• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 21 Тамыз, 2024

Дүйім ел күткен дода

170 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік көш­пелілер ойын­дарының дүбірі жақындап келеді.

Этноспорт аламаны 8 қыркүйекте салтанатты түрде ашылып, 13 қыркүйекке дейін жал­ғасады. 89 мемлекеттен келе­тін 2 мыңнан аса спортшы 21 спорт түрінен бағын сынайтын сайысқа дайындық қызу жүріп жатыр.

Бәйгетөбеде бәсеке жоғары

Этноспорт олимпиада­сында бәйге түр­ле­рі­нен елімізден қаты­са­тын тұлпарларды іріктеу кезең­дері аяқталды. Бәйге феде­рация­сының атқарушы директоры Ал­тай Бимен әр өңірде өткен іріктеу додаларына атбегілер ба­бын келістіре жаратқан жүйрік­терін қосып, айтулы аламанға жол­­дама олжалаған жандар әзір­­лікті пысықтап жатқанын жет­кізді.

«Дәстүрлі бәйге түрлерінен, яғни аламан, топ бәйге, жорға, құнан жарысынан іріктеу бір­неше кезең бойынша өтті. Бұған еліміздің барлық аймағынан атбе­гілер жүйрігін әкеп қосты. Бәйге түрлерінен әр кезеңде жүл­делі орындарға ие болған жүй­ріктердің иелері енді Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойын­да­­рында бағын сынап, ұлы ала­ман­да ат жүгіртеді. 2010 жыл­дан бері тұрақты түрде ұйым­­дастырылып, этноспорт олимпиадасы деп те атайды. Екі жылда бір рет өтетін додада атбегілер тұлпарларының сүрінбей, алдына қара салмай, топтан озып келгенін қалайды. Бұған дейін Қырғызстанда өткен көшпелілер ойындарында біздің атбегілердің баптап қосқан сәйгүліктері бәйгенің алды болды. Бұл жолы да сол межеден көрінуге барын салмақ», дейді А.Бимен.

«Қазанат» атшабарында бәйге түрлерінен сайыс 13 қыркүйекте өтеді. Құнан бәйгеге қатыса­тын тұлпарларды шабандоздар 11 шақырым қашықтыққа сынайды. Бәйге федерациясының ережесіне сай өтетін додаға қо­сылатын шабандоздардың жасы сегізден асуы міндетті, салмағы да 26 кг-дан жоғары болуға тиіс. Құнандардың да жасы екіден асуы керек. Яғни құнанға жасы жетпейтін тай не болмаса дөнен шыққан жүйрікті додаға қоспайды. Шетелден келе­тін қатысушылар құнан бәйгесіне үш тұлпар, үш шабандоз қосады. Аттарды баптайтын үш бапкер және бір команда жетекшісі болады. Еліміздің атбегілері үшін жолдама саны – алтау. Республикалық іріктеу кезеңінде топ жарған алты құнан бәйгеге түседі.

Кесе тұяғымен көкжиекті шаңға көметін аламан бәйгені тақым қысып күтушілер көп. Себебі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бас бәйгесін олжалаудан қырғыз атбегілері де дәмелі. Олар да аузымен құс тістеген желге жеткізбес жүй­ріктерін жаратып әкелмек. Әсі­ресе қалың көпшілік қыр­ғыз жерінде өткен аламан бәй­гелерде иесінің мейманасы тасып пәтер, көлікке ие болып, қомақты қаржылай сыйақыға кенелген Қарақыз атты тұлпардан үміт күтеді. Шашасына шаң жұқпайтын жүйрік еліміздегі дүбірлі бәйгелерде де аламанның алды болып, даңқы жайылды. Көршілес Ресейден де атбегі­лер Дүниежүзілік көшпелілер ойын­­дарына жүйріктерін қосу­ға қам жасап отыр. Бәйге феде­рациясының ережесіне сай өткі­зілетін аламанда 8 жастан асқан шабандоздар тақымда­ған тұл­парлар 25 шақырымды бағын­дырмақ. Аламан бәйгеге 3 жас­тан асқан тұлпарлар қосы­лады. Әр елден келетін делегация аламан бәйгеге тек үш аттан қосуға мүмкіндік алса, өзіміздің алты атбегі тұлпарына сенім артатын мүмкіндік туып отыр.

 

Шын жүйрікке тұсау жоқ

Атбегілер елімізге асыл тұ­қымды жылқы жануарын шетел­ден, әсіресе Еуропа мем­лекет­терінен әкеліп жүр. Таза қанды жүйрік жылқылардың әлемдік аукционына үнемі қа­тысып, тұлпар болар қылқұй­рықты тап басып танитын белгі­лі атсейіс Серік Маймақов Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындарына қаты­сып, аламан бәйгенің бас жүл­десін қанжығасына бөк­теру әр атбегінің арман-мақсаты дейді.

