«Әйел тұрмай, еркек оянбайды». Ер мен әйел табиғатын бірауыз сөзбен түйіндеген Ғ.Мүсіреповтің әйгілі «Ұлпан» романы осы эпиграфпен басталатын. Өз ортасынан озып туған қазақ әйелінің соны бейнесі сомдалған тарихи туынды ұлттық әдебиеттің үлкен табысы саналды, сонымен қатар әдебиеттің бір қанаты – театр режиссерлерінің де назарынан қағыс қалмады.
Етектен тартқан ескі замандағы ер мен әйел арасын бөлектеген теңсіздік құрсауын бырт-бырт үзіп, өзінен қырық жас үлкен Есенейге өз еркімен тұрмысқа шығып, ел билеген Ұлпанның әдебиетте кестеленген көркем бейнесі театр сахнасынан да көрініс тауып, драма қаһарманына айналды. 1997 жылы белгілі қаламгер Қалихан Ысқақ «Ұлпан» романының сахналық нұсқасын жасап, Бәйтен Омаровтың режиссерлігімен классик есімін иеленген жастар театрының сахнасында қойылған болатын. Қасым Жәкібаев, Раиса Мұхамедиярова, Айдос Бектемір, Жомарт Зейнәбіл, Меруерт Түсіпбаева сынды сахна саңлақтары ойнаған, өткен жылдар еншісінде қалған сол қойылымның афишасы мен фотосуреттерін, кейіпкерлердің костюмі мен өзге де құнды жәдігерлерін жинақтаған мазмұнды көрме көрермен жадындағы сахнаның сағынышқа айналған тарихи бір белесін қайыра есіне салғандай болды. Араға 27 жыл салып «Ұлпан» туындысы театр сахнасына қайта оралды. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің маңызын жоймайтын мәйекті шығармасы балалар мен жасөспірімдер театрының биылғы маусымдағы кесек туындыларының бірі ретінде көрерменге таныстырылды. Алматы театрлары демалысқа кеткенде, үшінші жыл қатарынан шілде айында көрермендеріне спектакльдер ұсынып келе жатқан Ғ.Мүсірепов театры 78-маусымын «Ұлпан» қойылымының тұсаукесерімен жапты.
Мәскеудегі Вахтангов атындағы академиялық театрдың көркемдік жетекшісі Римас Туминастың шеберханасынан тәлім алған Г.Балпейісованың қиялынан туған қойылымның басқаша болатыны о бастан белгілі еді. Сахнадан бөрігін баса киіп, саптама етігінен қамшысын суырып алып, түйдегімен сөз ағытатын ХІХ ғасырдың типтік бейнелері жаңашыл көзқарастағы режиссердің батыл шешімімен тайталасқа түсетіні айтпаса да түсінікті. Расында, спектакль күтпеген шешімге толы, өз уақытына сәйкес «шапан киіп», заманауи пішін тапқан. Өзгеше талғам мен көзқарас, ерекше коллаборация, қайталанбас образдар ұштасқан драма салған жерден шиеленісті басталды.
Асауға құрық салып, аң атып, ен далада бұлаңдап, еркін өскен ерке қыз Есеней батырдың қырағы көзіне шалынған күні-ақ құрығынан құтылмасын біліп: «Ұлпан арзанға түспейтін қыз», деген жалғыз ауыз сөзімен алдағы көп арманының астарын аңғартып өткендей. Өзі түгілі төсекке таңылған жарымжан кедей әкесінің күні де Есеней байға байланғанын сұңғыла қыздың іші сезіп тұр. Әйелдің орнын төменге нұсқаған қараң заманның әлеуметтік озбырлығына қанша қайрат қылса да, қарсы шығуға қауқарсыз. «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойладың ба?» дейді Ұлпан оңаша кездескен сәтінде. «Ойладым, жаным, қырық жыл болса, қайтейін. Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен болып қаларсың... Осы түннен бастап менің Есенейім сенсің», деп сыр ашады жасы еңкейген Есеней. Ұлпанның да түпкі ойы осы – есі кеткен ерінің билігі мен байлығын ел игілігіне жарату.
Ұлпанды дала заңына ғана бағынған, дамыған заманмен бірге жүруге талпынбайтын кертартпа дағдыларға қарсы қою арқылы өткен замандағы қазақ қоғамының қайраткер қызы дәрежесіне көтеру үшін Ғ.Мүсірепов қандай тың ізденістерге жүгінген болса, спектакльдің жүгін көтерген күллі шығармашылық құрам сахнада дәл сондай тың тәсілдер табуға тырысты. Есенейдің рөліндегі Әсет Иманғалиев, Ұлпанның жастық шағын бейнелеген Рабина Белгібаева, Түрікпен Мүсіреп кейпінде көрінген Ерден Жақсыбек, Айтолқын – Камалия Байтілеуова, Садыр бейнесіндегі Жомарт Зейнәбіл өз образдарын тың өрнекпен байытқан. Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері мен қайраткерлері Гүлжамал Қазақбаева, Тынышкүл Сұлтанбердиева, Күлжәмила Белжанова және Толқын Нұрбекова, Ернар Амандық сынды танымал талант иелерінің бой көрсетуі спектакль салмағын арттыра түсті.
