АСТАНА. 23 қаңтар. Теннистен Австралия ашық біріншілігінде сынға түскен Зарина Диас үшінші айналымда Мария Шараповаға 2:0 (6:1, 6:1) есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алғаш болып допты ойынға Зарина қосты. Тәжірибелі Шарапова салған беттен біздің қыздың адымын аштырмай, төрт гейм қатарынан ұпай алды. Тек, бесінші геймді ғана Зарина өз пайдасына шеше білді. Артынша қатарынан екі мәрте ұпай алған ресейлік теннисші бірінші сетте 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Екінші кезеңді Зарина жеңіспен бастады. Қарсыласының добын өз пайдасына шешкен қазақ қызы ойынның қалған бөлігінде бұл қарқынын жоғалтып алды. Нәтижесінде бірінші сеттегі жағдай айна-қатесіз қайталанып, Шарапова тағы да 6:1 есебімен басым түсті.
Бұл - әлемнің 2-ракеткасы, 27 жастағы Мария Шарапова мен Зарина Диастың кортта алғаш кездесулері. 21 жастағы біздің қыз әзірге WTA рейтингінде 31-сатыда тұр.
Зарина өткен жылы да Австралия ашық біріншілігінде үшінші айналымға дейін жеткен болатын. Аталмыш сында оның жолына румыниялық теннисші, бүгінде әлемнің 3-ракеткасы Симона Халеп тосқауыл болды.
Биылғы нәтижесінен кейін Заринаның әлемдік рейтингтегі орны өзгеріп, бір-екі саты төмен түсуі мүмкін. Десек те, отандық тенниссүйер қауымға тамаша көңіл-күй сыйлаған қызымыздың уақыт өткен сайын шеберлігі артып келеді. Сондықтан алда болатын жарыстарда намысты қолдан бермейді деп сенеміз.
Төртінші айналымға шыққан Шарапова аталмыш кезеңде қытайлық Пэн Шуаймен шеберлік байқасады. Турнирдің 21-ракеткасы саналатын қытай қызы да үшінші айналымда тағы бір теннисшіміз Ярослава Шведованы жарыс жолынан шығарды. Нақты айтар болсақ, П.Шуай қазақстандықтан 2:0 (7:6 (9:7), 6:3) есебімен басым түсті.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: ausopen.com.