«Оның үстіне әр елден келе­тін хас тұлпарлар өзіміздің жүй­ріктермен бірге додаға қосылады. Жалпы жүлде қоры тым қомақты болмағанымен де, сайыстың даңқы мен мысы басым. Қырғыз елі 2014 жылдан бастап үш мәрте Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын ұйымдастырды. 2016 жылы Ыстықкөлдің жағасында, Шолпан-Ата қаласында өткен ІІ этноспорт додасының аламан бәйгесіне Сүлікқара деген тұлпарымды баптап апардым. Өз жерінде өтіп жатқан дүбірге толы көшпелілер ойын­дарында қырғыз атбегілері бас бәйгені өздері олжалайтынына бек сенімді еді. Оған бір себеп Сүлікқара Дүниежүзі­лік көшпелілер ойындарының ала­­манына қосылғанға дейін ірі бәйгелерде топ жарып аты жайы­ла қоймаған. Олар соны ба­ғамдады ма, аса қатты бәсе­ке­лес тұта қоймады. Шын жүй­рік­ке қашанда тұсау жоқ, ала­ман бәйгенің соңғы айналы­мына дейін топ ішінен суырылып шықпай, алдын ала дара­лан­баған тұлпарым мәреге жа­қын қалғанда жұлдыздай жүйт­кіп, өзгелерінен оқ бойы озып жеткенде қырғыз атбегілері кәдімгідей қызғанды. Сенсеңіз, аламан бәйгенің екінші жүл­десі де елімізден ат қос­қан ат­бегіге бұйырды. Айырқал­пақ­ты ағайындарымыздың мақ­таулы тұлпарына ұлы ала­ман­ның үшінші орны бұйырды. Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарының атағынан ат үркеді. Сондықтан да өз жерімізде өтетін бәйгеде атбегілер тұлпа­рының оза шауып, алдымен келуін тілейді. Бұл жолы да сәйгүліктеріміз сүрінбей, шабандоздарымыз жығылмай олжа салса дейміз», дейді С.Маймақов.

Белгілі атбегі жыл сайын Польша, Ресей, Германия, Фран­­ция елдерінде өтетін аук­цион­­дарға қатысып, жүйрік жыл­қыларды тап басып танып, сатып алатынын айтады. Биылғы Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарына Мамайқара тұлпарын қоспақ. Ресейден сатып әкелген тұлпары былтыр да дәстүрлі бәй­геден өткен айтулы аламан­дарда оза шауып, қомақты жүлде олжалағанын айтты.

«Мамайқара тұлпарымызға былтырғы қыста кесел жабысып ауырды. Екі өкпесі демігіп, тыныс алғаны қиындады. Жүдеп-жадап кетті. Өліп қалатын шығар деп қауіп етіп едік, жоқ, беті бері қарады. «Ат арыса – тулақ» деп осындайдан айтады екен бабаларымыз, қатты жадау тартып кетті. Содан оңалып жазылған соң жаздай бәйгеге қосылды. Былтыр тамыз айының соңын ала Абай облысы Таскескен ау­лында аламан бәйгеде жеке-дара келді. Одан кейін бір апта уақыт өткен соң, Жетісу жерінде Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толған тойда жүлдеге ілін­ді. Ертеректе он күн ішінде елі­міздің батысында бәйгеге қос­қанда, одан кейін шығыста болатын додаға салғанда сенімді болатын едік. Өйткені бұл жан­уар зар күйіне тез келеді. Былтыр ауырғаны айтарлықтай әсер етті деп те ойлаймын», деген атбегі тұлпарын көшпелілер ойындарының аламанында сынайтынын айтады.

Алматылық атбегі Ержан Ақтасов «Равшан» деп аталатын тұлпарымен топ бәйгеде қара үзіп келіп, жолдама алғанын айтады.

«Көшпелілер ойындарына алғаш рет жүйрік жаратып қосқалы отырмыз. Бағлан Нұр­босынов бұл тұлпарды Ир­лан­диядан сатып әкеліп еді. Өзі өте шыдамды, мінезді. Бұған дейін Алматыда ұшқыр бәйгеге қосып бағын сынап едік, жолы болмады. Тәуекел деп дәстүрлі бәйгеге қосып көрдік. Павлодар қаласында өткен көшпелілер ойындарына іріктеу сынында топ бәйгенің алды болып келді. Араға аз күн салып, Баянауылда академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толған тойда топ бәйгеге қостық, сенімді ақтап бірінші келді», дейді Е.Ақтасов.

