АСТАНА. 23 қаңтар. Бас Прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісі болып өтті. Онда 2014 жылдың жұмыс қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды. Мәжіліске Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев және Президент әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі Ерлік Кененбаев, Бас прокуратураның жанындағы қоғамдық кеңестің мүшелері және Парламент депутаттары қатысты.
Бас прокурор атап өткендей, прокуратура органдары үшін 2014 жыл Мемлекет басшысының жаңа қылмыстық-процестік заңнаманың іске қосылуына орай құқықтық жүйенің тиімді қызметін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өтті. Биылдан бастап құқық қорғау органдары қылмыстық сот өндірісінің жаңа моделі аясында жұмыс істеуде.
Сондай-ақ, прокурорлардың бар күш-жігері еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азамттардың, кәсіпкерлердің және мемлекеттің құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың мүдделерін қорғау, мемлекеттік бюджетті толықтыру, сыбайлас жемқорлық және экстремизм көріністеріне тосқауыл қою проблемаларына шоғырландырылды. Жалпы алғанда, прокуратура органдары алға қойылған міндеттерді жемісті түрде жүзеге асырды.
2014 жылы елдегі қылмыстық ахуалдың жақсарғаны байқалды – қылмыс жасау 5,2 пайызға, яғни, 359 мыңнан 341 мыңға дейін азайды. Аса ауыр қылмыстар 18,2 пайызға, ауыр қылмыстар 17,4 пайызға төмендеді. Оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, бопсалау, бұзақылықтар саны едәуір кеміген. Көше қылмыстары азайып, алкогольдік ішімдік ішіп және есірткі қолданып жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар саны кеміген.
Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар 395 мың заң бұзушылықты анықтап, оларды жоюға бағытталған шаралар қабылдады. 16 мыңға жуық заңсыз құқықтық актінің күші жойылды. 746 мыңнан астам азаматтың, оның ішінде 239 мың жасөспірімнің құқықтары қорғалып, қалпына келтірілді. 55 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 500 қылмыстық іс қозғалды.
Азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жалақы бойынша қарыздарды азайту жөніндегі жүйелі жұмыстар атқарылар істердің басым бағыттарының бірі болып қала бермекші. Былтырғы жылы 134 мың жұмысшының пайдасына 5 млрд. теңгеден астам қаржы өндірілді, оның ішінде 92 проблемалы кәсіпорындардағы сомасы 1 млрд. теңгеден астам қарыз толығымен өтелді.
Осы ретте 477 млн. теңге қарыздың өтелуін қамтамасыз етуге күш салған Қарағанды, Қостанай облыстарының және Алматы қаласы прокуратураларының жұмыстары ерекше аталып өтілді. Атырау облысының прокуратурасы аймақта жалақы бойынша ұзақ мерзімдік қарыздың мүлде болмауын қамтамасыз ете алды.
Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша белсенді жұмыс атқарылды.
Прокуратураның алып-сатарлыққа тосқауыл қою жөніндегі шараларының арқасында жалпы құны 980 млрд. теңгеден астам жер телімдерін мемлекетке қайтаруға қол жеткізілді. Мысалы, камералдық талдау жасау арқылы Астана қаласының прокуратурасы кадастрлық құны 575,7 млрд. теңгені құрайтын пайдаланылмай жатқан 255 жер телімін анықтаған, олардың ішінде 2,7 мың гектар жер бүгінде мемлекет меншігіне қайтарылды.
Есепті кезең ішінде прокурорлардың араласуымен заңсыз ұсталған мың жарымнан астам адам босатылған, 930 адамға қатысты заңсыз жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылған.
Құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қамтамасыз ету жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны 12,5 пайызға, яғни, 3 млн. 699 мыңға артты. 60 млрд. теңгеден астам әкімшілік айыппұлдар өндіріліп алынды. Айыппұлдарды өндіріп алу сомасы тұңғыш рет 60 пайызға жетті, ал осыған дейінгі 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 30 пайыздан аспаған болатын.
