Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында «Әлия» көркем фильмінің түсірілімін тоқтата тұру туралы таратылған ақпаратты түсіндірді.
Сала басшысы министрлік халық батырының ерлігін баяндайтын фильмнің үлкен экранға шығуына мүдделі екенін атап өтті. «Әлия» фильмі біз үшін маңызды болып қала береді. Бұл – жалпы бюджеті 900 млн теңгеден асатын ауқымды жоба, оның 450 млн теңгесі – жеке инвестиция, ал қалған соманы кинокомпания мемлекеттік бюджеттен алуды жоспарлаған. Осы маусымда фильм түсіруді жоспарлап отырған топ Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған питчингке қатысып, мемлекеттік қолдауға үміткер картинаның сценарийін ұсынды. Ведомствоаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша қаржыландыруға 18 жоба ұсынылды, оның ішінде «Әлия» фильмі де бар», деп түсіндірді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, кейіпкер есімін ел жадында жаңғыртудағы жоғары жауапкершілікті және фильмнің көрермен үшін маңыздылығын ескере отырып, кинокомпания мемлекеттік қаражатты ұтымсыз пайдаланбау үшін конкурсқа қатысуды уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдаған.
«Бұл шешім жобаны кешіктірудің жоғары қаупімен байланысты, өйткені түсірілімнің негізгі бөлігі Беларусь Республикасының аумағында соғыс қимылдарының көріністерін түсіру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта бұл ел басқа жобалардың, негізінен ресейлік жобалардың жоғары жүктемесіне байланысты қажетті табиғи алаңдарды ұсына алмайды. Сол себепті табиғи декорацияларды пайдалану кестесін келісе алмадық, осыған байланысты мерзімдерді бұзу және жобаны уақтылы аяқтамау қаупі туындады», деп атап өтті министр.
Аида Балаеваның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысының табиғи алаңдарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды, бұл түсірілім сапасын сақтап қана қоймай, фильмнің мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Мұндай шаралар көрерменнің үмітіне сай және кейіпкерді еске алуға лайықты фильм түсіруге көмектесетініне сенімдіміз. Жобаны қаржыландыруға қатысты мәселе жоқ, біз фильмді уақытында аяқтауға және оны үлкен экрандарда көрсетуге бар күшімізді саламыз. Министрлік «Әлия» жобасына, тарихи жады мен ұлттық мұраны сақтауға бағытталған басқа да бастамаларға барлық қажетті қолдауды көрсетуді жалғастырады. Әлия Молдағұлова туралы фильм еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиға болатынына сенімдімін», деп түйіндеді министр.
Айта кетейік, толықметражды көркем фильм Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына орай жоспарланған еді. Кинокартинаның режиссері – Ален Ниязбеков. Сценарийін мәскеулік журналист, тележүргізуші әрі актриса Алена Кулешова жазды. Жобаның бас продюсері және сценаристерінің бірі Александр Шуховқа фильм түсіру идеясы 2019 жылы келген.
Еске салсақ, биылғы Ұлттық киноны қолдау орталығының конкурсына анимация, деректі, ойын фильмдері санаты бойынша 465 өтінім тіркелген. Бірінші кезеңде 101 сценарий келесі кезеңге жолданса, екінші кезеңде 87 жоба іріктелді. Ал питчингте 29 киножоба Сараптама кеңесінің оң қорытындысына ие болған.