығын айтуда. Яғни, өңірдегі 5 ауыл әкімдігі 70 миллион теңге қарыз екен. Компания басшысы қомақты қаржыны өтеуі үшін енді жергілікті шенділермен соттаспақ. Тасымалдаушы компанияның директоры Мұхтар Қатарбаев болса: «Маған қазір еш жерден ақша түспей тұр. Өмірзақ – 5 миллион, Мұнайлыдағы Атамекен – 22-23 миллион, Басқұдық – 11 миллион 900 мың, Ақшұқыр – 33 миллион, Сайын – 7 миллион теңге көлемінде қарыз», – дейді. Ауылдардың ішінде оқу жылы басталғалы көк тиын төлемегендер де бар екен. Әкімдері оның себебін түсіндіруді сұрап жазылған хатқа жауап та бермейді дегенді айтады компания басшысы.
Қазіргі таңда компания басшысы қарыз ақшаны өндіріп алу үшін
әкімдіктерді сотқа бермек. Ал автобус жүргізушілері жоғары орындарға арыздануда. Жүргізушілер өз істерінен нәтиже болмаса, Маңғыстау облыстық әкімдігі алдында наразылық шеруін өткізуге бекініп отыр.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек: egemen.kz.
Cурет: gsmavto.com