Кәсіпкерлікті жаппай қолдау, заңсыз тексерістерге тосқауыл қою жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Прокурорлар 10 мың бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғады, мемлекеттік органдардың 880 лауазымды қызметкері түрлі жауапкершілікке тартылды. Бизнесті тексеруге жарияланған мораторий тексерістердің жалпы санының 67 пайызға азаюына септігін тигізді. Әрбір прокуратурада жұмыс істейтін мобильдік топтар кәсіпкерлердің құқықтары бұзылуының 750 фактісінің жолын кесті.
Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау мәселелері ерекше бақылауда болды. Мемлекет бюджетіне 74 млрд. теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге дейін артық (2013 жылы 38,4 млрд.). Қызылорда облысының прокуратурасы «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамынан қоршаған ортаға нормадан тыс зиянды заттар шығарғаны үшін 17 млрд. теңге салық төлемдерін өндіріп алған.
Мемлекеттік сатып алу саласында белсенді жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде прокурорлар ел бюджетіне 1,4 млрд. теңгеден астам қаржыны өндіріп алды, 2,8 мыңнан астам лауазымды тұлға әртүрлі жауапкершілікке тартылды.
Енгізген актілері арқылы заңсыз 140 конкурстың күшін жойып, мемлекеттің экономикалық мүддесіне келер 25 млрд. теңгеден астам шығынның алдын алған Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарының прокуратуралары және Бас көлік прокуратурасының жұмыстарын Бас прокурор атап өтті.
Соттар бюджет алдындағы жалпы қарыздары 37 млрд. теңгені құрайтын жалған кәсіпорындардың мемлекеттік тіркеуінің күшін жою туралы прокурорлардың берген 307 талап-арыздарын қанағаттандырды. Аталған соманы жалған кәсіпорындардың контрагенттерінен өндіріп алу шаралары қабылданды.
Діни экстремизм мен терроризмге тосқауыл қою жұмыстары аясында 100 мыңнан астам интернет-ресурстарға мониторинг жасалды. Прокурорлардың және уәкілетті органдардың арыздары бойынша соттар 703 интернет-ресурстың өнімдерін заңсыз деп таныды.
Өткен жылы прокуратураға 294 мыңнан астам азаматтар мен заңды тұлғалар шағымданды, олардың ішінде 48 мыңнан астамы жеке қабылдауда болды. Әрбір өтініш бойынша тексеріс жүргізіліп, азаматтардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша 25 мыңнан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Прокурорлардың наразылығы бойынша 1405 адамға қатысты 1873 азаматтық және әкімшілік істер бойынша шыққан сот актілеріне қатысты үкімдер заңға сәйкестендірілді. Прокурорлардың араласуынан кейін мемлекет кірісіне 20,6 млрд. теңге, азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына 3,7 млрд. теңгеден астам, соның ішінде жалақы бойынша 1,1 млрд. теңгеден астам қарыздарды өндіріп алу туралы сот шешімдері орындалды.
Алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас прокурор жұмыстағы олқылықтар мен кемшіліктерді атап көрсетіп, қадағалау қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру бойынша кезек күттірмес ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар қабылдауды тапсырды.
Қылмыстық іс жүргізудің жаңа үлгісінің іске қосылуы кезеңіне құқық қорғау органдарының барынша тиімді бейімделуін қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет ретінде белгіленді. Тапсырмалардың уақтылы жүзеге асырылуы үшін облыс прокурорларына дербес жауапкершілік жүктелді.
Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың осал санатының әлеуметтік кепілдіктерін, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті және құқық бұзушылықтың профилактикасын, азаматтардың өтініштерінің сапалы және уақтылы қаралуын қамтамасыз ету тәрізді міндеттер атқарылатын жұмыстың келесі бір басым бөлігі болып қала бермек.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Стратегиясын жүзеге асыруға қадағалауды күшейту, экономиканы тұрақтандыру үшін Ұлттық қордан бөлінген бюджет қаражаттарын мақсатты пайдалануды қамтамасыз етудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру, экстремизм мен терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл қою, жедел-іздестіру қызметі, атқарушылық өндіріс саласында заңдылықты қамтамасыз ету, халықаралық құқықтық ынтымақтастықты одан әрі жандандыру мәселелері де қадағалаудың өзекті бағыттары ретінде белгіленді.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: Бас прокуратураның баспасөз қызметі.