Атсейіс Алматыда өткен ірік­теуде Сениорита атты құнаны үшінші орыннан көрініп, Дү­ниежүзілік көшпелілер ойындарына жолдама иеленгенін жеткізді. Бәйге түрлерінен не­гізгі бәсекелестік еліміздің жүйріктері арасында өрбиді деген пікірді алға тартты білікті маман. Дегенмен де қырғыз атбегілерінің баптауындағы тұл­парлардың да қарымды екенін естен шығармауды ескертті.

Алматы қаласында өткен іріктеудің екінші кезеңінде аламан бәйгеге 39 тұлпар қатысқан еді. Қалың жүйріктің арасынан озып шыққан үш тұлпарға Дү­ниежүзілік көшпелілер ойын­дарына қатысу жолдамасы бұйыр­ды. Соның бірі – Жамбыл об­лысы Қордай ауданы Сұлу­төр аулының тұрғыны Сәбит Әлі­бектің «Күрең аты». Дүбірлі додада екінші орын иеленген тұлпардың бабын келістірген атбегі Азамат Мырсалымов жүйрігін арнайы көшпелілер ойындарына қосу мақсатында баптап отырғанын айтты. Тіпті Алматы қаласында өткен іріктеу кезеңіне дейін басқа бәйгеге қосып, көп алдына шығармаған екен.

«Тұлпардың тектілігі шығар, соңғы айналымда тізгінді сәл босатсаң болды, қарқынға қар­қын қосып, арынын күшейтеді. Алдына қандай жүйрік түссе де сонымен құйысқандасып, тіпті басып озуға өршелене ұмты­латын қасиеті ерекше ұнайды. Көшпелілер бәйгесінің іріктеу кезеңіне қосарда қалайда үштікке енеді деп сенім артып едік, екінші орын иеленіп, мерейімізді асырды. Енді көшпелілер ойындарына алаңсыз әзірлік жүргіземіз», деді А.Мырсалымов.

Топ бәйгенің қатысушылары 18 шақырымға ат айдайды. Бәйге түрлерінде жылқы тұқымына ешқандай шектеу қойылмайды. Асыл тұқымды болса да, қолту­ма тұлпарлар да додаға түседі. Ал Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарында жорға жарысына қосылатын жүйріктер 9 ша­қырым қашықтыққа бақ сынай­ды. Еліміздің атбегілері негі­зінен көршілес Ресей мен Қыр­ғызстанда жорға баптап отырған атбегілерді басты бәсекелес санайды. Қарағанды облысының тұрғыны Дулат Байешовтің жорғасы Павлодар қаласында өткен іріктеу кезеңінде топ жарып, ұлы дүбірге қатысу мүмкіндігін иеленді.

Кейінгі жылдары дәстүрлі бәйге түрлері ғана емес, клас­си­калық ұшқыр бәйгенің де танымалдылығы артып, қызығу­шылар қатары қалыңдай түсті. Оған, әрине, әйгілі Кабирхан тұлпардың да тигізген үлесі зор. Алматы атшабарында бауырын жаза, қолтығын сөге дода­ға қосылып, танымалдылығы артқан тұлпар Ресейде де ұш­қыр бәйгенің алдын берген жоқ. Кейін араб елдерінде өте­тін әлемдік аламанға қосылып, жұлдызы жанды. Дүниежүзілік көш­пе­лілер ойындарында ұшқыр бәйгеге қосылатын тұлпарлар халықаралық таза қанды жылқы кітабына тіркелген, төлқұжаты бар ағылшын тұқымды жүйріктер қосылады. Ұшқыр бәйгенің әр қашықтық бойынша сайыстары «Qazaq Jockey Club» халықаралық қоғамдық ұйымының ережесіне сәйкес өткізіледі. Шабандоздарға арнайы киім кию міндеттеледі.

 

Шабандоз мәдениеті – елдікке сын

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында дәстүрлі бәйге түрлері Бәйге федерациясының жарғысына сай ереже бойынша өтетіні белгілі. Мұнда, ең алдымен, тәртіп, қауіпсіздік қатаң талап етіледі. Шабандоз балалардың басына дулыға киюі міндеттелмек. Сонымен қатар бәйге кезінде түр­лі қысастық жасап бірін-бірі ғай­баттауға, атын немесе шабандозды сабауға мүлдем рұқсат етіл­­мейді. Төрешілер атшабар алаңын айнала әр тұстан жіті ба­­қылап қадағалайды. Егер де ша­бандоз балалар тәртіпке бағын­баса, атбегілердің жөнсіз әрекетке барғанын байқаса, бірден жарыс жолынан шығарылмақ. Себебі Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дарын төрткүл дүние тамашалайды.

Ұлттық құндылығымыз да дәріптелетін дүбірлі доданың жоғары деңгейде өткені баршаға абырой. Бәйге федерациясы шабандоздарды өзге мемлекеттен келетін қонақтар алдында абыройлы болып, үлгі көрсетуге үндеп отыр.