Көпшілік сахнасына құрылған ауқымды премьераны дайындауға белгілі сән дизайнері Аида Қауменова арнайы шақырылған. Киім суретшісі кейіпкерлердің образын сол ғасырмен үйлесімді ашқан. Спектакль үшін музыканың маңызы зор. Қойылымның композиторы Олжас Дәлелхан шығарма мазмұнына сай, дәуір үніне лайық дыбыс пен ырғақты дәл тапқан. «Ұлпан» пьесасында бүгінгі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі әрі бірегейіне айналған үлкен мәселе кеңінен қозғалды. Ол – қазақ қыздарының құқығы мен мәртебесі. «Аты жоққа ат берген, асы жоққа ас берген, кедейге пана болған» ел анасы, келешекке керуен тартқан көсем, еркелеп жүріп ерін биікке көтерген дана Ұлпан мен беделді би Есенейдің сыйластықпен отау құруы қазақтың жаңа өмір салтына тың қадам мен оң өзгеріс алып келді. Г.Балпейісованың режиссурасындағы қойылым нағыз ерді ардақтау арқылы елдіктің іргесін бекіткен, халқының ризық-берекесін қара басының бақытынан артық санаған парасатты әйелдің тағдырын суреттеді.
«Ұлпан» қойылымын тамашалауға келген алматылық зиялы қауым, өнер қайраткерлері, белгілі өнер зерттеушілері мен театр сыншыларының қарасы қалыңдау көрінді. Талғампаз көрермен арасынан белгілі өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейісті кездестіріп, «Ұлпан» туралы пікірін сұрадық. Театртанушы қойылымды алдағы маусымда тағы да тамашалағысы келетінін айтты, әйтсе де шығарманы әр қырынан көріп, талдауға машықтанған кәсіби маман алғашқы әсерін былайша әдіптеді.
Бақыт НҰРПЕЙІС: – Ұлы жазушымыз Ғ.Мүсіреповтің қуатты қаламынан туған айтулы шығарманың сахналық нұсқасын жасаған режиссер Г.Балпейісова роман оқиғасын тұтас қамтуды қажет етпегені аңдалады. Ол спектакль атын «Ұлпан. Қыр суреттері» деп атап, Есеней мен Ұлпанның алғаш кездескен кезінен бастап Есеней қайтыс болғанға дейінгі аралықты алған.
Шымылдық ашылған кезден бастап режиссердің бұл шығармаға мүлде басқа көзқараста келгенін аңғару қиын емес. Біріншіден, қойылым 3,5 сағат уақытты қамтығанымен де, залда отырған көрермендер жалықпай тамашалады. Мұның басты себебі – спектакль оқиғасының екпін ырғағы жылдам, бір оқиға келесімен сабақтасуымен байланысты болды. Режиссер сахналық әрекеті жеткіліксіз монологтер мен диалогтерге қимыл-қозғалыстар тауып, бөлек-бөлек оқиғаларды бір тартыс желісіне бағындырып, бейнелі мизансценалар түзген.
Спектакльдің символдық-метафоралық қатары – режиссер мен суретші Е.Есболатова жұмысының нәтижесін көрсетті. Сахна түкпірінен көрініп тұрған тау сілемдерінің төменгі жағындағы баспалдақтардың үстіне шығып тұра қалатын кейіпкерлер қап-қараңғы кеңістікте, ауада ілініп тұрғандай ерекше әсер қалдырады.
Қойылымдағы боранды дала, базар, моншаға түсу, әйелдердің босануы, ағаштан салынған үйдің өртену кезіндегі сахналық эффектілер режиссер тарапынан дұрыс табылған. Түтін шашатын машинадан будақтаған түтін кейіпкерлердің көңіл күйін беруге ерекше көмектесті. Осы сахналардағы түрлі-түсті жарықтың құбылуы да, спектакль атмосферасын тудырудың басты тетігіне айналды. Бұл жарық суретшісі Н.Туманян жұмысының жемісі екені сөзсіз.
Жаңа театр эстетикасында қойылған аталған қойылымның стилистикасы театрлық шарттылыққа құрылуы актерлерден өз бейнелерін толыққанды әрі түсінікті етіп жеткізуге ықпал етті. Сонымен қатар актерлердің суырыпсалмалыққа баруына мүмкіндік бергенін атап айтуымыз қажет.
Қойылымды көруге келген көрермендерді «Ұлпан» романын оқып келгендер және роман мазмұнын білмейтіндер деп екіге бөліп қарастыратын болсақ, онда сахнадағы Ұлпан бейнесіне қатысты екі түрлі ой туатыны анық. Жас Ұлпан рөлін сомдаған Рабина Белгібаева кең далада еркін өскен арудың қайсарлығын, ептілігін, аң аулап кете беретін батылдығын көрсетуге ерекше мән берген. Режиссерлік интерпретацияда Есенейдің Ұлпанға ғашық болатын сәті айқындалмаған. Сол тәрізді Ұлпан мен Есеней сөйлесетін сахналарда ішкі драматизм жетіспейді. Ұлпан шектен тыс ұшып-қонып, желпілдеп, алабұртып жүргендіктен, романда суреттелген қыздың ақылдылығы, көркем мінезі тасада қалып кеткен.
Ұлпанның есейген шағын кескіндеген Толқын Нұрбекова ойынында да бірсыдырғылыққа жол берілген. Режиссер ел тағдырына батыл араласып, әлеуметтік құбылыстарды өзінше барлап, соған жіті араласатын Ұлпанның кесек мінезін даралай алмаған. Біз көрген Ұлпанның бойынан ел анасы дәрежесіне жеткен ірі тұлғаға лайық сырмінезділік пен байсалдылық жетіспейді. Актриса алдағы уақытта кейіпкердің ішкі толғаныстары мен ой арпалыстарын дауысын құбылтып, психологиялық тереңдікпен беруге мән берсе, көп ұтар еді.
Қорыта айтқанда, бүгінгі қоғам өміріндегі өзгерістер сахна өнерінен де жаңалықтар тілейтінін ескерсек, театр ұжымының аталған қойылымы режиссерлік тың ойларымен, өзіндік тұжырымдарымен, көркемдік стильді сезінуімен, кеңістікпен және дыбыспен жұмыс жасай алуымен ерекшеленді.
АЛМАТЫ