Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» фракциясының мүшесі Анас Баққожаев Махамбет ауданының ауыл шаруашылығы мамандарымен, шаруалармен кездесті. Өйткені бұл аудан тұрғындарының дені осы салада жұмыс істейді.
Биылғы көктемдегі су тасқыны шаруаларды үлкен әбігерге салды. Елді мекендерді су басу қаупінен сақтау үшін Атыраудан Жайық өзенінің қос жағалауымен қатынайтын жолды бірнеше тұсынан жаруға тура келді. Жайықтың ернеуінен асып, жазыққа жайылған су шаруалардың егін алқабын басты.
Осының бәрі аудан тұрғындарын, әсіресе шаруаларды алаңдатады. Көкөніс, бақша дақылдарын егетін шаруалардың кәсібін өркендету үшін банктен несие алған. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды толғандырып отырған мәселелерге назар аударды. Су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына барынша көмек көрсетілетінін атап өтті.
Қазір Махамбет ауданындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде «Ауыл» партиясының 29 мүшесі бар. Олар ұжымда партияның бастауыш ұйымын құрыпты. Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев бастауыш ұйымның жиналысына қатысты.
«Президенттің бастамасымен орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өсті. Басқа да мәселелерді шешуге қаржы қарастырылды. Орман қорын толықтырып, қорғайтын орманшылардың жұмысы өз деңгейінде бағалана бастады. Қазір бұл сала барлық қажетті техникамен, өрт сөндіру депосымен қамтамасыз етілді. Енді орманшылардан сапалы жұмыс күтеміз», деді депутат.
Атырау облысы