Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының Этноспорт аламанында толағайлар тартысы тұңғыш рет ұйымдастырылмақ.
Powerful nomad. Күштілердің сайысы да Дүниежүзілік доданың бағдарламасына енген бұл спорт түрінен әр елден бір спортшы, бір бапкер, бір төреші және бір команда жетекшісі қатысады. Толағайлардың тартысына қатысатын балуандардың жасы 18-ден асуы міндетті және салмағы 90 килодан жоғары болуға тиіс. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында күштілердің сайысына қатысатын алыптар алдымен 100 кг тартатын тасты 10 метрге дейін көтеріп өтуі керек. Содан кейін 100 кг қапты иығына артып отырып тұруға тиіс. 10 кг салмағы бар найзаны бір қолымен қашықтыққа лақтырып күшін сынайды. Одан кейін 130 кг тартатын жуан бөренені көтеріп отырып тұрады. 200 кг жүк тиелген арбаны қашықтыққа сүйреп те қайратын көрсетеді.
Этноспорт ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген сайыстың мақсаты – ел ішіндегі атан жілік, апайтөс ерлердің ерен күшін насихаттау, таланттарды халыққа таныстыру. «Толағай» алыптар сайысының негізін қалаушы Темір Спатаев этноспорт аламанында орасан күштің иелері де өз өнерлерін паш етіп қана қоймай, бабаларымыздың рухын да әйгілейтінін айтады.
«Кешегі Қажымұқан, 815 кг тартатын тасты көтерген Балуан Шолақтай алыптардың бүгінгі ізін жалғар ізбасар ұрпағының бар екенін паш еткіміз келеді. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында толағайлар арбаны құм үстінде сүйрейді, кісінің құлашы әзер жететін жуан бөренені иығына салып, уақытқа жарысады. Етігімен су кешіп, ер үстінде кірпік ілмей, еліміздің тыныштығын, жеріміздің бүтіндігін күзеткен батыр бабаларымыздың рухын әйгілеу мақсатында найза лақтыру сынын да сайыс бағдарламасына қостық. Салмағы 10 кило тартатын найзаны құлаштай алысқа сермеу де орасан күшті талап етеді. Астана қаласында өтетін сайысқа бірнеше елден спортшылар қатысып, өздерінің бойындағы самдағайлығын көрсетеді. Елімізден қатысатын балуандарды іріктеу бірнеше кезең бойынша өтіп, кіл мықтының арасынан шын мықтылар суырылып шықты. Енді олар көшпелілер ойындарында ел атынан додаға түседі», деді Т.Спатаев.
Күштілердің аламаны «Қазанат» атшабарының маңынан бой көтеретін «Көшпелілер ғаламы» этноаулында 11 қыркүйекте өтеді. Дүбірлі додаға Испания, Қытай, Оман, Беларусь, Армения, Пәкістан, Үндістан, Тәжікстан, Қырғызстан, Кувейт, Ресей, Өзбекстан елдерінен спортшылар қатыспақ.