• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 20 Тамыз, 2024

Үміт пен күдік: Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмі үлкен экранға жол тартты

121 рет
көрсетілді

Елордада Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» атты ав­торлық фильмінің тұсаукесері өтті. Аталған кинокартина алғаш рет 2022 жылы Германиядағы Олденбург халықара­лық кинофестивалінде көрсетіліп, «Кино рухы» сыйлығымен марапатталған. Арт-мейнстрим стиліндегі фильмді жұрт­шылық тек екі жылдан кейін көргелі отыр.

Он бестен астам әлемдік ма­рапатқа ие болып, тәжірибелі сыншылардың бағасын алған туындыны Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен «Gol­den Man Media» компаниясы жа­рыққа шығарған.

Ақ пен қарасы қатар өрілген өмірде түрлі тағдыр бар. Киноның аты айтып тұрғандай, мұнда да тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қаны бір бауырлардың өмірі суреттеледі. Жан жүрегіңді шымырлататын картина өзгермейтін туыстық, бауырлық, отбасылық көзқарасты, жоғалған мейірімді іздейді. Жауапсыз ата-ананың кінәсінен қатал тағдыр әр жағаға лақтырған жасөспірімдердің «бауырым, қаным» деген қажыр-қайраты таңғалдырады. Жан-жаққа тарыдай шашылған отба­сы... әкесін іздеген бала... жа­рым­жан жү­рек...үміт жолында адасқан тағ­дыр...жасалған қыл­мыс. Жас ре­жис­сердің дебют­тік картинасы қоғам­дағы осындай шиырланған шытырман оқиғаларды су­реттейді.

Иә, жаңа туындыда Балалар үйінен шыққан жасөспірімнің басынан кешкен қиындықта­ры баян­далады. Күтпеген жерден туған бауырын тапқандағы қуанышы әсерлі бейнеленген. Бұл кездесу ағайындылардың бірі­гіп, әкесін іздеуімен жалғасады. Қолында – бір сурет пен әкесінің аты-жөні ғана. Жолда – шым-шытырық оқиға, талайлы жол. Екі бауырдың іздегені – мейірім, олар да жақсылықтан, жақсы өмірден үміт күтті. Осы бір үміт, көздеріндегі жарық қия жолдан өткізді. Қолдарын да былғатты. Шекараны жаяу асып жетті. Алайда жақсы өмірге жетектеген үміт бір-ақ сәтте кек пен қылмысқа айналды.

Фильм режиссері туынды ар­қылы бауырлық сезімді көрсеткісі келгенін айтады.

«Мен үшін кино – айна. Ол айнадан өзімізді, қоғамды көре аламыз. Бұл киноның негізгі идеясы – бауырлық байланыс. Ағайындылар бір-бірі үшін қандай істерге, қандай тәуекелге бара алатынын көрсеткім кел­ді. Сондай ыстық, сондай бекем, сондай биік бауыр­лық сезімді экрандау бұрыннан ойымда жүрді. Сәті де түсті», дейді режиссер.

Сондай-ақ ол алдағы жоспарын да атап өтті.

«Ағайындылар» пандемияға байла­нысты іркіліп қалды. Кейін фестиваль­дерге ұсынылды. Одан бері екі фильм түсірдім. «Жаза» – өмірде болған оқиғаның же­лісінде түсірілді. Тақырыбы – жемқорлық, парақорлық. Бұдан бөлек «Шекер» сериалының толықметражды нұсқасын жасадым», деді ол.

«Мен үшін көпшіліктің берген бағасы маңызды. Өйткені киноны, ең алдымен қазақ көрермені үшін түсіремін. Ал фестиваль қосымша марапат, қолдау деу­ге болады. Осы кинода басты рөлді сомдаған екі актеріміз «Үздік дебют» аталымы бойынша «Азия Оскарын» жеңіп алды. Кастингке келгенде екі жігіт те студент еді. Бұған дейін киноға түспеген. Соған қарамастан, бас­ты рөлді сеніп тапсырдым. Кө­ріп тұрғандарыңыздай, үмітімді ақтады», дейді Дархан Төлегенов.

Кинокартинада Дулыға Ақ­молда, Әлішер Ис­маилов, Айбар Салы, Азат Жұ­маділ, Жанель Мақажан басқа да актер­лер ойнайды. Түсірілім жұмыстары Ақтау қаласында өткен. Оған бас-аяғы екі ай уақыт кеткен.

Сондай-ақ тұсаукесер барысында сөз алған «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» АҚ басқарма төрағасының кеңес­шісі Зарина Баянова алдағы жарыққа шығатын туындылар туралы айтты.

«Отандық кинематографияны дамыту керек. Көрермен комедия жанрындағы туындыларды ғана емес, авторлық киноны да жоғары бағалайды. Барлық жастағы көрерменді отандық сапалы туындымен қамту маңызды. Сондықтан жыл соңына дейін тағы бірнеше киноны жарыққа шығарамыз. Жалпы, 18 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр», деді ол.

Айта кетейік, фильм 22 тамыздан бас­тап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіледі.